Есірткі армандарды өлтіреді!
Арман әлде Есірткі?Екі сөзді қатар қоя отырып,есірткіге қарсы үндеу жолдағым келеді.
Арман – биік шың,тек мықтылар ғана,жолынан адаспағандар шығады.Ал есірткі -ессіздік,соңы– өлім.Ащы да болса шындық.Таңдау- өзімізде,жарқын болашақ әлде уақытша ләззат?Сен бүгін оқушысың,ертең арқа сүйер азаматысың.Саған отбасың,елің үміт артып отырғанда,қызығушылықпен басталып,тәуелдікке ұласып,аяғы өлімге апаратынын біле тұра,есірткіге қалайша жолайсың?!
«Армансыз адам–қанатсыз құс» демекші,қазір бай болсақ,елге қызмет етсек,зәулім үйде тұрсақ,шет елге саяхаттасақ деп армандаймыз.Өсе келе,шылым,ішімдіктен басталып,соңы есірткінің арбауына түскен жастар қанатын өздері кесіп,балалық армандарын өлтіріп жатқан жоқ па?Кешегі «ғарышкер,президент боламын» дегендер есірткімен уланып жүр,есірткіге ақша табамын деп,ұрлық-зорлыққа барғаны қаншама?Бұл жай ғана «бір рет көрейін» деген қызығушылықпен бастаған жастар.Болашақ ана,бүгінгі қызбала жаман әдетке әуестенсе,одан өсер ұрпақ қандай болмақ? Жастарының дені сау ел-ең бай ел. Қашанда елдің мүддесі жоғары тұрған,олай болса,Абайша айтқанда «...атыңды адам қойған соң,қалай надан боласың?»
Нашақорлық–қоғам індеті.«Маған қатысы жоқ» деп отыруға болмайды,есірткіге қарсы күрес жүргізу–бәріміздің міндетіміз.Жас дос,есірткіге есіріп,жанбай жатып сөнгенше,арманымызға адал болайық!
Шиелі аудандық Оқушылар үйінің «Жас суретшілер» үйірмесінің мүшесі Махамбетжан Мирас Маратұлы.