Қолы – шипа, сөзі – бал
Дүниеге сәби шыр етіп келмей жатып, тағдыры маңдайына жазылып қояды дегенді естіп жүрген боларсыз. Әр адамның тағдыры әртүрлі. Кейбіреулерге Алла тағдыр тауқыметін нығметтеп, үлкен сынақ береді. Сынақ та әрқалай келері анық. Сондай-ақ, Көбіне кемтарлыққа әсер етуші факторлар экологияның әсерінен, гинетикалық өзгерістен, ата-ананың зиянды заттарды пайдалануынан туындап жатады. Байыптап қарасаңыз, мүмкіндігі шектеулі балалардың қатары күн сайын артуда. ДЦП, дисплозия, тағысын тағы.
Әлемде 600 млн адам оңалтуды қажет ететін ауыр сырқатқа шалдықса Қазақстанда түрлі сырқатқа шалдығудың кесірінен мүмкіндігі шектелген балалардың саны 90 мыңға жуықтайды. Ал Шиеліде 86 балада ДЦП диагнозы, тағы басқа диагнозбен (травма,неврология) мүмкіндігі шектеулі 411 бала бар. Бұл балалар, ал оңалту орталығына мұқтаж ересектердің саны қаншама.
Оңалтудың үш түрі бар. Оның алғашқысы – медициналық оңалту. Медициналық оңалту адамның айырылып қалған функцияларын қалпына келтіру мақсатын көздейді. Сөйтіп кезең-кезеңімен емдеп, ағзаның мүмкіндіктерін қайта қалпына келтіруге тырысады. Әсіресе, психотерапия әдістері молынан қолданылады. Өйткені адам өз сырқатына байыппен қарап, онымен күресте өзінің ішкі жігерін жұмылдыруы тиіс. Ал әлеуметтік оңалтуда адамды тұрмысқа бейімдеу мәселесі тұр. Арнайы күн тәртібін белгілеу, отбасы мен айналасындағы адамдардың қамқорлығын ұйымдастыру тәрізді сансыз факторлар маңызды. Еңбектің де оңалтуға тигізетін үлесі зор. Ерекше жағдайдағы адамдардың кәсіби біліктілік алып шығуына қолғабыс жасау да өзекті. Қысқасы, оңалту ісі науқастың айырылып қалған мүмкіндіктерін қайта қалпына келтіруге жәрдемдесу мақсатын көздейді.
Оңалту орталығын тек мүмкіндігі шектелген балалар ғана қажет етпейді. Сонымен қатар, әртүрлі жас шамасындағы азаматтарға да үлкен септігін тигізеді. Себебі дүние дүрмегінде адамның басынан түрлі сынақтар өтеді. Мәселен, түрлі апаттардан аяқ-қол кемтарлығына душар болады. Қан қысымы өте қатты көрілетін жандардың ми, жүрек тамырларына қауіп төнеді. Жүрек талмасынан бір жақ дене істен шығады немесе қозғалысқа қауқарсыз күйге енеді. Сондай жағдайда оңалту орталығының көмегі үлкен.
Шиелі ауданында бірнеше оңалту орталығы бар. Соның бірі де бірегейі – аудандық ауруханадағы Оңалту және қайта қалпына келтіру бөлімі. Мұнда травма алған, инсульт алған, ұршыққа, омыртқаға, тізе, буындарға жасалған түрлі оңалтуды қажет ететін ота алған науқастар келіп, сырқатына қарай ем алады. Барлығы дәрігердің жоспарлы бақылауында болып, науқастарға тегін ем (портал бойынша) жүргізіледі. Аталған бөлімде отадан кейінгі қажетті жаттығу жасауға, қалыпты өмірге бейімдеуге арналған түрлі апарат-құрылғылар бар.
Оңалту бөлімінде 24 маман жұмыс жасайды. Оның 1-еуі дәрігер, 1-еуі психолог, 1-еуі логопед, 2-еуі дифектолог, 13-і мейіргер, 6-ауы тазалықшы. Мұнан бөлек, физотерапияда 1 ЛФК аяжаны, 1 ЛФК-инструктор, 1 массажист, 4 мейіргер маманы бар. Жалпы, мұнда ересектер мен балалардың денсаулығы үшін 20 реабилитациялық,7 паллиативті көмекке арналған палаталар бар.
Оңалту бөліміне жауапты дәрігер – Ақтілек Даниярова. Ол 2006-2012 жылы Қарағанды медициналық университетінің «Шығыс медицина» факультетін, одан кейін «Иглотерапия» мамандығы бойынша интернатураны тәмамдап, кейін реабилитация мамандығы бойынша біліктігін шыңдаған ақ халатты абзал жан. Бүінгі басқарып отырған орталығында физиотерапиялық 23 апарат, механотерапияда 14 апарат науқастың жасына, жағдайына, ауру дәрежесіне қарай жұмыс істейді. Көбіне инсульт алғаннан кейін, ұршыққа ота жасағаннан кейін қайта бейімделуге бұл апараттардың көмегімен жаттығу жасау пайдалы. Себебі үлкен травма, инсульттан кейін аяқ-қол жазылмай құрысып-бүрісіп қалады. Сондай науқастарға сегіз жылдық еңбек өтілі бар Ақтілек Асанбайқызы барлық ем-шараларды жүргізіп, күтім жасайды.
– Менің аяқ-қолым ауырып, сырқырайды. Соған алтын ине, массаж алдым. Жаттығу жасайтын залына бардым. Егде тартқан үлкендерге мұндай оңалту орталығының болғаны қуантады. Алған ем шипа болды. Әжептәуір жақсарып, жасарып қалғандаймын. Мына Ақтілек те, мейірбикелер де мың болғыр, өте жақсы қарайды. Алла ғұмырлы қылсын, – дейді ем алушы Қазтай Сейілова.
Әр адамның өмірі мен денсаулығы мемлекет үшін маңызды. Мүмкіндігі шектеулі екен деп толықтай мына әлемнен ығыстырылмайды. Жаны бардың жөн түзерлік ісі мен сөзі болатыны хақ. Сондықтан да түрлі сынақтан кейін қайта бейімделуде оңалту орталықтарының рөлі зор.
Ақбота Баянбай