Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сапалы қызмет маман міндеті

Сапалы қызмет маман міндеті

Төрт жыл бұрын Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасында оңалту бөлімшесі ашылған. Содан бері мұнда екі мыңнан астам науқас денсаулығын жақсартуға мүмкіндік алды.
Бұған дейін ем алу үшін шиеліліктер Қазақстанның әр түкпіріндегі оңалту орталықтарына баруға мәжбүр болды. Қазір бәрі басқаша. Неге десеңіз? Ауыл тұрғындары үйден алыс емес жерде емделуде. Барлық жағдай жасалып, қажетті жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Атап айтсақ, бөлімшеде 20, паллиативті көмек көрсетуге 10, күндізгі стационарда оңалту рәсімдерін қабылдау мүмкіндігін алу үшін 5 төсек-орындар бар.
Аудандық аурухананың оңалту бөлімшесінің меңгерушісі Актілек Даниярованың мәліметінше, өткен жылы бөлімшеде 668 адам емделді. Ал биыл тоғыз айда 415 науқастың денсаулығы қалпына келді. Науқастар емдеуді 10 күн ішінде, ал кейбір жағдайларда 14 күнге дейін қабылдай алады.
Оңалтудың негізгі бағыты – үш жылға дейін физиотерапиялық, кейін паллиативті қалпына келтіру тағайындалады. Мұнда негізгі назар дәрі-дәрмекпен емдеуге аударылады.Ш Қодаманов атындағы ауыл тұрғыны Алмас Нарымбетов төрт жыл бойы бөлімшеде ем қабылдап келеді. Оның айтуынша:
– Мен инсульт алдым. Алайда, оңалту бөлімінің медицина қызметкерлерінің арқасында қазір өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін. Көлік жүргіземін. Бұл үшін орталықтың ұжымына үлкен алғысымды білдіргім келеді, – деді жас жігіт.
Бөлімшеде 2 дәрігер, 10 медбике және 8 техникалық қызметкер ұйымшылдықпен жұмыс істейді. Олардың ішінде дәрігер Сейткамал Исламовты, мейіргер Мұхтар Сәрсеновті, медбикелер Шынар Бекзадаева, Баян Ниязханова және техникалық қызметкерлер Венера Кемелбаева, Алмагүл Баржақсиева, Базаркүл Жұмашеваны және тағы басқа да қызметкерлерді ерекше айтамыз.

Айнұр ИБРАШЕВА
23 қазан 2023 ж. 146 0