Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәніккеннен құныққан жаман

Дәніккеннен құныққан жаман

– Анашым, мен мектепке кеттім. Ақша беріңізші.
– Жолың болсын. Сабағыңды түгендеп, оқыдың ба? Қанша керек?
– Иә, түнде оқыдым. 100-150 теңге жетеді.
– Жоқ, сен әлі кішкентайсың? Сондықтан 50 теңге жетеді. 1 кесе тәтті сусын буфетте 10 теңге, ал коржик пен прәйнек 30 теңге болады. Сонда саған бас-аяғы 50 теңге толықтай жетеді, деп анам қолыма 50 теңгесін ұстатып жіберетін-ді.
Иә, бұл баға қазіргі емес, өткен 2004-2005 жылдардағы нарық бағасы. Сол кезде мектеп қабырғасында жүргенде осындай теңгемен, су мен жейтін затты алып-ақ, мектеп бітірдік. Ал бүгін балаға көлемді ақша бермесек мектепке жібере алмайтынымыз да белгілі. Себебі барлығы сабаққа қалтаға тиын салып баруды әдетке айналдырған. Еуропаның бірқатар елдерінде баланың күнделікті шығыны үшін қажетті ақша арнайы заңмен бекітілген. Ақшаның көлемі баланың жасына қарай өзгеріп отырады. 6 жасар бала 50 еуроцент алса, 15 жасқа дейін оның «қалта» шығыны 30 еуроға дейін өседі. Ал бізде нақты белгіленген шектеулер жоқ. Қанша ақша беремін десеңіз де еркіңізде. Оны мүмкіндігіңіз бен жомарттығыңыз білсін.
– Мен балама күнделікті 500-1000 теңге көлемінде ақша беремін. Өйткені нарық бағасына байланысты осындай қаржы талап етіледі. Әр үйдегі тәрбие әртүрлі екені де белгілі. Біреу баласын таршылықта өсіргенін қаламайды. Ал енді біреулер балаларына артық ақша ұстатқанды жөн санамайды. Бала – болашағымыз. Оларға талбесіктен берілетін тәрбие тек ақшамен өлшенбеуі тиіс. Санаға сіңген тәрбие бәрінен де жоғары болуы қажет. Баланы ешкімнен кем қылмай бағып-қағып, ұядан қанатын қатайтып ұшыру – әрбір ата-ананың басты міндеті. Алақанда аялаған бала адамгершіліктен аттамаса болғаны, – дейді кент тұрғыны Оразкүл Тұрдыбайқызы.
Иә, әр отбасының ұстанымы да әр түрлі. Мысалы, бақуатты тұратын ата-аналар балаларына ақшаны өте аз береді. Кейбірі тіпті бермейді де. Олардың көпшілігі ақша беру баланы жалқау әрі масыл етеді деп есептейді. Мұнысы да жөн шығар. Балаға қаржының қандай еңбекпен келетінін қөрсетіп, жөнді жарата білуге де үйреткен дұрыс. Күнделікті беретін қаражат көлемін де тұрақты түрде қадағалап отыру бүлдіршінді ұқыптылық пен тиянақтылыққа үйретеді. Ал атақты бизнесмен Илон Маск өз жұмысының жанынан балалары мен қол астындағы қызметкерлерінің балаларына арнап мектеп ашыпты. Мектепте отыз шақты бала оқиды. Ешқандай журнал жоқ, балаларға баға да қойылмайды. Мұның себебін Илон Маск, «біздің мектеп оқушының алдына шашылған техниканы жинауды тапсырады. Бірақ жинау үшін қандай құрал-саймандар керек екенін, тіпті олардың аттарын да айтпайды. Бала өзі ізденіп жинайды, жинау барысында аспаптармен де танысады» дейді. Бала мен ақша арасындағы байланыс та сол сияқты болу қажет. Ең алдымен балаға балық бермей, қармақтың қалай жасалатынын үйретуіңіз керек-ақ. Балық аулауды ол ержеткесін, бойжеткесін үйретсеңіз де үлгересіз.

P.S. Қазір баланың қаймықпай, адаспай өсуіне ақша емес, «Ұят болады», деген ұғым жетіспей тұрған тәрізді. Балаға ақшаның жай ғана қажетті заттарға ауыстыратын қағаз екенін үйретіп, көзін жеткізген дұрыс. Оң-солын енді танып келе жатқан жасөспірімдерге ақша беріп дәніктірсеңіз, ол құныға бастайды. Қазақта дәніккеннен құныққан жаман деген тәмсіл бар. Міне, құнығып өскен бала өскенде көздеген мақсаты үшін кез келген нәрсені құрбандыққа шалатын қатігез жанға айналады. Сондықтан балаға берер басты мақсат көп ақша табу емес, жақсы өмір сүру екеніне жол көрсеткен жөн.

Дархан Байтілес
02 қазан 2023 ж. 314 0