Сотты құрметтемегені үшін жаза
Бұл әрекеттер сот төрелігін іске асыру барысындағы басты міндеттің бірі – сот отырысының тәртібін қатаң сақтау қағидатының ескерілмеуінің, орындалмауының көрінісі.
Азаматтар сотты құрметтемегені үшін туындауы мүмкін жауапкершілік туралы, сотқа келмегені үшін, процеске қатысушыларды қорлағаны үшін және т.б. құқықтық салдары қандай болуы мүмкін екенін білуі қажет.
Сот процесінде тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында іс жүргізу заңдарында тиісті шаралар көзделген. Сот отырысында тәртіпті бұзу деп сотқа және төрағалық етушінің өкімдеріне айқын құрметтемеуді куәландыратын, сот процесінің қалыпты жүруіне кедергі келтіретін, дәлелдемелерді зерттеуді қиындататын әрекеттер танылады. ҚР Азаматтық процессуалдық кодексінің 188-бабына сәйкес, істі қарау кезінде тәртіпті бұзған адамға төрағалық етуші сот атынан ескерту жасайды. Тәртіп қайта бұзылған жағдайда іске қатысушы адам сот ұйғарымы бойынша сот отырысы залынан шығарылуы мүмкін. Іске қатыспайтын және сот отырысы залына қатысатын адамдар тәртіпті қайта бұзғаны үшін төрағалық етушінің өкімі бойынша отырыс залынан шығарылады. Істі талқылау кезінде қатысушылар тәртіпті жаппай бұзған кезде сот іске қатыспайтын барлық адамдарды сот отырысы залынан шығарып, істі жабық отырыста қарауы немесе істі қарауды кейінге қалдыруы мүмкін.
Азаматтар сотты құрметтемеудің кез-келген көрінісі жалпы мемлекеттік билікті құрметтемеудің көрінісі екенін есте ұстауы керек.
Шиелі аудандық сотының жетекші маманы А.Науанова