Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жемқорлық қайтсе жойылады

Жемқорлық қайтсе жойылады




Дүйім елде сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жеңген бірде-бір мемлекет жоқ. Бірақ қарқынды күрестің нәтижесінде оның зардабын айтарлықтай азайтқан елдер бар. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық белең алған қоғамда экономикалық дамуға, жемісті нәтижелерге қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан да елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары ауқымды жұмыстарды жүйелі жүргізуде. Дей тұрғанмен, заң бұзушылық оқиғалар түбегейлі тазарды деу қиын. Әсіресе, парақорлықты тыю күрделі шаруаға айналды.

– Азаматтарымыз тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен бетпе-бет келіп отырған кезде сіз бен біздің істеп жатқан жұмысымыздың еш тиімділігі болмайды. Ешқандай халықаралық рейтингтің де керегі болмай қалатыны түсінікті. Түрлі тарту-таралғы беру, сыйлық талап ету, диплом сатып алу – келмеске кетуі керек, – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Ел Президенті Қасым-Жомарт ТоқаевҚазақстанда жемқорлықтың дендеп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, оның тамырына балта шаппаса, ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келтіретінін айтқан болатын. Мемлекет басшысы бұл дертпен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып күресуге шақырды. Жеті басым бағыттарын да ұсынды. Атап айтқанда, азаматтардың құқығын қорғау, мемлекет пен азаматтық қоғамның әріптестігі, қоғамдық бақылауды күшейту, бюджеттік саясаттың ашықтығы, өңірлерді жемқорлыққа қарсы жұмылдыру, мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру, бизнеске қысымды төмендету.

Бүгінде жемқорлықты жою мақсатында қолға алынған игі іс бар. Яғни, парақорлықты көзбен көрсеңіз, ол туралы хабар айтсаңыз сізге сыйақы беріледі. Қазір жемқорларды құрықтаудың тиімді тәсілі – хабарлағандарға қаржылау сыйақы табыстау болып тұр. Бұл бірізділікке түсті десек те болады. Алысқа ұзамай-ақ облыстағы ахуалды сөз етсек. Осыдан 2 ай бұрын облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары заңсыз жолмен 2 млн теңгені иемденген деп бас бостандығынан айырылды. Ал шенеуніктің сыбайлас жемқорлық дерегі туралы хабарлағаны үшін қала тұрғыны 215 мың теңге сыйақы алған. Жалпы былтыр облыс бойынша 10 азаматқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте көмек көрсеткені үшін 2 млн теңгеден астам сыйақы табысталған. 

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Ернар Мақажановтың мәліметінше, білім беру саласы бойынша өңірдің орта білім беру ұйымдарында 12 іс тіркеліп, тиісті жұмыстар жүргізілген.

Академик, медицина ғылымдарының докторы Төрегелді Шармановтың жемқорлыққа қатысты пікірін әлеуметтік желіден оқып қалғаным бар. Ол жемқорлық дегенде келер ұрпақ жиіркенетіндей болу керек дейді. 

– Жемқорлықты пара алған адаммен шектемей, берген адамды да қылмыскер деп санауымыз керек. Әрине, алғаны мен бергені болсын, бұларың аспаннан салбырап түспейді. Олар біздің ортамыздан шығып отыр. Барлығы да біздің аға-көкелеріміз, ұл-қыздарымыз, өз азаматтарымыз. Кішілері үлкенінен үлгі алып, ал үлкені арам пиғылына ерік берген заман. Мұны қазір алдын алып, шорт кесіп доғартпасақ, келешек ұрпақ та осылай болып қалыптасады. Балапан ұядан нені көрсе, ұшқанда соны іледі. Дәл бүлдіршіндеріміз, студент пен оқушыларымыз жемқорлық дегенде жиіркенетіндей сезімде болуы керек, – дейді академик. 

Рас, әр шаңырақта біреудің ала жібін аттамауды, кісі ақысын жемеуді бала кезінен құлағына құйып өссе, бұл былықтан ада болары сөзсіз.
03 мамыр 2023 ж. 319 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930