Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дактор тіркеу алаяқтардың арбауынан қорғайды

Дактор тіркеу алаяқтардың арбауынан қорғайды

Бұған дейін Қазақстандағы әр адамның жеке нөмірі болады дегенде, жұрт әрі қауіптеніп, әрі таңырқаған еді. Көп ұзамай, әрбірімізге ЖСН нөмірі бекітілді. Ал қазір 12 санды теріп жіберсеңіз, сол ЖСН иесі туралы ақпарат аласыз. Қарапайым адамның қолы жете бермес, құзырлы мекеме өкілі үшін әлгі 12 сан елдегі әр адамды тікелей бақылау құралына айналды десек, артық болмас. Енді міне, 2 айдан соң Қазақстандағы әр адамның саусақ таңбасын алу науқаны басталмақ. Осы орайда Шиелі АПБ-нің Көші-қон қызметі бөлімшесінің аға инспекторы полиция майоры Нағима Асылбековамен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Жаңа жылдан бастап азаматтарды міндетті дактилоскопиялық тіркеу енгізіледі. Айтыңызшы, бұл үрдіс қалай жүргізіледі?
– Иә, «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Заңды орындау үшін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтарды міндетті дактилоскопиялық тіркеу жүргізілетін болады. Жаңа Заңды халық дұрыс түсінуі керек. Біз тұрғындарды саусақ іздерін тапсыруға мәжбүрлемейміз. Бұл жеке басын куәландыратын жаңа құжаттарды ­(паспорт, жеке куәлік) алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінген кезде орын алады. Яғни, жеке куәлікті немесе төлқұжатты әртүрлі себептермен ауыстырған, оларды жоғалтқан кезде қалпына келтіру барысында іске асырылады. Дегенмен, саусақ белгілері жоқ ескі құжаттарды мерзімі өткенге дейін пайдалануға болады. Түсініктірек болсын, бұл дәл қазіргідей құжаттау үрдісіне саусақ ізін көшіру кезеңі қосылады деген сөз. Саусақ ізін таңбалау 5-10 минут қана уақыт алады.
– Дактор тіркеуді енгізудің қандай пайдасы бар? Бұл бізге не береді?
– Біріншіден, бұл шара заңсыз құжаттау фактілерін болдырмауға, құжаттарды қолдан жасауға, олардың иелерін алаяқтық және өзге де қылмыстық әрекеттерден қорғауға мүмкіндік береді. Мысалы, соңғы 10 жылда заңсыз құжаттаудың 1 мыңнан астам фактісі анықталды.
Екіншіден, бұл күнделікті өмірде де, жазатайым оқиғалар кезінде де жеке басын куәландыратын құжаттарды қалпына келтіру рәсімін жеделдетеді. Оның ішінде елден тыс жерде құжаттарын жоғалтқан азаматтардың жеке басын анықтау үдерісін және олардың Қазақстан Республикасына оралуын жеңілдетеді. Жеке басты куәландыратын құжаттарға қосымша дактилоскопиялық параметрді енгізу үшінші тұлғалардың, оның ішінде алаяқтардың арбауына түсіп қалмаудан қорғайды.
Үшіншіден, Қазақстан азаматтары үшін мемлекеттік шекарадан өту де барысы да оңайға түседі. Мысалы, паспорт чипінде саусақ іздері болса, шекарадан өткен кезде оларды қайта тапсырудың қажеті жоқ. Бұл бүгінгі таңда ең дәл биометрия.
Төртіншіден, Қазақстан Республикасының жоғалып кеткен азаматтарын, Қазақстан ­Республикасында тұрақты тұратын немесе уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды іздестіру процесін де жеңілдете түседі.
Бесіншіден, жеке басты куәландыратын құжаттарға саусақ іздерін енгізу дактилоскопиялық ақпаратпен мемлекетаралық қозғалыста жеке ­басты куәландыратын биометриялық құжаттарды дайындау бөлігінде ИКАО (ICAO) талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Азаматтардың саусақ іздері үшінші тұлғалар жасаған қылмыс орнында болмайтынына кепілдік бере аласыз ба?
– Әрине. 3D принтермен жасалған саусақ іздері саусақ үлгісін, пішінін, өлшемін қайталайды. Яғни, тек сыртқы құрылымды көрсетеді. Дегенмен олар «тірі» ізде бар жеке белгілерді пішіні, өлшемдері, ойықтары және т.б. көрсетпейді.
Сондықтанда қылмыс орнынан саусақ ізін микроскопиялық зерттеу кезінде бұл тірі адамның ізі немесе 3D басып шығарылған көшірмесі екенін бірден аңғаруға болады. Сонымен қатар, іздің тер тәрізді затына ДНҚ зерттеуін жүргізуге болады. Тіпті жоғары дәлдіктегі, қымбат 3D принтерлер адамның жеке басын анықтайтын саусақ іздерінің микроскопиялық белгілерін шығармайды.
Саусақ іздері туралы ақпарат электронды кодталған түрде мәліметтер базасында сақталады. Криминалистика саласындағы сарапшылар электронды іздерді материалдық объектіге ауыстыру мүмкін еместігін біледі. Сандық түрде сақталған саусақ іздері май сияқты қасиеттерге ие емес. Сондықтан электронды іздерді пайдалана алмайды.
Қазақстанда «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» және «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» екі Заң бар. Олардың қолданылуы дербес деректерді қорғауға байланысты құқықтық қатынастарды реттейді. Саусақ ізі ­туралы ақпараттың өзі жүйенің бастапқы кодымен қорғалған және оны тек жүйенің аппараттық құралдарының көмегімен шешуге болады.
– Жеке деректердің бұзылуы мүмкін бе?
– Жоқ. Себебі ІІМ деректер базасы құрылғаннан бері ондай жағдай орын алған емес. Саусақ іздері туралы ақпарат толығымен иесіздендірілген. Бұл дегеніміз, мәліметтер базасында тек сандық саусақ ізі моделі және бірегей идентификатор болады. Дербес деректер, Т.А.Ә және ЖСН жоқ. Жүйені иесіздендіру автоматты түрде жүреді. Қазір жүйені ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке сынау бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Бұл тексеруді ҰҚК мемлекеттік техникалық қызметі ЦДИАӨМ ақпараттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп жүргізеді.
Сонымен қатар деректерді рұқсатсыз кіруден қорғауға мүмкіндік беретін мәліметтер базасын шифрлау қолданылды. Мысалы, егер шабуылдаушылар қандай да бір деректерді алса, олар оны түсіне алмайды, яғни мағынасыз таңбалар жиынтығын алады.
– Бұл шаралар кімдерге міндеттеледі?
– Дактилоскопиядан 16 жасқа толып, төлқұжатын алатын барлық қазақстандықтар өтуі қажет. 12-16 жас аралығындағы жасөспірімдер өз қалауына байланысты немесе ата-анасының рұқсатымен өте алады. Ал 12 жастан кіші балалар бұндай тіркеумен қамтылмайды. Бұдан бөлек, Қазақстанда тұрақты түрде өмір сүретін шетел азаматтары, еңбек мигранттары мен босқындар Қазақстанда тұру үшін немесе азаматтығын ресімдеу кезінде осы процедурадан өтуі керек.
– Әлемдік тәжірибе нені көрсетеді?
– Мұндай заң жобалары әлемдік тәжірибеде бар. БҰҰ статистикалық бюросының деректері бойынша 2002 жылдан бастап 60-тан астам, ал 2009 жылдан бастап әлемнің 118 елі биометриялық тіркеуді енгізу бойынша ұлттық жобаларды іске асыра ­бастады. Мысалы, Германия өз азаматтарының толық биометриялық деректері бар көшпелі құжатты енгізген алғашқы Еуропалық Одақ елі. Ал Түркияда 2009 жылдан бастап шетелдік куәліктерді алатын барлық ересек азаматтарды кезең-кезеңімен саусақ ізімен тіркеу жүргізілуде. Осы уақыт ішінде 85 млн ересек тұрғындарының 20 млн азаматы тіркелген. Үндістанның 1,3 млрд тұрғынының 1,1 млрд адамы ­дактилоскопияланды. Бұдан бөлек, Қытайда да осындай заң бар екен. Ал ТМД елдерінің ішінде Ресей бірінші болып қабылдаған. Сондай-ақ, осыған ұқсас заң Беларусь, Өзбекстан, Молдова, Тәжікстанда қолданыста. Сол себепті жаңалықтан, жаңашылдықтан еш қорқудың қажеті жоқ.
– Барлығы түсінікті. Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
13 қараша 2023 ж. 179 0