Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихымыз – терең, Дәстүріміз – бай

Тарихымыз – терең, Дәстүріміз – бай

Ұлы Жаратушының шеберлігіне қайран қаласыз: мынау жалпақ әлемді, он сегіз мың ғаламды көрсін деп адам баласына көз беріпті; сол көздің қарашығын қорғап тұрсын деп кірпік беріпті; байқап қарасаңыз әр нәрсеге бір қорған бар, біздің тіл ұшымызда жүрген Тәуелсіздік деген тіркеске тәңірі теңгерімі тұрғысынан қарайтын болсақ – осы күнгі жиырма миллион қазақстандық осы қасиетті ұғымның қорғаны екен.
25 қазан – Республика күні. Егемендік туралы Декларация қабылданған күн.
Декларацияда: «Қазақ КСР-і Республика үлесіне сәйкес жалпыодақтық мүліктегі, оның ішінде алмас, валюта қорлары мен алтын қорындағы өз үлесіне құқылы, республика аумағында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге түрлері (хим., бактериолог., биолог., т.б.) үшін сынақ полигондарын салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салынады» деп жазылды. «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мен Президентке бағынатын, солардың бақылауында болатын өз ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын ұстауға Қазақ КСР-нің құқы бар» делінді.
Президент – Республиканың басшысы, ең жоғарғы әкімшілік-атқарушылық биліктің иесі ретінде танылды. Жер, оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкіл экономикалық, ғылыми-техникалық әлеует Республика егемендігінің негізін құрай ­отыр­­ып, оның ерекше меншігінде болатыны көрсетілді.
Декларациядағы бағдарлама негізінде 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды.
Осындай мереке тұсында тарихтан тағылым алу мәселесіне тоқталсам деймін. Бірінші кезекте қоғамдық санадағы өткенге қарайлау, барлық кінә мен кінәратты өткен заманға аудару мәселесінен арылатын уақыт жеткенін айтқым келеді.
Біз ХХІ ғасырға мүлдем бөлек болмыспен кірдік. Сондықтан өткенге салауат айтуымыз қажет. Болары болды. Өтетін нәрсе өтті. Артқа қараған тозады, алға қараған озады. Барлық жақсылық-жамандығымен өткен кезеңдерді тарих кітабының бедерлі бетінде қалдырып, енді тек алға қарауымыз керек. Өршілдікпен алға жылжуымыз керек.
Бұл үшін ең алдымен Сана азаттығы қажет. Біздің бүгінгі буын санасы азат болғанда ғана таудай істерді тәуекелмен атқара алады. Сол себептен қазіргі әрбір отандас өткен шаққа қарайлай бермей, бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен айналысқаны абзал. Дүниедегі барлық мемлекеттің даму жолынан белгілі: халықтық қалпыңды сақтау қажет пе – даму керек; экономиканы өркендету керек пе – даму керек; оқшауланбай өмір сүру керек пе – даму керек!
Ұлтымыздың жақсы қасиеттері жеткілікті. Тарихымыз – терең. Дәстүріміз – бай. Қабілет-қарымымыз – жақсы. ХХІ ғасырда әлемдегі алға озып кеткен 30 елдің қатарына қосылу үшін мұның бәрі аздық етеді. Ендігі мәселенің бәрі Ұлттың сапасына қатысты болмақ. Ұлттың сапалы көрсеткіші ең әуелі – еңбекқорлығымен өлшенеді. Еңбексіз ештеңе болмайды. Осыны терең ұғынуымыз керек. Мұны 41 Еңбек Ері шыққан өңір болғасын айтып отырмын.
Екінші кезекте – ұлттың орындаушылық қасиетіне көп нәрсе байланысты. Бізде сөзуарлық көп. Қызыл сөздің қырманын күнде қуырып, күбісін күнде сапыра бергеннен ешкім игілікті әкеп бермейді.
Оның орнына нақты іспен айналысқан жөн. Осы орайда әлеуметтік желідегі түрлі желсөз, желікпе жайттарға кететін жігерді күнделікті тірлік арнасына бұру қажеттігін ұсынар едім. Өмірге қажетті бюджеттік жоспарлау, оны қалыптастыру және орындау тәрізді өмірлік мәні бар тірлікпен айналысқан әлеумет өз игілігін өзі қалыптастырар еді. Сонымен бірге бізге орындаушылық қасиетті орнықтыру діттеген меже, көздеген мақсатқа жетудің тиімді де төте жолы болар еді. Тағы да Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтатын болсақ – «Ұлт жұмысы үлкен жұмыс: үлкен жұмысқа көп жұмыскер керек».
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Ел дамуына серпін беретін бұл құжат негізінен экономикалық сипатта өрбіді. Президент бұл туралы «Нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет», – деп нақты мақсат пен міндеттерді айқындап берді. «Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс», – деді.
Сыр өңірі, оның ішінде Шиелі ауданы мен үшін – туған топырақ, өскен өлке.
Ауданымыздың тарихы бай. Талай мықты тұлғалар шыққан жер. Еңбек Ерлерінің мекені.
Ел болған соң түрлі мәселе болады. Қазір су мәселесі өте өзекті. Су мәселесін ауыл шарушылығы, экология министрлігі сияқты тән емес салалардың қолынан алып, Мемлекет басшысы Су шаруашылығы министрлігін қайта құруы кеш те болса, орынды шешім еді. Енді алдағы уақытта су мәселесінде қырғыз, өзбек, тәжік ағайындармен мамандар тілінде сөйлесе алатын іздеуші бар. Бірақ талай жылғы иесіздіктің салдарын жою үшін уақыт керек, білікті мамандар да керек.
Ауданымыздың еңбеккқор халқы аман болсын! Қазақ Елінің өркендеуі жолында ел игілігі үшін бәріміз аянбай еңбек ете берейік!

Нұртөре ЖҮСІП,
Қазақстан Республикасы Парламенті
Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы
24 қазан 2023 ж. 209 0