Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Халқы жайлы – Майлытоғай

Халқы жайлы – Майлытоғай

«Гүлденсе ауыл гүлденеміз бәріміз». Осы сөзді айтқан алаш арысы Бейімбет Майлин қандай көреген десеңізші?! Шындығында, ұлан-ғайыр даламыздың сәні ауыл-аймақ емес пе?! Ел мен жердің тұтастығы осы ауылдағы ағайынның береке-бірлігімен өлшенеді. Өйткені үлкен қалаларға жөнелтілетін азық-түліктің басым бөлігі қарапайым ауыл еңбеккерлерінің қолынан шығады.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері сан алуан игілікті істер атқарылып келеді. Халықтың еңсесі көтеріліп, өрістер малға толды. Береке бастауының көзі ашылды. Ширек ғасыр аралығында әр адам өзінің іскерлік қасиетін қайрап, сан салада жетістікке жетіп үлгерді. Әлі де талай асу бағынбақ. Мәдени-рухани байланыс та жетіліп келеді. Қазір жұрттың барлығы «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» әлеуметтік желілер арқылы сан алуан жаңалықпен, әр елдің озық жетістігімен танысып, тұрмысқа қажетті заттарға тапсырыс бере алады. Соның арқасында болар, ел ішінде жақсылыққа, жарқын істерге ұмтылу басым.
Майлытоғай – Шиелінің шетінде жатқан ауылдың бірі десек те, даму көшінен шет қалған емес. 740-тан астам тұрғыны бар ауылда 12 шаруа қожалық жұмыс істейді. Аядай ауылда жыл сайын мал басы көбейіп, жылқы – 1127 басқа, мүйізді ірі қара – 2163 басқа, ұсақ мал – 6918 басқа, түйе – 10 басқа жеткен. Жыл ­сайын жәрмеңкеге өнімін жиып-теріп алып баратын майлытоғайлықтар биыл да 37 гектар жерге егін еккен болатын. Қара күз басталғаннан жинап алудың қамына кіріскен олар 30 тонна картоп, қауын, қарбыз, қызанақ пен асқабақты теріп алды. Осылайша нарық бағасынан 10-15 пайыз төмендетіп, халыққа ұсынды.
Ауыл тынысымен танысуды мақсат тұтқан соң әкімі Жандос Әбеновпен тілдескен болатынбыз. Ол:
– Халыққа жайлы орта қалыптастыру, тұрмыс сапасын арттыру бағытында Мемлекет басшысы жыл сайын түрлі бағдарламалар ұсынуда. Оны ауыл тұрғындарына түсіндіру үшін өзім үнемі ізденіс үстінде жүремін. ­Ауылда шешімі табылмаған мәселелер де жоқ емес. Мәселен, біраз жыл бұрын өртенген ­трансформаторды жаңаладық. Кеше «Анаға тағзым» аллеясымен спорт алаңына ауыл халқымен бірге 50 көшет отырғыздық. Алдағы уақытта да басқа мәселелерді кезең-кезеңімен қолға алатын боламыз. Қазіргі таңда ауылда 14 жеке кәсіпкер бар. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 6 азамат өз ұсыныстарын өткізді. Қолдау табылып жатса жұмыссыздық деңгейін түсіріп, сапаға көңіл бөлетін боламыз, – дейді.
Расында, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ауылдық жерлердің әлеуетін арттыру бағытында «Ауыл – ел бесігі», «Бастау бизнес», «Ауыл аманаты», «Дипломмен ауылға» сынды түрлі жобаларды қолға алып келеді. Оның игілігін көргендердің бірі Алтынбек Жұмаділов. Майлытоғайлық кәсіпкер істің көзін тауып, омарташылықпен айналысуды қолға алыпты. Бал арасын байлықтың көзіне айналдырған ол, «Іскер» бағдарламасы арқылы биыл 6 пайызбен несие алып, несібесін табуға кірісіпті. 4,5 млн қаржыға бал арасын және қажетті құрал саймандарға жұмсап, ауыл халқын табиғи таза өніммен қамтуды жоспарлап отыр.

Үйірменің үйретері көп
Балабақша. Мектеп. Мәдениет үйі. Үшеуі де балалардың уақыты текке кетпесе екен деп жанталасып жатқан сыңайлы көрінді, бізге. Бірі – тілі енді шыққан бүлдіршінді танып-білуге баулыса, енді бірі – сауатын ашып, сапалы білім беру үшін барын саламыз дес-ті. Ал мәдениет үйінің жанынан биылдан бастап би үйірмесі іске қосылған. Үйірмеде 30-ға тарта бала бар.
«28 қазан күні Қызылорда қаласында Дәурен Әбіровтың 100 жылдығына арналған республикалық «Қайнар бұлақ» би фестиваліне ауылдан 2 би үйірмесі қатысты. Нәтижесінде 4-6 жас аралығында өнер көрсеткен «Наз» би тобы 2-орын жеңіп алса, 10-12 жас аралығында өнер көрсеткен «Балауса» би тобы 3-орынға ие болды. Спорт саласы бойынша биыл ­ауылда жерлесіміз Марсбек Рүстемұлы атынан жаңа спорт алаңы ашылды. Ашылу салтанаты жоңғары деңгейде ұйымдастырылып, шағын футболдан ­Марсбек Рүстемұлын еске алуға аудандық турнир берілді. Нәтижесінде Майлытоғай ауылы жастары командасы жүлделі 1-орынды иеленді», – дейді ауыл әкімі.
Ауыл абаттанса, халық қанаттана түсері сөзсіз. Сондықтан әрбір бастаманы халыққа кеңінен түсіндіріп, тұрғындардың тілегін тыңдай білу – басшысына сын болмақ. Сол сыннан сүрінбей өтудің бір жолы Президент ұсынған «Халық үніне құлақ түретін үкімет» емес пе? Халықпен кері байланыс орнатып, атқарылған жұмыстарды ашық жариялап, БАҚ қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істеуді әдетке айналдырған Майлытоғай ауылдық округінің әкімі Жандос Әбенов сөздің емес істің адамы екенін аңғартты.

Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ

15 қараша 2023 ж. 196 0