Қош келдің, күрең күз!
Күз мезгілі өзіне тән сұлулығымен таңдай қақтырады. Ол өзге жыл маусымдарына ұқсамайды. Редакцияға келе жатқан тұста, бір әжейдің немересіне: «Сарғылт тартқан күз мезгілі – салқын ауа райы, қара суық жел мен жапырақтардың сары түске боялатын мезгілі. Адам еңбектенетін кез. Молшылықтың, байлықтың айы» деп күзді суреттеп жатқанын құлағым шалып қалды.
Сөзінің жаны бар. Нақ осы молшылық айында астықпен қатар, картоп, қарбыз, қауын, алма, өрік, жүзім – бәрі-бәрі әбден пісіп-жетіледі. Дала сары түске енеді. Сондықтан халық күзді «Алтын күз» дейді.
Сөзінің жаны бар. Нақ осы молшылық айында астықпен қатар, картоп, қарбыз, қауын, алма, өрік, жүзім – бәрі-бәрі әбден пісіп-жетіледі. Дала сары түске енеді. Сондықтан халық күзді «Алтын күз» дейді.
Әмәнда, әр мезгілдің өзіндік ерекшелігі мен тартымдылығы бар. Бірі жаныңа жылулық сыйласа, енді бірі қайта туған жауқазындай бүршік атып жатады. Ал бірі суығына үйретіп те үлгереді. Сары алтынға көмкерілген айнала, қоңыр салқын ауа райы, жабырқаулы көңіл-күй, қара суық жел – бұл тек күзге тән қасиет.
Күз – жаймашуақ жаздан қаһарлы қысқа өтетін түрлі түске боялған ғажайып баспалдақ сыңайлы. Жылуымен көңілді, ызғарымен жағаны көтертіп, жылы киіндіріп, сиқырлы қысқа үйрететін, жол көрсететін жолсерік. Күзді әркім әрқалай жақсы көреді. Бірі сары түске боялған бау-бақшасы үшін, енді бірі дәл осы мезгілде дүниеге келгені үшін. Болмаса басқалары күз мезгілінде ғашығын кездестірген болар... Әйтеуір күзге құмар көңіл көп.
Күз – сағыныш айы. Күзде жабырқау жүрсеңіз – ол сіздің біреуге деген сағынышыңыз. Күздің кереметі сағынышқа толы жүректі жұлып алып, әуеде әуелете ән салдырып, көңіліңді күңірентсе де ішкі жан дүниеңе шынайы бір сезім сыйлайтынында. Күзді сүю – сағынышты аңсау деген сөз.
Қазақы сипаттамада күз үшке бөлінеді. Сары күз немесе алтын күз (қыркүйек), қоңыр күз (қазан), қара күз (қараша). Расында да, басында өзінің шуақты күндерімен жаныңды жылытып, өмірге құштарлығыңды оятады. Кейін өзінің әдемі көрінісімен жүрегіңді баурайды. Одан кейін қара суығымен жаныңды суытады. Күздің күлімдей қарайтын кезі болса алданыш көріңіз. Ол оның шынайы мінезі емес.
«Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан», – деп Абай Құнанбаев осынау сиқырға толы мезгілдің пейзаждық үлгісін дөп айтқан.
Әдемі қанық түстерге боялған күз мезгілі бір суретшінің туындысы секілді. Күз – береке бастауы, молшылық мезгілі. Еңбектің қадірін білген қазақ халқы күзді ырыс-береке деп ерекше қадір тұтқан. Ақын-жазушылар да бұл мезгілді асыға, сағына күтеді. Себебі күз бейне бір шығармашылықтың мезгілі. Дәл осы мезгілде шабыттары оянып, күздің қасиетін жырлап, жүректен шыққан жыр жолдарын жазады. Осы тұста мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың бір өлеңі ойға оралып тұр.
Тағы да күз, тағы, міне, сары таңды ұзақ түн,
Уысында тағы да мен ұйқы дейтін тұзақтың,
Ой-хой, шіркін, тағы да бір күзді, міне, ұзаттым,
Өмірімнің есейгенін сезінемін күзде мен,
Алдағыма асығамын, өткенді әсте іздемен,
Ой – хой, шіркін, болашаққа құмармыз ғой біз деген.
Әр адамның жанына жақын мезгілі болады. Көпшілік үшін сондай мезгілдердің бірі – осы күрең күз. Қаншама ақынның жырына, қаншама жазушының қаламына біткен осынау мезгілдің меңіреу тартып тұрса да, өзіне тарта беретіні өзінше бір құдірет. Осы мезгілде ауа райы қанша құбылмалы болса да, сары күздің салқын лебі өзіне ғана тән ерекшеліктерімен баурап, жүректі тербейтіні тағы бар.
Сұлушаш МАДИЯРОВА