Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕХРО-дан не ұттық?

ЕХРО-дан не ұттық?

866841 original

Төрткүл дүниенің назарын өзіне аударған ЕХРО – 2017 халықаралық көрмесі бүгінде ел тарихындағы айтулы оқиғалардың біріне айналды. Үш айға созылған жаһандық іс-шара мемлекетімізді әлемдік қауымдастыққа жаңа қырынан танытып қана қоймай, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрістеуіне, мәдени дамуына тың серпін берді. 

ЕХРО – индустрияландыру символы, техникалық жетістіктер мен техниканың өзін назарға салатын халықаралық көрме. Осынау маңызды шараны абыроймен өткізу де мемлекетіміз үшін үлкен мәртебе болды. Көрме отандық туризмнің дамуына, қызмет көрсету сапасының артуына оң ықпал етті. Астананың инфрақұрылымына үлкен серпіліс әкелді. Жаңа қонақүйлер салынып, жұмыс орындары ашылды. Шағын және орта бизнес өркендеді. Бастысы, ЕХРО – 2017 халықаралық көрмесі ғылымға ұмтылуға құлшыныс берудің таптырмас тетігіне айналды. Сондай-ақ ол еліміз үшін ғылым мен технология, «жасыл экономика» салаларындағы озық үлгілерді үйренер тәжірибе алаңы ғана емес, өзінде барды өзгеге көрсететін орта болды. Бұрынғы әріптесімен ынтымақтастығын тереңдетіп, жаңа әріптесімен байланыс орнатуға жол ашқан да – осы көрме.

Халықаралық көрме аясында 220 ресми іс-шара ұйымдастырылып, оған 28 елдің президенті, 13 парламент спикері мен мемлекеттік хатшы, 10 премьер-министр, 26 премьер-министрлердің орынбасары, 70 министр мен 48 министрдің орынбасары, 22 халықаралық ұйымның өкілі қатысты. Елордаға ЕХРО – 2017 көрмесіне қатысушы 45 елдің делегациясы келген. Яғни, алдағы уақытта сол елдермен арадағы алыс-беріс күшейіп, әріптестік нығая түседі деген сөз.

Бүгінде көрменің өткеніне де 6 жылға жуық уақыт болды. Осы орайда айтулы шара кезінде тұрғызылған нысандар жай-күйі қалай деген сұрақ көпшіліктің көкейінде жүргені анық.

«Болашақтың энергиясы» аясында озық идеялар мен технологиялардың дамуына түрткі болған және әлемде ғылымның өзара ықпалдастығын нығайтуға септігін тигізген көрменің бірқатар жағымды аспектісіне тоқталып, ЕХРО бүкіл әлемнің интеллектуалдық және технологиялық әлеуетін көрсетуге зор мүмкіндік беріп отыр.

Әлемдік деңгейдегі көрмені өткізу кезінде Астанада 47 жаңа мейрамхана ашылды. Мәселен, 2016 жылы қалада 165 мейрамхана болса, 2017 жылы саны 201-ге жеткен. Бұдан бөлек, елордада 11 жаңа көше салынды. Аумағы 44,4 шақырым жол жөнделді. Мәңгілік ел және №31 көшелердің қиылысында аумағы 40 000 шаршы метр, 1 500 көлікке арналған тұрақты салу жұмыстары аяқталды. «Астана ЕХРО – 2017» аумағын жылу, энергиямен қамтамасыз ету үшін 50,2 шақырым жылу жүйелері, 25 585 шақырым электр желісі, 3 электрмен қамтамасыз ету нысаны қолдануға берілді. ЕХРО – 2017 халықаралық көрмесінде таныстырылған инновациялық технологиялардың ішінен үздік 105 жоба іріктеліп, соның 40-тан астамын бірқатар мемлекеттік және атқарушы орган іске асыруға кірісті.

Энергетика министрлігі таңдап алған жобалардың 28-і – отандық өнертапқыштардың туындысы. Олардың ішінде энергиялық үнемділікті арттыратын және қалдықтарды кәдеге жаратуға арналған тың технологиялар бар. Сонымен қатар шетелдік авторлардың да көрмеде ұсынған заманауи жобалары іріктеліп алынған. Атап айтқанда, немістің технологиясы энергияны алысқа тасымалдағанда қуат көздерін үнемдесе, енді бірі жерасты су мен топырақтан энергия алуға мүмкіндік береді. Пайдалы деп танылған жобалар ішінде Беларусьтің «Трубосфера» технологиясы да бар. Осы жоба арқылы газ қысымын барынша азайтып, өндірілген энергияны мұнай-газ саласында кеңінен пайдалануға мүмкіндік тумақ. Бұған қоса, ағын суларды тазартуға арналған фин теxнологиясы ауызсуды тазартып қана қоймай, судың түбінде тұнып қалған лайды тыңайтқыш ретінде өндіріп береді. Сондай-ақ Финляндияның бір жобасын «Қазгидромет» сынақтан өткізді.  «Көгілдір көмір» атты поляк теxнологиясы қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтарды 80 пайызға төмендетеді. Көмірдің қызуын да тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Павильондардың ішінде ең танымалы өзіміздің – «Нұр Әлем» павильоны болды. Ол Астананың және бүкіл Қазақстанның жаңа визиттік картасына айналғаны сөзсіз. ЕХРО аясында 6 мыңнан астам түрлі іс-шара өткізілді. Астана еліміздегі үлкен ІТ орталыққа айналды. Еңбек нарығы да өзгеріп, білікті жұмысшыларға деген сұраныс артты. Павильондарды жағалай бульвар ашылып, 6 гектарды құрайтын көрме аумағының абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүрді. Болашақтың балама энергия көздеріне арналған ірі жобалардың саны да артты. Қорыта келгенде, халықаралық көрменің маңызы уақыт өткен сайын арта беретіні анық.
 
Абылайхан ЖҰМАШ
16 маусым 2023 ж. 199 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930