ҚАЛАҒА НЕГЕ ҚҰМАР ҚЫР БАЛАСЫ?
Қалам ұшына іліккен бұл мақаланы жазарда «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген тәмсіл ойға дереу сап ете қалды. Шынымен де, сайын даладағы алтын бесік – ауылдың қаңырап қалуының қаупі басым. Ауылды гүлдендіру жастардың еншісінде емес пе? Олай болса, қыр баласы қалаға неге кетті?
Әуелі мәселе «жайлы тұрмысқа» келіп тіреледі. Тұратын үй-жай, киім-кешек, дүние-мүліктің жайлысын, көңілге қонымдысын іздейміз. Сол сияқты жастар да жанға жайлы мекен іздейді. Өркендеу мен өсудің нышаны қала деп, сол жаққа қарай жосылады. Қала қарқ қылады. Егерде қалтаңда қаражатың болса. Ауылда шаруашылықтың барлық түрі бар. Мал асыра, егін ек. Дегенмен, осы шаруашылықтың жетегінде жүрген жастар емес. Қара баланың қамы үшін еңбек етіп жүрген үлкендер. «Балам қалада жұмыс істейді» дейді. Оқып, диплом алып, мамандықпен қызмет қылса жөн-ақ. Қара жұмыс істеп, базар жағалап жүргендерді көргенде, «Айлығы шайлығы мен пәтерақысынан аспайтын ортада жүргенше, ауылдағы әке-шешеге қолғабыс қылмай ма?» деп пенде ақысына кіріп кетеніміз бар-ды.

– Ауыл деген жақсы ғой. Тер төгіп, еңбек етсең, бәрі – тегін. Дегенмен, ауылда түк қызық жоқ. Күніге қайталана беретін сол өмір. Күнделікті шаруаңды тындырғаннан кейін қолың бос. Бос жатасың. Сол жұмысты қалада да істеуге болады. Ақшаң болса, бәрі бар. Мектеп бітірген соң колледжге түстім. Мамандық бойынша жұмысқа тұруға мүмкіндік болмады. Еңбек өтілі керек деген желеумен сырғақтата берді. Содан ауылға барып, әкеме шөп шабысып көмектестім. Ішің пысады. Мал сатып, көлік алдым. Қазір қалада пәтер жалдаймын. Жеке көлігіммен адам тасып, күніне 20-25 мыңның аралығында ақша табамын. Қара басыма жетеді. Жер көресің, елмен сөйлесесің, ой-өрісің кеңейеді. Байланыс пен интернеттен мәселе жоқ, – дейді Камал Сейдімбек.
Сөзінің жаны бар. Жастардың бәрі бірдей ғылым мен білімнің жолында емес. Арасында мектеп бітірісімен қаланың қара жұмысына жегіліп, қала берді қарауыл болып жүргені аз емес. Жастардың жөңкіле қалаға кетуі – ауылда уақыттарының зая кетуінен. Барайын десе, мәдени қоғамдық іс-шараның, істейін десе, жұмыстың жоқтығы ауыл жастарының еңсесін түсіруде.
Жалпы ауылды көтеруде үкімет тарапынан түрлі бағдарламалар қарастырылып, жыл сайын жүзеге асып та келеді. Бірақ олардың көбісі ауылдың инфрақұрылымын дамытуға арналған. Жол, су, жарықтандыру, абаттандыру... Демалыс паркі, мәдени-сауық орындарын салу, байланыс және интернет жүйесін қалпына келтіру жұмыстары баяу жүруде. Технологиялар қарқынды дамыған тұста, адамның қажеттілігін қамтамасыз ететін салаға баса назар аударған дұрыс. Жыл сайын қыруар қаржы бөліп, бір көшенің жолы қайта-қайта жөнделуде. Одан ұтар тұсымыз қайсы? Ал ауыл жастарының сұранысы ескеріліп жатқан жоқ.
Жастарды ауылға тартуда да «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы жүзеге асып келеді. Көтерме жәрдемақы, пайызы төмен несие беріліп, алғашқы аяққа тұрып кетуіне жағдай жасалады. Сайып келгенде кез келген салада жастарға қолдау бар. Бірақ сонда да қалаға аңсары ауып тұрады. Ауылдан қала жасау мүмкін емес.
– Онсыз да еңселері түсіп жүрген жастарға ауылда қызық та қалмаған ғой. Қалада болса, мерекелік іс-шаралар жиі өтеді. Жастардың көңілді ортасы – қала болғандықтан бәрінің осында қалғылары келетін көрінеді. Жоғары білімің болса да, болмаса да, қаладан жалақысы мардымды жұмыс та табуға болады. Сондықтан да жастардың көбісі қазір қаланы жағалауда, – дейді Айтөре ақсақал.
Ауылды көркейту үшін игі істер атқарылып-ақ жатыр. Бірақ оның жастарға көмегі кем де кем. Жастардың бос уақытын дұрыс пайдалануды ұйымдастыру, олардың сұранысына сай жұмыс істеу, жастар бастамашылығын қолдау – бұл жастар саясатының өзекті мәселелерінің бірі. Ауыл – тәрбиенің тал бесігі, жастардың дүниетанымы, ойлау «ауыл» деген ұлттық тамырдан нәр алады. Ауыл қаладан кем емес. Қаладағыдай баспананы ауылда да тұрғызуға болады. Тек ауқымды, маңызы бар нысандар салу, ауылды ақпараттық технологиямен қамтамасыз ету ауыл тұрғындарының қолынан келмейді. Ол үшін тиісті деңгейдегі әкімдер жергілікті жердің халқын тұрақтандыру, жастардың ауылды жердегі үлес салмағын арттыруда кешенді жоспарлар әзірлесе. Сонда ғана жастар ебі мен есебін тауып, ауылдан да кәсіп ашып, еңбек етер еді.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ