Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылдам несие – ортайған несібе

Жылдам несие – ортайған несібе




Қалтаңда ақша болмаса алға жылжу қиын. Содан болар, қазір екінің бірі банкке берешек. Он минутта ақшаны алақаныңызға ұстата салатын онлайн несие  ұсынатын ұйымдар тіптен көбейіп кетті.

«Көрінбейтін» кредит берушілер арқылы жұртшылық үйде отырып-ақ, телефон немесе компьютермен несиені оп-оңай ала алады. Бірақ онлайн кредит оңай болғанымен, оны өтеу пайызы тым қымбат болатынын көпшілік ескере бермейді.

Кредитті онлайн рәсімдеу расымен де жеңіл әрі көп құжат талап етпейді. Яғни жұмыс орнынан анықтама қағаз, зейнетақы төлемдерінің бар-жоғын, несие тарихын сұрап, басыңызды қатырмайды. Несие үшін банк бөлімшелеріне барып, уақыт кетірудің де қажеті жоқ, кепіл де керек емес. Тек ЖСН мен ұялы телефон болса жеткілікті: 15 минуттың ішінде сұраған ақшаңыз төлем картаңызға түсіп тұрады. Алайда «қарыздың күліп келіп, жылап қайтатыны» естен шығармайық. Себебі әрбір «тез бен оңайдың» артында ұзақ әрі қиын іс тұруы мүмкін.

«Онлайн займға енді қайта бас сұқпаспын. Қаржыдан қысылғанда бір ғана құжатпен, әп-сәтте ақша шешіп алғаныма қатты қуанғанмын. Кейін бірнеше еселеп қайтардым сол қаржыны. Ол аздай несие тарихым бұзылып, мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмай қалдым. Онлайн займ алып, опық жегеннің бірімін», – дейді кент тұрғыны Г.Алмасбекқызы.

Рас, несиені оңды-солды үлестіре беретін қызметтің бұл түрі біраз адамды сан соқтыртты. Талай адам ұшы-қиыры жоқ қарызға белшесінен батты. Ол ол ма, заңның солқылдағынан алаяқтар басқалардың сыртынан кредит рәсімдеуді жиілетті. Ресми дерекке сүйенсек, биыл интернет және ұялы телефон арқылы жасалатын алаяқтық алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есеге артық.

Осыған байланысты Үкімет те шұғыл шешім қабылдау үстінде. Алдағы уақытта алаяқтардың кесірінен банкке қарыз болып қалған қазақстандықтардың кредиті кешірілуі мүмкін. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.

Қазіргі таңда екінші деңгейлі банктермен, мемлекеттік органдармен зардап шеккен азаматтарға шығынды қайтару бойынша заңнамалық тетік әзірленіп жатыр. Яғни бұл кредиттің алаяқтық жолмен рәсімделуі немесе қарыз алушының өз қаражатының шоттан алынуы болуы мүмкін. Егер сот шешімі болмаса, қаржы ұйымы шығынды өтемейді, – деді Әбілқасымова мәжіліс кулуарында.

Айтуынша, алаяқтың құрбаны болған азамат полицияға арыздануы керек. Құқық қорғау органдары алаяқтық бойынша тергеу басталды деген құжатты бергеннен кейін, банк міндетті түрде ол несие бойынша сыйақы, айыппұл есептеуді тоқтатады.

Несие туралы келісімшарт қандай болуы тиіс?
Банк қарызы туралы келісім – несие толық өтелгенше банк пен сіздің қарым-қатынасыңызды анықтайтын негізгі құжат. Ең қарапайым әрі басты ереже – несие шартын толық және аса мұқият қарап шығу. Алғашқы екі бетте банк қарыздың шектік сомасын, түрін, пайыздық сыйақы мөлшерлемесінің көлемін, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі мен мерзімін және валютасын міндетті түрде көрсетуі қажет. Осылайша, сіздің қарызды қандай жолмен және қалай қайтаратыныңыз: аннуитетті ме, әлде дифференциалды ма, қарызды қайтару уақыты кешіктірілгені үшін қандай өсімақы немесе айыппұл тағайындалатыны анықталады.

Біз де бардық
Елдің бәрі жаппай есігін қағып жүрген онлайн несие ұйымына біз де бас сұғып көрдік. «Жылдам ақша», «Оңай әрі жылдам рәсімдеу» деген жазумен арбап тұрған кеңсеге бас сұқтық. Менеджер төлқұжат пен қанша қаржы керегін сұрады. Іші-бауырыңа кіріп, пернетақтасынан әлденені тақылдатып, мәліметтерді енгізіп жатыр. «1 айға 50 мың керек еді» деген сұранысымның пайыздық үстемесін қоса есептегенде 84 мың болды. Бірақ «Сіз бізден несие рәсімдемепсіз. Бірінші займ болғандықтан 52 мың қылып қайтарасыз» деп тәтті сөздермен арбай түсті.

Ақырын-ақырын «онлайн алатын халықтың қатары көп пе?» деген сауалға ¬жауап алуға тырыстық. Әйткенмен, жауап беруден жалтарған олар адамның аз еместігіне сендіргендей болды. Соған қарағанда, қаржыдан қысылған халықтың онлайнға оп-оңай келісім беріп, үстеме пайыздарды төлеп, қаржылық ұйымдардың қазынасын қампайтып отырғаны шындыққа саяды. Содан не керек, басымыз бәлеге қалмай тұрғанда бас тартып, жөнімізбен кете бардық.

Ұққанымыз, кредит алмастан бұрын оның сіз үшін қаншалықты тиімді екенін әбден саралап алған жөн. Несиені төлеуге қаржылық мүмкіндігіңіз қаншалықты жетеді? Бастысы онлайн несие алуыңыз оңай болғанымен, одан опық жеп қалуыңыз қиын емес екенін ұмытпаңыз!
02 мамыр 2023 ж. 137 0