Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғашқы көмек: Гүлшара Көпешбаева жауапкершілігі мол саланы тізгіндеген

Алғашқы көмек: Гүлшара Көпешбаева жауапкершілігі мол саланы тізгіндеген

Бағдаршамның «қызылына» кідірмейтін бірден-бір көлік – жедел-жәрдем қызметі. Себебі ол шыбын жанымыздың шығып кетпеуіне жауапты жандардың қызметі. Адам өмірі – басты байлық. Ал осы байлықты дер кезінде сақтап қалу ең бірінші жедел жәрдем қызметінің мамандарына жүктелген міндет. Сондықтан олардың жұмысы асқан жауапкершілікті талап етеді. Мереке қарсаңында тәулік бойы тыным таппайтын фельдшерлердің жұмысымен танысу бұйырды.

Байсын ауылында тұратын Көпешбаевтар әулеті аудан халқына етене таныс. Әулетімен жауапкершілігі мол мамандықты атқарып жүрген жанұяға жұртшылықтың құрметі ерекше. Кейіпкеріміздің әкесі – Дүкенбай Көпешбаев саналы ғұмырын дәрігер мамандығына арнаған білікті маман иесі болған. Талай науқастардың сауығуына сеп бола білген. Қырық жылдан астам абыройлы да адал қызмет еткен. Бүгінде байсындық жамағат бұл кісінің шарапатын аңыз қылып айтып отырады.

Гүлшара Көпешбаева – үйдің кенжесі. Әке жолын қуған ол мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан соң, медицина саласын таңдап, 35 жыл осы салада абыройлы қызмет етіп жүр. Бүгінде аудандық жедел жәрдем стансасында фельдшер. Табан аудармастан еңбек етіп келе жатқан Гүлшара Дүкенбайқызы саланың жауапкершілік жүгінің қандай ауыр екенін жақсы сезінеді. 

«Қазақта «Еңбектенген жанның еңсесі биік» деген қанатты сөз бар. Міне, осы мәтел менің өмірлік ұстаныма айналған. Кішкентай кезімізден бастап әкем адал еңбек етуге, игілікті істерді атқаруға және қолдан келгенше мұқтаж жанға көмектесуге баулыды. Отбасында көрген тәлімді тәрбием өмірдегі жарқын жетістіктерді бағындыруыма жол ашты. Бала күнімнен медицина саласының маманы атануды армандадым. Қазір бұл арманым ақиқатқа айналып, фельдшер болып еңбек етіп жатырмын», – дейді ол.

Иә, «Талабы биік тұғырға көтеріледі» деген бар емес пе?! Биік мақсаттарға жетуді көздеген кейіпкеріміз 1985 жылы №149 Қызыл ту орта мектебін тәмамдап, сол жылы Түркістан медициналық колледжіне оқу түседі. 1988 жылы аяқтап, туған жерге келіп, жедел-жәрдемде жұмыс істеуде. 

Кейіпкерімізбен тілдескенімізде жұмыс барысында кездескен келеңсіз оқиғалардың бірсыпырасын айтып берді.

«Әсіресе, қыс түні қырауда шақырту үйге кіре алмай, есік қағып тұратын күндеріміз болған. Талай итке таланып, көліктің аяқ-асты бұзылып, жолда қалған кез де өтті. Осы 7-8 жыл бұрын болуы керек, жүкті әйелдерді қалаға тасымалдайтынбыз. Сол кезде қыста жол тайғақ болып, жол апатына түскен кезіміз болған», – дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде науқастарға жедел медициналық көмек көрсетіп жүрген Гүлшара Көпешбаеваның алар асуы мол. Оның күні бүгінге дейін жеткен жетістіктері мен алған алғыстары ауыз толтырып айтарлықтай. 
09 мамыр 2023 ж. 74 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930