Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МҮГЕДЕККЕ КЕРЕГІ – МҰҚЫМ ЕЛДІҢ КӨМЕГІ

МҮГЕДЕККЕ КЕРЕГІ – МҰҚЫМ ЕЛДІҢ КӨМЕГІ

Мойындайықшы, мүгедек десе, ойға бірінші келетіні – пандус. Бріақ мүгедекке керегі тек пандус емес. Әлбетте, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолайлы орта жасалуы қажет. Дегенмен, одан да маңызды дүние бар. Ол – қоғамның қамкөңіл жандарды қабылдауы, қажет етуі, бөле-жармауы. Алайда біздің қоғам өз қалыбынан өзгеше, басқаларынан бөлектеніп тұратын адамдарды қабылдай алмайтыны ащы да болса шындық. Онсыз да мүмкіндігі шектелген жанды қалыпты өмір сүруден шектейді. Мәселе неде? Адамда ма әлде қоғамда ма?
Тағдырдың маңдайына бұйырған ісін қара нардай көтеріп, еменнің иір бұтағындай мықтылық танытатын қайраты қайнап, қажыры толықсыған жандарды көргенде қайран қалып, таңдай қағатынымыз рас. Олар күн сайын түрлі кедергілерге тап болады. Сол үшін мемлекет кедергісіз аймаққа айналуға міндетті. Бүгінде ауданда 2348 мүгедектігі бар адамдар өмір сүреді. Оның ішінде І топтағы – 206, ІІ топтағы – 712, ІІІ топтағы – 900 болса, 7-18 жасқа дейінгі балалар саны – 343 (оның ішінде I топ – 34, ІІ топ – 61, III топ – 248), 16 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар – 187-ні құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіште айырмашылық бар. Мәселен, 2022 жылы аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандар 2349 болған. Оның 179-ы бірінші топ, 732-сі екінші топ, 926-сы үшінші топ. Ал 16 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар – 512-ні құраған.
– Осы жылы 1155 мүгедектігі бар адамдарға гигиеналық құралдарға өтінім қабылданып, жеткізілді. Нақтыласақ, жүріп-тұруы қиын 73 мүгедектігі бар адам кресло арбамен, 118 азамат тифлоқұралдармен, 20-сы сурдоқұралдарымен қамтамасыз етілді. Ал 364-і протезді ортопедиялық құралдармен қамтамасыз етілді. 252 мүгедектігі бар жан санаторияға өтінім беріп, оның 246-сы қанағаттандырылды. Қалған алтауының орындары броньдалып, ем көрсетілуі күтілуде. Сонымен қатар қимылында қиындығы бар бірінші топтағы 161 жанға жеке көмекші қызметі және естуі төмен 21-іне ымдау тілі мамандарының қызметі көрсетіліп жатыр. Жыл басынан бері халықты жұмыспен қамту орталығына 194 еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адам жеке оңалту бағдарламасына сәйкес жұмыссыз ретінде тіркелді. 34 азамат тұрақты жұмысқа жолданса, 41-і ақылы қоғамдық жұмыста, 3 азамат әлеуметтік жұмыс орындарында. 2022 жылдан өтпелі 5 азамат, 2023 жылы жолданған 3 азамат жастар практикасынан өтуге уақытша жұмысқа жолданып жұмыс істеуде. 93 азамат «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарын онлайн түрде оқып, сертификаттарын алды. Оның ішінде 20 азаматқа бизнес-идеяларды дамытуға қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді, – дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ағыбай Төлегенов.
Мүмкіндігі шектеулі адам – қоғамның толыққанды мүшесі. Шындығында солай болуы тиіс. Бүгінде бұл мәселенің де түйіні тарқатылуда деуге толықтай негіз бар. Мүмкіндігі шектеулі жандардың күні бүгінге дейін қалыпты қоғамнан оқшау өмір сүріп жатқанын жасыруға келмес.
Осы кезге дейін тұрақты түрде денсаулығын бақылап отыру, жағдайына қарай білім алуы, жұмысқа орналасуы, баспаналы болуы – барлығында кедергі болды. Ал ол олқылықтың орны түзеліп, ауданда қаншама қыруар жұмыстар жүргізілуде. Бақсақ, осы кезге дейінгі болған кедергі адам мен адам арасында. Оны жасап отырған мемлекет емес, мына, біз. Қоғамды қалыптастыратын «дені сау» адамдар. Оқу, білім алу, қызмет істеу, кәсіппен айналысуда жалпыға ортақ тәртіп пен талаптардың «жазылмаған заңын» бекітіп, оларды қоғамнан алшақтатын өзіміз болып отырмыз. Демек, басты кедергі көбіміз ойлағандай, пандустың жоқтығы, арнайы бағдаршамның болмауы, тағысын тағы емес, қоғамның, яғни, адамдардың қабылдауында жатыр. Бұл мәселе санаға серпіліс жасамай, жөнге келмейді. Біздің айтпағымыз осы.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергісіз орта қалыптастыруда кейінгі жылдары түрлі шаралар мен бағдарламалар қолға алынғанын айтпау ағаттық болар. Бүгінгі ортада мүгедек жандардың өздігінен жүріп-тұруына, қозғалуына біршама жағдай жасалған. Оны жоғарыда жаздық та. Бірақ бұл оларды әлеуметтік қорғау, күн көрісіне қажет заттармен, дәрі-дәрмекпен қамту, жәрдемақы мәселесін реттеу деңгейіндегі көмекпен шектелген. Бастысы деп бөле көрсетіп отырған адами қолдау – жоқ. Шынтуайтында, олардың да күтетіні осы емес пе?
– Мүмкіндігі шектеулі адамға жақындарының қолдауынан бөлек, қоғамның қабылдауы қашанда маңызды. Мүгедек арбасына таңылған адам сол күйінде қоғамға көрінуге жасқанады. Ол оған қиын. Қоғамда ондай адаммен қалай дұрыс қарым-қатынас жасау керектігін біле бермейміз. Осы тұста екі тарапқа да көмек қажет деп ойлаймын. Сол себепті де қоғамда мүгедек адамның беймарал бейнесін қалыптастыру қажет. Ақиқатында, мүмкіндігі шектеулі болса да, түрлі салада жетістікке жеткен адамдар көп. Соларды мысалға ала отырып, насихаттап, осындай бағдарлама жасау керек. Одан мүгедек адам жалғыз еместігін түсінеді, жігерленеді. Ал дені сау адам қолда бардың қадірін біледі, – дейді кент тұрғыны Эльвира Ахметова.
Бізге берген мәліметке сүйенсек, аудан ­бойынша ардагерлерге біржолғы жәрдемақы төлеу мақсатында 2023 жылға аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 28 сәуірдегі «Әлеуметтiк көмек көрсету, оның мөлшерлерiн белгiлеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындау Қағидаларын бекiту туралы» №2/6 шешімімен бекітілген қағидасына сәйкес, Ұлы Отан соғысының 1 мүгедегіне 8 млн 625 мың теңге, тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін марапатталған 2 тыл ардагеріне 207 мың теңгеден, 1941-1945 жылдары 6 айдан кем емес жұмыс істеген 249 тыл ардагеріне 138 мың теңгеден тағайындалған. Екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне, қайтыс болған ҰОС мүгедектігі бар адамдардың жұбайларына 3 ардагерге 138 мың теңге, Ауған соғысының 36 қатысушысы мен мүгедектеріне, ­Совет армиясының 13 мүгедегіне, Чернобыль АЭС апатының 27 қатысушысы мен мүгедектеріне, Семей сынақ полигонының 29 тікелей қатысушысына, Тәжік-ауған шекарасын қорғаудың 40 қатысушысы мен мүгедектеріне, Таулы Карабахтағы этносаралық қақтығысқа қатысқан 10 әскери қызметшіге, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операциясына қатысқан 1 әскери қызметшіге 138 мың теңгеден, ЧАЭС апаттың салдарын жою кезінде қаза тапқан адамдардың 6 отбасына және Ауғанстанда немесе басқа да ұрыс қимыл болған басқа да мемлекеттерде қайтыс болған әскери қызметшілердің 13 отбасына 34 мың 500 теңгеден төлем жүргізіліпті.
Тұрғындардың бәріне бірдей тең құқық, тең мүмкіндік қарастырылған ізгі қоғамның бір үлгісі өмір сүруге икемді инфрақұрылымынан көрінеді. Осындай игілікке қарай қадамдап жылжып келе жатқан елімізде мүгедектігі бар адамдардың мүдірмей жүріп-тұруына мүмкіндік жасап жүрген инватакси қызметінің шарапаты мол. Жақсыға тез үйренуге болмысы бейім жұртымыздың ендігі тілегі – осы көлік түрі көбейе түссе, нұр үстіне нұр болар еді. «Amanat» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын іске асыру мақсатында, 2021 жылдан ­бастап 2025 жылға дейінгі кезеңде «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын іске асыру шеңберінде ерекше қажеттілігі бар адамдарға бейімделу сапасы тұрғысынан пандустармен, бейімделген лифтілермен, дәретханалармен, көзі көрмейтіндерге арналған бағыттаушы белгілермен қамтамасыз етіп, жыл сайын 33 нысанды стандартқа сәйкестендіріп, бейімдеу ­жоспарланыпты. Тиісінше биыл жоспарланған 34 объектінің барлығы стандартқа сәйкестендіріліп, қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілген.
– Менің сал ауруға шалдыққан балам бар, – дейді есімін жасыруды сұраған ана. – Бұл туралы ашық айта аламын. Бірақ осылай айтып, басыма түскенді қабылдауым үшін біраз уақыт кетті. Өз көзқарасымды түзедім, көндім. Қазір кез келген жерге баламмен бара аламын, ешкімнің көзқарасынан түрлі әңгімесінен қашпаймын.
Бұл – ананың тағдыры. Ананың жеңісі десе де болады. Ол көшедегі біреудің көзқарасынан, балалар алаңындағы біреудің сөзінен қаймығып, тауы шағылған жоқ. Көзқарас өзгерсе, кембағал жандар өз жағдайынан қысылмайтын, мазаққа ұшырамайтын, қалыпты өмір сүретін қоғам туар еді. Онсыз да қалыпты өмір сүруден шектелген жандарды одан сайын шектемейік.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
15 қараша 2023 ж. 152 0