Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Орынды ұсыныс қолдаусыз емес

Орынды ұсыныс қолдаусыз емес



Кеше облыстық мәслихаттың кезектен тыс IV сессиясы өтті. Сессияға облыс әкімінің міндетін атқарушы Серік Қожаниязов, облыс әкімінің орынбасары Балмейір Сансызбайұлы, қала әкімі Асылбек Шәменов және   департамент пен басқарма басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібінде  облыстық мәслихаттың 2022 жылғы 13 желтоқсандағы №153 «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу және «облыстық мәслихаттың депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларын сайлау туралы» облыстық мәслихаттың 2023 жылғы 17 қаңтардағы №179 шешіміне өзгеріс енгізу туралы екі мәселе қаралды.


Сессияда облыс әкімінің міндетін атқарушы Серік Қожаниязов өңірдің 5 айдағы қорытындысына тоқталды.

– Кеше Үкімет отырысында әлеуметтік-экономикалық даму динамикасы бойынша 5 айдың қорытындысы сараланды. Оның ішінде біздің облыс екі көрсеткіш бойынша алдыңғы қатарда келеді. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстарының көлемі 64 пайызға, инвестиция тарту 40 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу 1,8 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі  2,6 пайызға, сауда көлемі 2,9 пайызға артқан. Жалпы біздің өңірде өндірістен  басқа салаларда оң динамика қалыптасқан. Жыл басында облыс бюджеті 537 млн теңге көлемінде бекітілсе, бүгінде ол 593 млрд теңгеге жетті. Былтырмен салыстырғанда 205 млрд теңгеге артық. Бюджет әлеуметтік бағытын сақтады, оған 64 пайызы немесе 378 млрд теңгесі бағытталып отыр. Бұдан бөлек, демеушілік есебінен 30 млрд теңгеден астам қаржыға әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысында ауқымды жұмыстар атқарыла береді, – деді Серік Салауатұлы.

Онан соң күн тәртібіндегі мәселелерге кезек берілді. Алғашқы мәселе бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қамбар Мүбәраковтің хабарламасы тыңдалды.

Айта кетейік, мұның алдында өткен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында аталған мәселе егжей-тегжейлі талқыланған болатын. Спикер хабарламасында биылға арналған облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілерінен үнемделген және пайдаланылмаған қаржыны қысқартып, соның есебінен бюджетті қайта бағыттап, нақтылауды ұсынды. Осы орайда ол 4 млрд 798 млн 379,3 мың теңгені қысқарту жоспарланғанын және ол қаржы бюджеттік бағдарлама әкімшілері бойынша қайта бағытталатынын айтты. Хабарламадан соң депутаттар сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.


Атап айтқанда, депутат Ибадулла Тілеп Қазалы ауданы бойынша Қожабақы және Бекарыстан би ауылы, Тасарық елді мекеніндегі автомобиль жолын жөндеу және Абай елді мекенін газдандыру жұмысын жүргізу мәселесін көтерсе, депутат Садық Мұстафа Қызылорда қаласы бойынша бірқатар көшелердің жөндеу жұмыстарына және «Дарын» спорттық мектебі асханасының төбесі құлап, жарамсыз күйге түскенін, осыған орай мәселені тез арада шешу үшін қаражат керек екенін айтты.  Депутат Жорабек Нұрымбетов қала бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеуден өткізуге, жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды көбейтуге, сол жағалаудағы автобаза құрылысына, көпқабатты тұрғын үйлер алдына ойын алаңын салу, сондай-ақ, қала бойынша кейбір үйлердің тозығы жеткен кәріз жүйесі, су құбыры мен қоршауларын ауыстыру, газ желісін тарту сияқты инфрақұрылымдық жұмыстарды жасауға қаржы сұрады. Ауылдарда техника санын көбейту мәселесін көтерді. Ал депутат Мақсұт Нәлібаев «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығының мүмкіндігін кеңінен пайдаланып, жаңа өңірлік бағдарламаны іске асыруды ұсынды. Депутат Мұхтар Ниязов жастарға рухани-эстетикалық тәрбие беру мақсатында салынып жатқан «Анаға тағзым» орталығы ғимаратын ұстап тұру үшін қаржы қажет екенін айтты. Депутат Аида Әбибуллаева «Атамекен» балалар ауылына ойын алаңын салу, №264 мектептің қоршауын ауыстыру секілді бірқатар мәселе көтерді. Депутат Аманжол Оңғарбаев Арал теңізінде қаяз балығын өсіру, қалпына келтіру жағдайын оңалту үшін қаржы мәселесін қарастыруды ұсынды.

Қамбар Аманкелдіұлы  депуттар көтерген сауалдар бойынша тоқталды.

– Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында депутаттық корпус тарапынан барлығы 16,5 млрд теңгені құрайтын 62 сұрақ келіп түсті. Біз әрбір мәселені егжей-тегжейлі талдап, облыстық бюджеттің мүмкіншілігіне қарай жалпы сомасы 5,8 млрд теңгені құрайтын бірқатар мәселеге қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты сіздерге ұсынылған облыстық бюджет жобасын нақтылау бойынша таратылған материалдарға келесі өзгерістерді ұсынамыз.

 Мәселен, облыстық полиция департаменті бойынша 2022 жылдың қорытындысымен коммуналдық қызметтерге ақы төлеуден қалыптасқан дебиторлық берешек 614,9 мың теңгеге қысқартылуда. Облыстық қоғамдық даму басқармасы бойынша шешім жобасында «Әлеумет» әлеуметтік жобасын ұйымдастыруға 47 556,5 мың теңге қаралған болатын, алайда Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен заңдылықтарын қайта пысықтау жұмыстарын жүргізу қажеттілігіне байланысты бұл қаржыны қысқартатын боламыз.    Облыстық білім басқармасынан үнемделген 5 661 485,9 мың теңге қысқартылуда. Сонымен бірге мектептерге парта, тақта алуға 350 000 мың теңге жоспарлаған болса, осы қаржының 36 174 мың теңгесін қысқарттық. Бұл қаржы депутаттар көтерген мәселелерді қаржыландыруға бағытталуда, – деді ол. Сондай-ақ, басқарма басшысы депутаттар сауалына орай және бірқатар мәселені толықтырып кетті.

– Атап айтқанда, депутат Нұридин Әмитовтің депутаттық сауалына сәйкес  10 компьютер жиынтығын сатып алуға 5740 мың теңге қаралуда. Депутат Мақсұт Нәлібаевтің сауалына сәйкес Қызылорда қаласында шағын және орта бизнестің өңдеу өнеркәсібін дамытуға (15 жоба) 1 000 000 мың теңге бағытталып отыр. Сонымен қатар Аида Әбибулаева көтерген Абай атындағы үш тілде оқытатын орта мектепті ағымдағы жөндеуге (автотұрақ) 18 286,1 мың теңге, Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі ауласының қоршауын жөндеуге 27 000 мың теңге, С.Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының ауласын қоршау үшін ағымдағы жөндеуге 27 500 мың теңге қаралуда. Ал Мұхтар Ниязовтың сауалына сәйкес «Анаға тағзым» орталығының ашылуына орай, қосымша 27 штат бірлігін ұстап тұру шығындарына 49 225 мың теңге қарастырылып жатқанын жеткізгім келеді. Сонымен қатар депутат Аманжол Оңғарбаевтың көтерген мәселесі – Кіші Арал теңізіндегі Арал қаяз балығының санын қалпына келтіру үшін оның генофондын сақтау жұмыстарын жүргізуге 18 826 мың теңге қаралып отыр. Өзге де депуттардың сауалдарына сәйкес бірқатар қаржы көзі пысықталуда.   

Осы өзгерістерге сәйкес облыстық бюджетті барлығы 10,6 млрд  теңгеге нақтылау жүргізілуде, – деді Қамбар Мүбәраков.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша да тиісті шешім қабылданды.

Айнұр БАТТАЛОВА
15 маусым 2023 ж. 179 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930