Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕРГЕН СӨЗ

МЕРГЕН СӨЗ

Дәл осындай тақырыпта №45 Ақ Орда мектеп-гимназиясында мемлекеттік қызметшілер арасында ­полиглот байқауы өтті. Шиелінің ауданының 95 жылдығына орай ұйымдастырылған шараның мақсаты – елдегі тіл саясатының іске асырылуына қолдау білдіру. Байқауға қатысушыларға қойылатын талаптар мен тапсырмалар қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгеру, тілдік қорларды әртүрлі жағдайларда пайдалану, ауызша түрде емтихандар тапсыру болды.
Бүгінде әлеуметтік-экономикалық, саяси-қоғамдық өзгерістер белең алған шақта жан-жақты білікті мамандар қажеттігі күн санап көбеюде. Тиісінше әр азамат өзгелердің мәдениеті мен тілдерін тез қабылдай білетін жан-жақты тұлға болуы шарт. Полиглот байқауының негізгі талабы да осы. Көп тілді жетік меңгеру болып табылады.
Интеллектуалдық сайысқа облыстық қоғамдық даму басқармасы, «Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Гүлбану Сембиева, «Өскен өңір» газетінің аға тілшісі Сұлушаш Мадиярова, №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназия директорының орынбасары Гаухар Сейдахметова қазылық етті.
Байқау «Аламан бәйге», «Ой қозғау», «Полиглот», «Шешендік шиырлары» деп аталатын төрт кезеңді қамтыды. Бірінші кезеңде қатысушылардың қазақ мәтелдерімен қатар үш тілді жетік меңгергені сыналады. Кезекті кезеңдерде әр қатысушыға түрлі тапсымалар беріліп, қазақ, орыс және ағылшын тілін білу деңгейі сынға түсті. Тыңдалым тапсырмалары да болды. «Шешендік шиырлары» атты төртінші тапсырма бойынша қатысушылар салт-дәстүрге, мақал-мәтелге қатысты шешен, билердің сөздерін тыңдап, ­жауап қатты.
– Полиглот – жыл сайын өтетін дәстүрге айналған сайыстардың бірі. Көптілді білім беру бағдарламасы жаһандану жағдайында бәсекеге қабілетті және тіл мәдениетін білетін ұрпақтың қалыптасуына ықпал етеді. Сол себепті де бұл сайыста үш тілді меңгерген мемлекеттік қызметшілерді анықтап, оларға әрі қарай қолдау көрсету мақсатында жиналдық, – дейді облыстық қоғамдық даму басқармасы, «Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Гүлбану Сембиева.
Мемлекеттік қызметшілер бір-бірінен кем түспейді. Алайда сайыс болған соң, бірі оза шауып, бірі шаң қабатыны белгілі. Қызу ­сайыста бірінші орынды «Тұран ауылдық округі әкімі аппаратының» бас маманы Нұрберді Бердімұрат, екінші орынды Байсын ауылдық мәдениет үйінің директоры Гүлшат Әбдімомынова және үшінші орынды «Жастар ресурстық орталығының» бас кеңесшісі Ынтымақ Қаппаров иеленді. Байқауда бағын сынағандар диплом, алғыс хатпен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
20 қараша 2023 ж. 137 0