Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАС АҚЫНДАР ЖЫРЛАДЫ

ЖАС АҚЫНДАР ЖЫРЛАДЫ

Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері ­Балтабай Әбдімомыновтың 110 жылдығы мен тыл ардагері Інәш Сәрсенбайқызының 100 жылдығына орай Байсын ауылдық мәдениет үйінде «Ғибратты ғұмыр» атты облыстық ақындар айтысы өтті. Жаңатұрмыс ауылдық округінің қолдауы мен клуб қызметкерлері ұйымдастырған жыр додасында Сыр өңірінің аудандарынан келген жас ақындар аламанға түсті.
Төрелік еткен топтың құрамында мәдениет саласының ардагері Исабек Байкенжеев, «Аудандық оқушылар үйі» КМҚК директорының оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рахметулла Жолтаев және Байсын ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәрсенбек Алшынбаев болды.
– Қазақ халқының өзге халықтарға ұқсамайтын бір ерекше қасиеті төкпе ақындығы. Бабалардан қалған асыл мұрамыз әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Осындай киелі өнерді қастерлеу – парызымыз. Себебі бұл өнер біздің ұлттық рухымызды көтеретін құндылық, – деді И.Байкенжеев.
Жастар молынан айтысты. Тақырыпқа қатысты мәселелерді кеңінен қозғады. Бұл айтыс көрермендердің көңілінен шыққаны сөзсіз. Айтыссүйер ағайынның қошеметі тиексіз тілмен тас жарған жас ақындарға шабыт бергені сөзсіз.
– Бұл облыстық ақындар айтысы көрерменнің көңілінен шықты деген үміттемін. Залда ине шаншыр орын болмады. Олардың бізге деген қошеметі, ыстық ықыласы ерекше сезіліп тұрды. Айтыстың деңгейі өсіп жатыр. Соған сай ұдайы іздену керек. Осындай айтысты өткізуге атсалысқан, ұйымдастырған жандарға айтар алғысым шексіз, – деді шиелілік ­Дильназ Ержігітова.
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, бәйге болғаннан кейін бірі озып, бірі шаң қабатыны әмбеге аян. Марапаттау алдында қорытынды сөз алған Исабек Байкенжеев бұл айтыстың кемшін соққан тұстары мен көңілге шуақ төккен жақтарын ұмыт қалдырмады.
Сонымен сөз сайысының қорытындысында жүзден жүйріктер анықталып, бас жүлдені қармақшылық ­Сырым Әділбеков жеңіп алды. Ал жерлесіміз Дильназ Ержігітова бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Қазалы ауданынан келген Бекзат Серіков місе тұтса, үшінші орынмен жаңақорғандық Мұхамедәлі Абдуллаев марапатталды.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
14 қараша 2023 ж. 174 0