Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жетік маман жат елге құмар

Жетік маман жат елге құмар

Елімізде білікті кадрлардың тапшылығы жиі сөз болады. Бірақ, Қазақстанда өз жұмысына жауапты, білігі мен білімі ұштасқан мамандар аз деу әбестік. Мұндағы басты мәселе – көптеген мамандардың шетелден нәпақа іздейтіндігінде. Соңғы деректер бойынша, елімізден өзге мемлекеттерге жұмыс іздеп кеткен мамандардың саны күрт артқан. Шетел асқан жоғары білімді мамандардың бүгінгі саны 10 жыл бұрынғымен салыстырғанда рекордтық көрсеткішке жетіпті. Бұған не себеп? Қазақстандық мамандар неге өзге елде қызмет етуге құмартып алды?
Қазіргі таңда шетел асып, білім алу, жұмыс істеу оңайға айналды. Сондықтан шығар, кейінгі жылдары сыртқы көші-қон толастамай тұр. Әсіресе жайлы өмір іздеген жастар жат жұрттан «жұмақ» іздеп, мұхит асып жатады. Көпшілігі «Кадрлар бәрін шешеді» деген сөзді жиі айтады. Оған тән мағына өте айқын. Бұл «кадрларға» мемлекеттік қызметкерлер де, ғылым қайраткерлері де, қоғамның шығармашылық бөлігі де кіруі мүмкін. Негізгі мәселе, кадрлар жиі мемлекеттің саяси, экономикалық және мәдени тұрғыдан дамуын­ анықтайтын қоғамның қабаты болып табылады. Бірақ, мемлекеттің ең талантты адамдары одан бірінші мүмкіндікте кетуге тырысатын болса, елді не күтеді? Соңғы жылдары Қазақстанда мұндай жағымсыз тенденция туралы көп айтыла бастады және мәселе барған сайын өткір сезілуде. Қазір, шын мәнінде де, әлем ашық, кім қайда тұрса да өзі біледі, білімді, білікті жанға барлық жерде жол ашық. Бұл фактор қазақ жастарының елін оңай тас­тап кетіп жатқан үлкен себептерінің бірі. Себебі, әр адам және маман өзін тиісті түрде бағалайтын, еңбегі мен білімінің жемісін көре алатын жерге ұмтылады.
Жалпы, жас әрі білікті мамандардың елден кетуі ауыл жастарының қалаға қарай үдере көшуімен мәндес. Ауылдағылар елді мекендерден тұрақты жұмыс, жоғары табыстың жоқтығынан қашады. Шет мемлекетке кетіп жатқандардың да себебі сол. Негізгі себептердің қатарында жұмыссыздық пен тұрғын үй мәселесі алдыңғы қатарда екен. Статистика комитетінің дерегіне жүгінсек, 29 жасқа дейінгі қазақ жастарының 32 проценті, яғни әрбір үшінші қазақ баласы шетелге кетуге бейіл екен. Бір өкініштісі, жат жерден «жұмақ» іздеген жастардың басым бөлігінің жасы 19 бен 25 аралығында екен. Мұндай жағдайда кімді айыптайсың? Отанына қызмет етуден бас тартып, қалтасының қамын ойлайтын маманды ма? Әлде елдің әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін мамандарға жағдай жасай алмаған билікті ме?
Қазақстандықтар неге Отанын тастап, шетелге кетуге асығады емес, неге Қазақстанда жастар ұмтылатын шетелдегідей жағдай неге жасамасқа деген сұрақ көпшілікті мазалайды. Себебі, шынымен де, «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер болмайды». Бірінші кезекте мемлекет жастарға тиісті түрде сенім білдірсе, олардың болашағын ойлап мемлекет пен қоғамдағы мәселелерді шешуге тырысса, елден кеткен жастар саны едәуір аз болар ма деген ой біздікі. Екіншіден, бала кезден бастап жастарды патриотизм мен еліне деген сүйіспеншілікке баулу. Егер ата-анасы кішкентай кезінен үкімет пен мемлекетке көңілі толмайтынын жеткізе берсе, баланың құлағына сол әбден құйылып қалады. Теледидардан мақтаныш сезімін оятатын емес, тек еліміздің кемшіліктері мен қоғамдағы проблемаларды көрсете беруді тоқтатпасақ, соны көріп өскен бала болашағын мұндай елде құрғысы келмейтіні анық. Сондықтан, жастардың шетелге кетуі сияқты мәселені шешу ең бірінші мемлекеттің, содан соң қоғамның бөлшегі ретінде әрқайсымыздың қолымызда.
Қазақ халқында «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген аталы сөз бар. Жүйелі сөзге тоқтаған қазақ ұрпағы қандай жағдай болса да, туған жер, туған топырақ үшін қызмет етуі шарт. Алайда бүгінгі уақыт талабы, нарық заманы ең алдымен, қалтаның қамын күйттеуге мәжбүрлеп отырғаны өкінішті.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
07 қыркүйек 2021 ж. 782 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031