Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАҢБАЛАҒАН ТИІМДІ МЕ?

ТАҢБАЛАҒАН ТИІМДІ МЕ?

Елімізде қыркүйектен бас­тап тағы бір заңның күшіне енгенін естіген боларсыз. Қолдағысы бар, қаңғыбасы бар, барлық ит-мысыққа белгі салынып, жеке сәйкестендіру нөмірі беріледі. Бұрнағыда көше-көшеде топ-тобымен жүретін ит-мысықты тиісті органдар атып, ал денесін арнайы пеште жағып жіберетін. Жаңа заңға сәйкес енді мұндай әрекеттерге барғандар жауапкершілікке тартылады. Ит-мысықты ұрып, түрлі қатыгездік қарекет жасағандар да қатаң жазаланбақ. Яғни, адамгершілікке жат қылықтарға жол берілмейді. Осы тұста қараусыз, қаңғыбас ит-мысықты атпаса, олардың қарасы көбейіп, қоғамға қауіп төнбей ме деген заңды сұрақ ­туындайды. Ал бұл мәселе қалай шешілмек?
АТЫП ЖҮРМЕҢІЗ. ӘЙТПЕСЕ...
Иә, қаңғыбас ит-мысыққа қатысты мәселе еліміздің қай түпкірінде болса да өзекті. Қаңғыбас иттен жұғатын инфекция қаншалықты жеңіл болса, соншалықты зияндығы бар. Сондықтан еліміз бұл іспен бұған дейін, яғни жаңа заң қабылданғанға дейін қалай күресті? Иесіз жүргендерді атып алып, арнайы пеште өртеп жіберетін. Бірақ сонда да қаңғыбас ит-мысықтың қатары кемімеді. Енді еліміз әлемдік тәжірибелерге иек артуда.
Бұрынғыша атып тастау әрекетіміз гуманизм тұрғысынан адамға жат деп танылды. Әйтпесе, қауіп төндіретін ­жануарды атып тастау бағзы заманнан бері бар екенін білеміз. 2000 жылдың басынан бері ит-мысықты ату ісі ветеринарлық қызмет қолына өткен екен. Оған дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы органдары құзырында болыпты. Бір қарасаңыз, жануарларға қамқорлық танытып, жараланғанына ем-дом жасауы тиіс мамандардың қолына мылтық ұстатып, ит-мысықты атуға итермелеп келгеніміз қисынсыз болғанын енді ұғынғандаймыз. Қазақстанда жыл сайын қаңғыбас ит-мысықты атуға 1 млрд теңгедей қаржы бөлініп келіпті. Енді жаңа заң бойынша бәрі басқаша. Сол үшін көшеде тентірегін ит-мысықты атып жүрмеңіз. Әйтпесе, қатаң жазаға ілігесіз.
Жаңа заңға сәйкес, бұрынғыдай атып, көзін құртудың орнына ұсталған ит-мысыққа екпе жасау, стерилизациялау және чип салып, сәйкестендіру жұмыстары жасалады. Сонымен «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» заңына сәйкес енді қаңғыбас ит-мысықпен күрес қалай жүргізіледі? Бірден ескертейік, еліміздегі барлық ит-мысық тізімге алынады. Қаңғыбасы да, иесі барлары да арнайы базада есепке енгізілуі тиіс. Демек, әрбір тұрғын ит-мысығын жетектеп, арқалап арнайы ветеринарлық пункттерге апарып, тізімге тіркейді. Айтпақшы, заңда міндетті тіркелуі тиіс жануарлар тізімінде ит-мысықтан бөлек, теңіз шошқасы, шиншила, күзен, сәнді егеуқұйрық, тасбақа, ергежейлі шошқа, ұстауға тыйым салынбаған атжалман және маймыл бар. Десе де, міндетті ретінде ит-мысыққа басымдық беріліп отыр.
Ендігі жерде біз қаңғыбас ит-мысықты арнайы уақытша ұстау орнына әкеліп, мұнда оларға мемлекет есебінен екпе жасалады. Стерильдеу жұмысы жүргізіледі. Содан кейін сәйкестендіру құралы тағылып, есепке қойылады. Арнайы орындарда 60 күнге дейін ұстауға рұқсат. Содан кейін ит-мысық қай жерден ұсталса, сол жерге жіберіледі екен.

Таңдау да бар
Бір жағынан қарасақ, әр нәрсенің иесі болғаны жөн. Себебі, әр нәрсенің сұрауы болады. Міне, осыны ескерген үкімет заң арқылы жұрттың жауапкершілігін арттыруды көздеп отыр. Кейбір ит-мысық иелері қолдағыларына тиісті қырағылық танытпай, өзгенің өміріне қауіп төндіріп жататыны жасырын емес. Осы тұрғыдан алғанда үйдегі ит-мысықты да есепке алудың пайдасы болады деп күтілуде. Мемлекет таңбалаудың түрлі тәсілін ұсынып отыр. Олар – асқазан-ішек жолдарына енгізілетін болюстар, білезіктер мен қарғыбаулар, электрондық белгілер, құлағының ортасына тағылатын сырғалар, татуировка, терінің астына салынатын чиптер. Міне, осы тәсілдердің ішінде соңғысын тұрғындар да, ветеринарлық дәрігерлер де жөн көреді. Себебі тіршілік иесіне тіпті зияны жоқ. Денесіне енгізгенде де еш ауырсыну болмайды. Шприц арқылы терінің астына кіргізілетін күріштің дәніндей-ақ заттың бар-жоғы да білінбейтін көрінеді. Тек арнайы құралмен сканерлеу арқылы анықтауға болады.
Саналы түрде салғызғандар табылады
– Тіркеуге әкелген үй жануарын біз суретке түсіреміз, оған қатысты барлық мәліметтерді базаға енгіземіз. Әрбіріне 30 минуттай уақыт кетеді. Егер жүйеде ақау болса, біраз күтуге тура келеді. Осы заңның енгеніне көп уақыт өте қойған жоқ. Тиісінше бағытта тыңғылықты түсіндірме жұмыстары жасалуда, – дейді ветеринариялық дәрігер Асұлан Асқарұлы.
Кез келген жаңашылдық енгізілгенде көпшілік оның тиімділігіне үрке әрі күмәнмен қарайтыны рас. Мұндай сәтті «уақыт көрсетер» деп бәрін алдағы күннің еншісіне тапсырамыз. Міне, еліміздегі ит-мысықты таңбалау, тіркеу науқаны осы сипатта өтіп жатқандай. Иесіз ит-мысықтардың санын реттеудің жаңа тәсілі қаншалықты тиімді болатынын мамандар да дөп басып айта алмайды. Әйтеуір, бұл жаңа заң адамдардың жауапкершілігін арттыруға оң әсерін тигізеді деген сенім бар.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ

06 қараша 2023 ж. 144 0