Жадыра Отарбаева: Сыбайлас жемқорлық – қоғамның басты дерті
Шиелі аудандық мәдениет және спорт бөлімінің бас маманы Жадыра Отарбаева намысшыл халықтың ұрпағы ерте ме, кеш пе сыбайлас жемқорлық дертін жеңетініне сенім білдіреді.
Бүгінгі қоғамдық қатынастарда, әсіресе жаңа сипаттағы заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған қазақ мемлекеттігін қалыптастыруда әлі де арыла алмай отырған сыбайлас жемқорлық дертінің терең тартқан тамырын нәрлендіріп тұрған не нәрсе екен?
Арнайы қабылданған Заң мен арнаулы органдардың алдын алу, бұлтартпас шара қолдану, сот шешімімен жазаға тарту сияқты заң аясындағы түрлі шектеулерге қарамастан, еселеп үдей түсетін атауы жоқ, түсі жоқ, иісі жоқ, жабысқан жерінен нәрленетін сары шырмауықтай қоғамдық қатынастардың сан саласын қамтыған жегі құрттан айығудың жолы бар ма?
Сыбайластықтың қозғаушы күші бір қарағанда өте қарапайым ғана көрінетін, өзіне тиесілі емес артықшылықтарға қол жеткізуге әрекеттенген ұмтылыстан туатыны белгілі. Олай болса, тікелей болмаса да жанама түрде, арғы салдарын ойламай айтатын «рақметімізбен», ризашылығымызды білдіру түрінде көрініс табар, өзіміз ізгілік санайтын әсіре «ілтипатшылдығымызбен» де отқа тамызық тастап жүрмесек неғылсын? Әрине, белгілі бір дәрежеде алған қызметтің өтеуі болатын жалпақ жұртқа жария етілмейтін ақиқатты сіз де, біз де, ол да білмеген болатын жағдайлардың орын алатыны жасырын емес. Бұл әрекеттер кіршіксіз таза пейілден жасалғанның өзінде ақтауға болмайтын әдепке қайшы жаман әдетке айналғанын кеш ұғатынымыз да рас. Тамыр-таныс немесе «төте» жол іздейтініміз де өркениетті елдерде ең сорақы мәдениетсіздік болып саналатын қоғамға жат құбылыстар. Күнделікті өмірде кездесетін анық сыбайластық сипаты бар елеусіздеу көрінетін еп-себімізді тізбелеу мақсат емес.
Айтпағымыз, мемлекеттік масштабта әрқайсымыздың өмірімізге орасан зор нұқсан келтіріп, кері әсерін тигізіп отырған сыбайлас жемқорлықтың осындай қарапайым ғана қатынастардан бастау алады деуге негіз болатыны. Яғни көпшілігіміздің ерікті не еріксіз түрде сыбайластық сипаты бар қадамдар жасауға бейім, оған қарсы иммунитетіміздің төмен. Әрине, әлеуметтік теңсіздік, көрсетілетін қызмет түрлерінің жалпыға бірдей қолжетімді болмауы сияқты жалпыға белгілі факторлар жоқ емес. Бірақ қандай жағдайда да ішкі мәдениеті жоғары адамдардың қай уақытта да жүрегі мен қолы таза, лауазымдық өкілеттігін атқаруға адал, обал-сауапты ажыратар ұяты болатыны сөзсіз. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметкерлер негізінен ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, салтымыз бен дәстүрді берік ұстанатын рухы биік, заңға бағынатын, антына адал, жауапкершілігі жоғары азаматтар. Уақытпен санаспайтын, көбіне жұмыс регламенті сақталмайтын қызметтерін абыроймен атқарып жүрген қарапайым салық төлеушілер екенін айтуымыз керек. Мемлекеттік қызмет оларға еселенген жауапкершілік жүктегенмен ешқандай артықшылық бермейтінін көпшілік көріп жүр. Ал ішінара кездесетін әдебі мен мәдениеті төмен кейбір жеке тұлғалар тарапынан орын алатын сыбайластық сипаттағы құқық бұзушылығы баршасына сенімсіздік туғызып көлеңке түсіруге негіз болмаса керек.
«Арым – жанымның садағасы» дейтін намысшыл халықтың ұрпағы ерте ме, кеш пе бұл зауалды да жеңетініне сенейік. Тек осы тұрғыда ойлау жалпыға бірдей сипат алуы үшін меншік нысанына қарамастан қызмет көрсетушіден бастап сол қызметті алушы немесе тұтынушы, жалпы үлкен-кіші әрқайсымыз да өзгеріп, жаңаша ойлауымыз шарт. Әрбіріміз жақсы өзгерістердің болуына мүдделіміз. Олай болса, жаңғыру-жаңару мақсатындағы саяси реформалардан кейін сананы сілкіп, өзгеруді өзімізден бастасақ, тұтас еліміздің жарқын болашағына басқан бүгінгі қадамына қосқан бірден-бір лайықты үлесіміз болары сөзсіз.