Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АТАКӘСІПТІ АТОЙЛАТҚАН

АТАКӘСІПТІ АТОЙЛАТҚАН

Жылқы туралы 10 қызықты дерек – syrboyi.kzБұрнағылар «Мал баққанға бітеді» деп сынаған. Оның түп төркіні қыста күннің ызғарына қарамай, жазда малдың ауру-сырқауымен алысатын бақташы тірлігінің қиындығын тұспалдайтындай.
Еңбекші ауылдық округі ауданымызға қарасты еңбекпен еңсе тіктеген мекен. Бүгінгі таңда ауыл экономикасы да едәуір артып келеді. Ал оған қолғабыс етушілер қатарына ауыл шаруашылығын дамытып, кәсіпкерлік ортаны жандандырып жүрген еңбеккерлерді ерекше айтуға болады. Бұл елді мекенде жылқы десе елең етіп, болайын деп тұрғанын жүрісінен танитын атбегі ағайындар баршылық. Мәселен, еңбекшілік Қайрат ­Мамреев қылқұйрықтының небір түрін баптап жүр.
– Жылқы өсіру – ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан кәсіп, – дейді кейіпкеріміз. – «Бақпасаң мал, қарамасаң қатын кетеді» деген сөздің жаны бар. Малың төлдеп, қораңды кеңейтуді ойласаң әр түліктің жағдайын жасау керек. Кез келген жұмысқа жаныңды беріп, жақсы көріп істесең ғана жетістікке жетесің. Жастайымнан мал бағуға араласа бастадым. Әсіресе, жылқыны жанымдай жақсы көремін. Бүгінде міне, соны тікелей кәсібіме айналдырып отырмын, – дейді.
Еңбекші ауылы атам заманнан ата кәсіпке бейіл. Түп-негізіне келер болсақ, жылқы өсіру, ат баптау, сәйгүлік жарату да – үлкен мәдениет. Қазақта дүниеге бала келсе, «ат ұстарым» келді деп, бала ержетсе «ат жалын тартып мінді» деп айтып жатады. Баланы ашамайға отырғызу дейтін де салт бар. Кішкентайдың өмірге келуі де, ержетуі де атпен тікелей байланыста болған. Әр қазақ үшін баласының атқа мінуі қуаныш, той болды. Түптеп келгенде, Қайрат Мәмреевтің атакәсіпті атойлатып, кең қанат жаюына құлшынып отырғаны да сондықтан.
Иә, жылқыны қоңдандырамын дегенше, қаншама еңбек пен маңдайдың тері керек. Таңның атысынан күннің батысына дейін жем-шөбін беріп, қора-қопсыны тазартып жүрген Қайрат осы кәсібіне шүкірлік айтады. Мал баптауға әбден машықтанған кейіпкерімізбен тілдесе ­отырып, біраз ақпаратқа да қанық болдық.
– Аттың бірқалыпты жай жүрісінің өзінде оған мінген адамның денесінде 110 түрлі тербеліс туады. Яғни, барлық буын қозғалысқа түседі деген сөз. Сол себепті атқа міну – адамға биохимиялық тұрғыда оң әсер етіп, ағзаны нығайта түседі. Жылқыға отырған сәттен бастап тақымға берілетін жылу қан айналымның жылдамдығын арттырып, бойдағы тараған қан саусақтың ұшына дейін айналып шығады, – дейді ол.
Бүгінде ауласына шағын қоражай тұрғызып, атакәсіпті жандандыруда. Жылқы малын өсіріп, отбасылық кәсіптен нәпақа тауып отырған Қайрат пен оның жары Гәккудің 3 перзенті бар. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Қайраттың қолынан келмейтіні жоқ. Еңбекшіліктер ғана емес, ауданның көлік жүргізушілері темір тұлпары бұзылып қалса, бірден Қайрат Мамреевті іздейді. Техниканың тілін жақсы білетін жігіт бұл шеберлігін де кәсіпке айналдырған. Бүгінде автосервис қызметіне сұраныс жоғары. Себебі көлік көп. Қайратқа кәсіп бастамас бұрын бұл нарықты зерттеудің қажеті болмады. Өзі осы салада бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандықтан, сұраныстың күн ­сайын артып келе жатқандығына көзі жетті.
«Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. Адал еңбегінің ақ майын татып отырған кейіпкеріміздің жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық дейміз.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
07 қараша 2023 ж. 183 0