Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АУЫЛДЫҢ АЖАРЫН АРТТЫРСАҚ ИГІ

АУЫЛДЫҢ АЖАРЫН АРТТЫРСАҚ ИГІ

«Ауылдан көшсең көш керуен, Қалада өрле өс мейлі. Ауылдан адам көшкенмен, Адамнан ауыл көшпейді» деп Сыр сүлейі, Шайыр Шынберген атанған ақын Шынберген Сүлейменов жырлаған еді. Киелі әрі қасиетті жерді жанын салып қорғаған бабаларға бүгінгі бар қазақ ұқсаса деген тілек жүректің төрінде.
Иә, өркениетті ел болу жолында тер төгудеміз. Соған сай жұмысты жүйелі жүргізсек, сөзіміз ісімізде көрінсе, қазақ жері түлеп, кемі толып, кетігі бүтін болар еді. Азаттықтың алғашқы жылдарындағы жағаласа келген жабайы жекешелендіру кезінде әлемдік нарық осылай деп, дамыған елдер қалада тұрады деп, қаншама ауылдың адамдары қалаға қоныс аударып жатыр. Тиісінше залалы мен зардабын тартудай-ақ тартып жатырмыз. Жастардың көзі ашық, көкірегі ояу болсын деп, қалаға кетіруге құштармыз. Ал керісінше, неге жастарды алып қалу жолын жасап, ауылды қайта жандандырып, түлетуге жұмыс жасамасқа? Ауылды сақтаудың, ажарландырудың жолы қандай дегенге айтар алғашқы уәжіміз де осы. Жастарды ауылда алып қалу.
Екінші мәселе, денсаулық мекемелерін «қорғап» қалу. Оны қорғай алмасақ, мұғалім мен дәрігерлер ауылдан кетуін жалғастыра береді. Осындай идеядан туған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының қандай нәтижемен аяқталғаны туралы ақпарат там-тұм.
Сол сияқты ауыл шаруашылығы жұмыс істеуге талпынғандардың ниетін тасқа тигізбей, ынтасын ояту қажет. Өнім өндіріп отырған жұрттың өнімі делдалдардан, ұры-қарылардан, барымташылардан қорғалса, ол ауыл халқы үшін үлкен қолдау болар еді. Өкініштісі, ауыл шаруашылық өнімдерін шикізат күйінде емес, өңдеп сату жағы әлі де кемшіндеу. Бір ғана мысал, елімізде жыл сайын 5 миллион тонна сүт өндірілсе, оның 27 проценті ғана өңделеді. Соның кесірінен «жабайы» сүт саудасы қызып шыға келеді. Керек десеңіз, шашыраған ауылды жерлердегі әр алуан тірлікті бірлестікке біріктіріп, арнайы кластер құрсақ ұтылмаймыз. Жеңіл өнеркәсіп тұралап тұр десе болғандай. Бұл саладағы отандық өнімдердің үлесі бар болғаны 10 проценті құраса, 90 проценті импорттық тауар.
Еңбек етпеймін деген қазақ жоқ. Еңбек ету, маңдай термен нәпақа табу қазақтың қанында бар қасиет. Оған кеңес дәуірінде еңбегімен танылғандардың талайды тамсандырғаны дәйек бола алады. Мысалы, бір ғана Шиелінің өзінен 41 Еңбек Ері шыққанын айтуға болады. Тек ұйымдастырудағы жүйесіздік, табан ақы, маңдай тердің ақталмауы жұрттың жүйкесіне тиіп отыр. Шынтуайтында, ауылдың ақиқатын сол әкімдерден артық кім біледі? Ендігі жерде ондайлар ауыл мен аудан арасын шаңдатып жиналысқа барып, үнсіз отырып қайтудан құтылуы керек.
«Ауыл – алтын бесік» деп ұрандап қана қоймай, жұрт жұмылып ауыл деп көз шырымын алса, ауыл деп оянса, қазақ тірлігі қапы қалмас еді. Сонда ғана байтақ даламызға жан бітер еді. Жабайы нарық келмеске кетіп, уақыт талабына сай, әлемдік бәсекеге лайықты жұмыс салтанат құрса, импортты азайтып, экспортты өркендетіп, көңілдегі алаңнан арылар едік. «Жаңа Қазақстанды» құруды қаласақ ең әуелі осы мәселелерді қаперге алып, «Ауыл – ел бесігі» екенін ұғындыра түсуіміз керек.
09 желтоқсан 2022 ж. 251 0