Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЙМАҚТЫҚ ЖАС АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

АЙМАҚТЫҚ ЖАС АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

17-ші қарашада «Арман» мәдениет үйінде аудандық «Ішкі саясат бөлімі» және «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры!» атты айтыс өтті.
Аламан айтысқа 6 ақын қатысты.Суырып салма жырдың бәйгесіне Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, айтыскер айқын ­Кенжебай Жүсіп, аудандық оқушылар үйінің директоры, жырау ­Рахметулла ­Жолтаев, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» кеңесшісі Ынтымақ Қаппаров қазылық етті.
– Қазақ халқының өзге халықтарға ұқсамайтын бір ерекше қасиеті төкпе ақындығы. Бабалардан қалған асыл мұрамыз әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Осындай киелі өнерді қастерлеу – біздің парызымыз. Бұл өнер біздің ұлттық рухымызды көтеретін құндылық. Тәуелсіздігіміз жасай берсін, – деді Кенжебай Жүсіп.
Жастар тақырыпқа қатысты мәселелерді әзілмен кеңінен қозғады. Бұл айтыс көпшілік көңілінен шыққаны сөзсіз. Айтыссүйер ағайынның қошеметі тиексіз тілмен тас жарған жас ақындарға шабыт берді.
– Айтысымыз көрермен көңілінен шықты деп ойлаймын. Залда жастар, аға буын өкілдері отырды. Олардың қошеметі, ыстық ықыластары ерекше болды. Айтыстың деңгейі өсіп жатыр. Соған сай іздену керек. Бүгінгі аламанды өткізуге атсалысқан, тіл жанашырлары Ержан Әмірге, ­Кенжебай Жүсіпке, Рахметулла Жолтаевқа алғыс білдіреміз, – деді жас ақын Ержігіт Бекжан.
Көрерменнің көңілінен шыққан айтыстың қорытындысында бас жүлдеге аралдық Бексұлтан Орынбасаров лайық деп танылды. Ал бірінші орынға Шыңғыс Құдайберген, екінші орынға Ержігіт Бекжан мен қармақшылық Сырым Әділбек, үшінші орынға Бақдәулет Әбілдаев, Айқын Төлеген ие болды.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ

21 қараша 2022 ж. 215 0