Беташар дәстүрінің мәйегі: Дұрысы мен бұрысы қайсы?
Әлеуметтік желіден небір беташарды көріп, «Беташар ма, тонау ма?» деген ойға қаласың. Себебі есімі аталған кісінің қалтасын қағып алу басты мақсат сыңайлы. Осындайды көріп, ұлттық дәстүрге жаның ашиды. Беташар кім көрінген ойыншық қылатын дәстүр емес. Ғасырлар бойы қалыптасып, бала келіннің дана келінге айналуына үлкен септігі тиетін ғибраты мол дүние емес пе еді?! Ал біз осы игі дәстүрді қаншалықты дәріптеп жүрміз?
Беташар қазір мейрамханада той үстінде өтеді. Негізі келін түсіргенде бірден жасалатын дәстүр бұл. Оған дейін келін шымылдықтың ішінде отыратындықтан, оны ешкім көре алмайды. Ал келінді 1 апта бұрын түсіріп алып, беташарды қыздың туыстарының алдында жасайтындарды қалай түсінуге болады? Бұл әрине, дәстүрге жат. Өйткені, келін шаңыраққа түсіп, босаға аттағанда бірден бетін ашып, өзі түскен әулетті жақсылап таныстыру керек.
Ақын беташар жырын айтып, келіннің сұлулығын, әдебі мен ізетін өлеңіне қосады. Оған ата-енесін, үй-ішін таныстырады. Қандай туысқандық жақындығы бар екенін, беделін, қадір-қасиетін шебер тілімен жеткізіп, әрқайсына жеке-жеке сәлем салғызады. Үлгілі әйел қандай болуы керектігін, әдеп нормаларын, өнеге тізбегін, адамгершілік дүниетанымын, келіндік міндеттерін айтады. Беташарда келіннің екі жағына әулетке сыйлы екі жеңгесі тұрады. Олардың беті бір-ақ рет ашылған, киімі ұзын етек, ұзын жеңді, басында орамалы болуы шарт.
Беташарды ақын айтқаны дұрыс. Ақын болғанда да, сол әулеттің туысы немесе жақын танысы болса құба-құп. Өйткені, той иесін бұрыннан білетін, жақсы танитын, елге сыйлы, абыройлы адам ашса, әдемі әзілмен әрлеп, келінге отбасы мүшелерін жақсы таныстарады. Білімді, ұлттық киім киген, салиқалы сөз айта алатын азамат таңдалса, беташар рәсімі салмақты, нәрлі шығады. Жас буынның санасында дәстүрге дұрыс көзқарас қалыптасады. Сөйтпесек, салттың сиқын кетіріп, ұлттық кодымыздан айырыламыз. Ақша салғанға мәз болып, жастардың ойын бұзу – сүйкімсіз іс. Бұған әулеттің үлкендері мән бергені абзал. Ал ақша салу кейіннен пайда болған үрдіс. Бұрын бет ашқан кісіге түлкінің терісі, шапан сынды бұйымдар сыйлаған. Ауқатты болса ат, түйе атаған.
– Қазіргі мейрамханадағы қазақ тойының сәні сол жар-жар мен беташарда ғой. Онсыз не сәні қалды? Кей жастар беташардың мәнін ұқпайды. Көбіне жігіт пен келін бірге келеді беташарға. Кейде үйде беташар той жасап, тойханада сән үшін тағы да шағын беташар жасай салатындар да бар. Қазіргі беташар концерттік нөмір сияқты шоуға айналып кетті. Егер асықпай таныстырғысы келсе, үйде, тойға дейін жасау керек, – дейді ардагер-ұстаз Үміткүл Аяпова.
Беташарда келіннің басына ақ орамал жабылады. Ортада тұрған келін қалың жұртқа ілтипатын, құрметін сәлемі арқылы жеткізеді.
– Құдаласқан екі рудың таным-түсінігінің қабысуы-қабыспауы деген мәселе бар. Салт-дәстүр еріккеннің ермегі емес. Келін қыз кезінде бір рудың өкілі. Ал әр ру «жеке космос, әлем» деп бағаланған. Ол рудың бойында өзіне ғана тән жақсы және жаман қасиеттері болуы мүмкін. Сол қасиеттерді екінші рудың бойына өткізбеуге тырысқан бабаларымыз. Сондықтан келіннің бетіне орамал жабылады. Ақ түс – пәктіктің белгісі. Яғни, келін кіршіксіз күйде, бойындағы қажетсіз ақпараттан арылып, жаңа әулетке, «жаңа космос әлемге» руға, таза қалпында енсін деген философиялық астар бар, – депті бір сұхбатында жыршы, өнертанушы Берік Жүсіп.
Еліміздің әр аймағында беташар әр түрлі орындалады. Мәселен, Батыста келіннің жүзі жасырылған орамалға қызыл, ақ, жасыл түсті үш орамалды жалғап байлайды. Қызыл түс – қыздық дәуренің бітті, келін болдың дегені. Ақ түс – ақ жаулықты ана бол дегені болса, жасыл түс – үбірлі-шүбірлі болып, сол әулеттің өрісін кеңейтсін деген сөз. Орамалдың екінші ұшын әшекеймен әдіптелген сабау таяққа байлайды.
Кейде сабау таяққа жас талдың бұтағын таңдайды. Бұл жастықтың, жаңа басталған өмірдің белгісі. Сабауды қайын інісі ұстайды. Оның жасы шамамен 13-14 жас болуы керек. Ал кей өңірде орамалдың екінші ұшына қамшы байлайды. Беташар біткен соң, қамшыны ұстаған қайнысына ниеттеп «жұғысты болсын» деп берген. Ал оны сақтап қойып, бала сүйе алмай жүрген отбасыға табыстауды да бабалар құп көрген. Қамшы байлаудың себебі – қамшы ұстар дүниеге алып келсін деген ниет.
Сөз соңында, көбі біле бермейтін бір дүниемен бөліскенді жөн санап отырмыз. Ел арасында «келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген сөз бар. Соны естіген әлеуметтің келіннің бетін енесіне, яки сол әулеттің ақ жаулықты әжесіне аштырып жатады. Бірақ бұрнағыда үлкендердің айтуынша, орамалды бет ашқан жігіт домбырамен ашады. Сосын ақ жаулықты аналары бетінен сүйіп, аталары батасын беруге болады.
Бетіне жабылған орамалға ешкім қолын тигізбеген. Егер ақынның беташары көптің көңілінен шықса, онда сол үйдің ең қадірлі адамы, туысы саналған. «Келіннің бетін кім ашса – сол ыстық» деген мәтел осыдан туған. Қазір тойдан кейін келін бет ашқан адамның кім екенін есіне түсіре алмайды. Сол үшін әр дәстүрдің мәйекті мәні, мәуелі мағынасы барын ұмытпайық!