Үлкен жүректі жан
Бізге аталас ең жақын туысқанымыз Феруза Жүсіпқызы керемет жан болатын. Жасынан жетім қалып, туған-туыстарының қолында өскен ол, кейіннен Ташкент қаласындағы жетімдер үйінде тәрбиеленгенін білетінбіз. Сондай сындарлы белестерді көп өткергендіктен болса керек, аса байсалды тұлға болып,ешқашан адам баласына қатты жекіріп сөйлемейтін.
Халық ақыны Нартай Бекежановтың қамқорлығын көп көрген ол, оқуға деген ынтасының арқасында білім алып, еңбек жолын аудандық атқару комитетінің жалпы бөлім меңгерушісі болудан бастап, көп жылдар партия комитетінің хатшысы, саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі, нұсқаушы, атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Феруза апа еңбексүйгіштігі, ұйымдастырушылық қабілеті, адамгершілігінің молдығы мен шексіз қайырымдылығының арқасында елдің риясыз құрметіне бөленді.
Халық ақыны Нартай Бекежановтың қамқорлығын көп көрген ол, оқуға деген ынтасының арқасында білім алып, еңбек жолын аудандық атқару комитетінің жалпы бөлім меңгерушісі болудан бастап, көп жылдар партия комитетінің хатшысы, саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі, нұсқаушы, атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Феруза апа еңбексүйгіштігі, ұйымдастырушылық қабілеті, адамгершілігінің молдығы мен шексіз қайырымдылығының арқасында елдің риясыз құрметіне бөленді.
2003 жылдың жаз кезі. Астана қаласының А.Бараев көшесінен жаңа пәтер алып тұрып жатқан кезіміз. Күн жексенбі болатын. Бір «Нива» автокөлігі ауланың ішіне келіп тоқтады да, дыбыс зорайтқыш құрылғымен менің аты-жөнімді дауыстап, жаңғыртып айта бастады. Іздеген кім екен деп барсам, алдымда Феруза апам тұр. Күлімдеп келіп, құшағына алып: «Сыздық көкемнің өзі, Айдан жеңешемнің көзі, өзіңді іздеп келдім!» деп, емірене маңдайымнан сүйді. Сексеннің сеңгіріне шыққан Феруза апамды кәрілік жеңе бастапты: маңдайындағы әжімдері тереңдей түскен, түрі аздап жүдеу көрінді, ал ірі денесі бұрынғыдангөрі еңіс тартқандай. Өзі баяу қимылдайды, бірақ сөзі өте нық, айналып-толғана отырып, әңгіменің қиюын қиыстырып, мақал-мәтелдетіп ағызып сөйлейді-ау, шіркін! Қатты сағынғаны да көзінен көрініп тұр...
Сол күні мені Парламент Мәжілісінің депутаты Алтыншаш Жағанованың үйіне ертіп апарды. Ол жерде Шиелі ауданының «Бибі Фатимасы» атанған Ұлман ана, ақын Мәриям Жұматова және Сыр бойының Миуа апа, Роза апа, Кеңескүл апа сынды қадірлі аналары жиналып отыр екен. Арғынның баласы келді деп, маған дастарханның төрінен орын берді. Осы қадірлі жандардың бәрінің басын қосып, мереке қарсаңында арнайы шақырып,құрметпен күтіп алған Алтыншаш ханым екен. Ертеңіне елден келген бес ананы дәстүрге сай үйіме шақырып, дәм бердім. Жаңа Астанада бәрінің студент немерелері бар болып шықты. Қалта телефоны арқылы әжелерінің біздің үйде екенін білген соң, үйімнің іші әже тәрбиесін көріп өскен жастарға толды. Сүйікті әжелеріне жолығып, мәз өздері.
Мен оларға: «Әжелеріңді алып кеткілерің келсе, әрқайсысың бір-бірден ән айтып бересіңдер», деп «шарт» қойдым. Әжелері үшін жанын беруге даяр шынашақтай ұл-қыздары сол күні біздің үйді ән-жырға бөледі. Бәрі риза болып тарады.
Қонақтар кеткен соң, Феруза апам өзін Кеден комитетінің сол кездегі төрағасы Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевқа жолықтыруымды сұрады.М.Әуезов көшесіндегі еңселі ғимаратта төраға бізді көп күттірмей қабылдады. Ол кісінің Феруза апаны жақсы танитынын, сыйлайтынын бірден түсіндім. Екеуі елдің қамы жайлы, ел басқарған ардақты тарихи тұлғалар туралы біраз пікірлесті. Феруза апа: «Жалғыз ұлым Көбейдің ерте қайтқанын білесің. Оның көзі, бір түйір дәні, көзімнің қарашығы болып қалған немеремді көріп ең ғой. Қазір кеденнің оқуын ақылы оқып жатыр. Мен көзімнің тірісінде немеремнің қызметке тұрғанын көргім келеді, соған көмектес. Кәрі қойдың жасындай жасым қалды, айналайын», деген өтінішпен өз сөзін аяқтады. Бердібек мырза сөзге келген жоқ, көзімізше бірден Алматыдағы Кеден бөлімшесінің бастығына телефон шалып, тапсырма берді. Алтынның сынығы, асылдың тұяғы Феруза апаның сол Серікжаны қазір Мемлекеттік Кеден комитетінде абыройлы қызмет атқарып келеді.
Феруза апаның үлкен жүрегі әрбір жанды сыйғыза алатын, әрбір адамды баурай алатын құдіретке ие еді. Туған елін шексіз сүйіп, өскен жеріне зор еңбегін сіңірген қадірлі тұлға ғана емес, сонымен қатар ол бауырмалдық, жанашырлық қасиетін жоғары қоя білген асыл ана, ардақты апа, жанашыр әже де болатын.
Сансызбай Нүркеев,
Астана
Астана