Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 50 мың тонна бақша дақылдары жиналды

50 мың тонна бақша дақылдары жиналды

Аудан тұрғындары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауына ерекше қолдау көрсетіп отыр. Өйткені Президент агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасау қажеттігін айтты. Алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуді міндеттеді. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру жолын да атап көрсетті.
Осы орайда Шиелі ауданында егістікті әртараптандырудың нәтижесінде 50 мың тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналғанын айта кетелік. Нақтырақ тарқатсақ, 406 гектарға егілген картоптан 310 центнерден өнім жиналса, 527 гектарға егілген көкеністен 325 центнерден өнім алынды. Ал 586 гектарға егілген бақшалық дақылдардан 20 мың 500 тонна өнім қамбаға түскен. Естеріңізге сала кетсек, аймақ басшысының арнайы тапсырмасымен жергілікті тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз етуін ұйымдастыру мақсатында көктем айларында 1520 гектар жер толықтай дайын күйінде үлестіріліп берілген болатын. Ерте көктемнен бастап қамданған қараша халық күзде ырысын жерден жиып алды. Бұл, біріншіден, базар бағасын тұрақтандырудың бірден-бір жолы десек, екіншіден аяқсуды үнемдеуге септігін тигізбек.
Иә, арнасына сыймай жататын Сырдың суы тартылғалы диқан қауымының алаңы көбейді. Себебі, аяқ судың тапшылығы шаруаның еңбегін еш етеді. Соңғы 30 жылда осы трансшекаралық су мәселелерін реттеуде ортақ нақты келісімнің болмауы тек агроөндіріс сипатында ғана емес, экологиялық мәселеге алып келе жатыр. Сондай-ақ егін алқаптарының аумақтары ұлғаюда. Мұның барлығы түптеп келгенде суды үнемдеудің өзектілігіне алып келіп отыр.
Биыл Шиелі ауданына сағадан 699,70 млн текше метр су бөлінген. Оның ішінде: егістікке – 579,70 млн текше метр, экологиялық қажеттілікке 120 млн текше метр су жұмсалған. Су жеткізіп беру үшін жыл басында 136 шаруашылықпен келісім-шарт жасалған. Аталған шаруашылықтардың еккен егіс көлемі – 17046 гектар. Оның ішінде негізгі күріш дақылы – 13000 гектарды құраса, бидай – 615 гектар, мал азығындағы дақылдар – 3120 гектар, бақша дақылдары – 636 гектар, басқа дақылдар – 31 гектарға орналастырылған. Осы аталған дақылдарды суғаруға жоспар бойынша 579,7 млн текше метр су қажет болды.
Ерте қамданғанның пайдасы болар биыл шиелілік диқандар өткен жылдардай шығынға ұшыраған жоқ. «Шиелі сушар» мекемесі ерте көктемде өз күшімен «02» каналының 3,8 шақырымы, «R-7» каналының 20 шақырымын тазартқан болатын. Ал республикалық бюджет есебінен «Жаңа Сұлутөбе» каналының 27 шақырымы, «L-6» каналының 12, «01» каналының 10, «R-8» каналының 14,6, «R-10» каналының 8, «Жаңа Бестам» каналының 10 шақырымы қазылған. Сонымен бірге ауданда су тапшылығының алдын алу мақсатында 22 каналды механикалық тазалау, 41 ұңғыманы жөндеу және бұрғылауға сорғы қондырғыларын сатып алу жұмыстарын жүргізілген. Қабылданған шаралардың арқасында жалпы вегетациялық кезең шығынсыз аяқталды. Оған қоса аудан көлеміндегі егіс алқаптарына 53 насос қондырғыларын орнатылып, диқан қауымның жайын басты назарда болды.
Шиелі ауданы бірегей мүмкіндікті тиімді пайдалануға дағдыланған. Алтын күрек соғып, қар көбесі сөгілгеннен қара күз түскенше шаруагерде дамыл жоқ. Егінін өсіріп, астықты орып, қамбаға құйып алған соң қыстың қамын ойлап, бақша дақылдарын молынан сатып алып сақтауға кіріседі.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
30 қазан 2023 ж. 119 0