«Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» па?
Ғаламторда жүрген небір беташарды көріп «Беташар ма, тонау ма?» деген ойға қаласың. Себебі бет ашатын ақын, асабалар аты аталған кісінің қалтасын қағып алуға құмар. Ал, ақшасы болмаса ше? Оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Осындай сорақылықты көріп, «Беташар – кім көрінген ойыншық қылатын дәстүр ме еді?» деп аяйсың кейде. Ғасырлар бойы қалыптасып, бала келіннің дана келінге айналуына үлкен септігі тиетін ғибраты мол дүние емес пе? Қазір осы дәстүрді қалай дәріптеп жүрміз?
БЕТАШАР – ЖАС КЕЛІНГЕ НАСИХАТ
Беташарды көбі мейрамханада той үстінде жасайды. Негізі, келін түсіргенде бірден жасалатын дәстүр. Өйткені, келін шаңыраққа түсіп, босаға аттағанда бірден бетін ашып, өзі түскен әулетті жақсылап таныстыру керек. Ал беташардың ең негізгі мақсаты – жас келінге өнеге боларлық сөз айтылып, жақын-жуықты қалай құрметтеуді насихат ету.
Өнегелі келін боп
Тарихта мәңгі қалыңыз
Абай менен Шоқандай
Ақылды ұлды табыңыз.
Аузы-мұрның сүйреңдеп,
Өсек айтпа, келіншек!
Қайын ағаңның алдынан
Кесіп өтпе, келіншек!
Осы секілді мағынасы бар беташар жырын кім естіді? Асабалар көбіне сәлем салғызатын адамдарды мадақтаумен ғана шектелетінін ешкім жоққа шығармас. Ата-ене, қайын ағаны бір мақтайды, ананы бір, мынаны бір мақтайды, ақшасын алып, қалтасын қақтайды, сонымен беташар тәмам. Бұған көбіне уақыттың тығыздығын айтып ақталады.
Ертеде келін беташарда сәлем салғаны үшін көпшілік оған сый-сияпат әзірлейтін болған. Ал қазір асабаға не той иесіне ақша жинау мақсатында ғана беташар жасайтын сияқты. Әр адамның атын атап, барлығы ақшасын тастамайынша келесі жырын бастамайтындарды да көріп жүрміз.
Ал беташарда келіннің екі жағына әулетке сыйлы екі жеңгесі тұрады. Олардың беті бір-ақ рет ашылған, киімі ұзын етек, ұзын жеңді, басында орамалы болуы шарт.
НЕ ҮШІН АҚ ОРАМАЛ ЖАБАДЫ?
Беташарда келіннің басына ақ орамал жабылады. Ортада тұрған келін қалың жұртқа ілтипатын, құрметін сәлемі арқылы жеткізеді.
Беташарда келіннің басына ақ орамал жабылады. Ортада тұрған келін қалың жұртқа ілтипатын, құрметін сәлемі арқылы жеткізеді.
Келін қыз кезінде бір рудың өкілі. Ал, әр ру «жеке әлем» деп бағаланған. «Әр елдің салты басқа» дегендей, ол рудың бойында өзіне ғана тән жақсылы-жаманды қасиеттері болуы мүмкін. Сол қасиеттерді екінші рудың бойына өткізбеуге тырысқан бабаларымыз келіннің бетіне ақ орамал жабады. Ақ түс – пәктіктің белгісі. Яғни, келін кіршіксіз күйде, бойындағы қажетсіз ақпараттан арылып, жаңа әулетке, «жаңа әлемге» таза қалпында енсін деген философиялық астар бар.
Ертеде ақынның беташары көптің көңілінен шықса, онда сол үйдің ең қадірлі адамы, туысы саналған. «Келіннің бетін кім ашса – сол ыстық» деген мәтел осыдан қалса керек. Әр дәстүрдің мәйекті мәні, мәуелі мағынасы бар. Өйткені, ол халықтың ғасырлар бойы жинаған өмір тәжірибесі, ұлттың рухани қазынасы. Ендеше, осындай асыл қазынамызды ардақтай білейік.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ