Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАҚСЫЗ АУДАН БОЛАЙЫҚ

АРАҚСЫЗ АУДАН БОЛАЙЫҚ

Адам баласы үшiн зиянды заттың бiрi – алкогольды iшiмдiктер. Бұған қатысты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Iшімдік – барлық жамандықтың көзi» деген. Демек, асыл дініміз де ішімдікті құптамайды. Иә, расында ішімдік – зиянды сусын. Алайда мұсылман баласы үшін оның зиянымен қатар күнәсі де жетерлік. Ал осы харам сусынның салдарынан қаншама шаңырақ шайқалып, сәбилер тірі жетім атануда. Осы орайда Шиелі аудандық орталық мешітінің бас имамы Бақыт Ұлжаевпен әңгімелескен едік.

– Ассаламуалейкум, қасиетті Рамазан айы құтты болсын, ұстаған оразаңыз қабыл болсын! Жалпы ислам дінінде арақ-шарап харам етілгені белгілі. Сондықтан әуелі шариғат шеңберінде осы ащы су жайлы оқырман қауымға тарқатып берсеңіз.
– Уа алейкум ассалам уа рахматуллахи уа баракатух! Қасиетті Рамазан айы баршамызға қабыл болсын! Алла Тағала баршамыздың ұстаған оразамызды қабыл етсін! Иә, дұрыс айтасыз, бүгінгі таңда ішімдік мәселесі өткір де өзекті тақырыптың біріне айналып отыр. Ішімдік – Алла Тағаланың тыйым салған амалдарының бірі. Ал бұл амалдарды орындаған адамдар екі дүниеде де бақытсыз болады. Расында, құмар ойындары, өлген малдың еті және адамды мас ететін ішімдіктер шайтанның нәжіс амалдарынан болғандықтан, оның зияны орасан зор. Өздеріңіге мәлім, ішімдік ішкен адамда мың бәлекет болады. Отбасының бұзылуы, қылмысқа бару, күнә іс істеудің барлығы осының салдарынан орын алады. Оның түбі жамандыққа алып келеді. Осы арақтың кесірінен Қазақстанда қайтыс болған адамдардың саны соғыстан қайтыс болғандардың санынан да көп. Арақтың кесірінен қаншама жетім-жесірлер пайда болып жатыр, адам өлтіріп жатыр, қаншама отбасының шаңырақтары шайқалуда. Сондықтан оны ішкен адам екі дүниеде де жақсы болмайды.
– Орынды айтасыз, ішімдік ішкен адам не істеп, не қойғанын білмейді. Соның салдарынан елімізде қаншама отбасы зардап шегуде. Осы отты суды түбегейлі тоқтатудың қандай да бір жолы бар ма?
– Жалпы, ішімдікті ешкім ешкімнің ­аузына алып келіп құймайды. Бірақ адамды жүрген ортасы, достары бұзады емес пе?! Мәселен, ұзақ уақыт бойы ішімдіктен алыстаған адамның ортасында ащы суға құмар адамдар болатын болса, онда олар әлгі ішпеген адамды ішкізуге себепкер болады. Сол үшін ішімдікті қоямын, доғарамын деген адам міндетті түрде ортасын өзгертуге тиіс. Алайда арақты қою оңай емес. Бұны тоқтатудың жолы әзірге қиындау. Әр адам қателікті өзінен іздеп, ішімдіктен алыстаса ғана біздің ел ішімдіктен түбегейлі бас тартуы мүмкін. Лайым Алла Тағала сол күнге жеткізсін.
– Жоғарыда ішімдіксіз ел деп айтып қалдыңыз. Бірақ біз алысқа ұзамай-ақ қояйық. Шиелі ауданында қайбір жылдары тұрғындар жаппай ішімдіктен бас тартамыз деп, «арақсыз ауылды» ұрандатқанын білеміз. Қазір ол жақтан ахуал қалай?
– Иә, дұрыс айтасыз. Әлемдегі кейбір елдер бүгінгі таңда арақтан түбегейлі бас тартқан. Ал біздің елде бұндай ұсынысқа келісу әзірге қиын. Өйткені елімізде ішімдікке құмар адамдардың саны көп. Әсіресе, жастар жағы ащы суға бейім. Харам суға ұсыныс көп болғандықтан, мұны өндірушілер де сатылымын тоқтатпайды. Өкінішке қарай, сатушылардың да ­саудасы осы ащы судан болып отыр. Ал ауданға келер болсақ, бұл өңірде де араққа құмартқан адамдардың саны жетерлік. Дүкен сөрелерінде де мұндай тауардың түр-түрі самсап тұр. Ішімдікке тәуелді адамдардың да қатары көбеймесе, азаймай тұр. Алайда қазіргі таңда арамызда ішімдіктен бас тартқан ауылдар да жоқ емес. Мәселен, №21 бекет ауылының тұрғындары бүгінде ішімдіктен бас тартқан. Тек екі-үш отбасының адамдары ғана бұл ұсынысқа келіскен жоқ. Қазіргі таңда бұл ауылдағы дүкендерде ішімдік мүлде сатылмайды. Бұл – біз үшін де, ауданымыз үшін де қуаныш.
– Сатушылар да табысын осы ішімдік­тен тауып отыр дедіңіз. Ал оны шариғат бойынша сатуға бола ма? Асыл дініміз бұл жайлы не дейді?
– Үшінші халифа Осман ибн Аффан хазіреті: «Харамның атасы – арақ» депті. Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Алланың атымен айтамын» деп басталатын хадисінде: «арақ Тауратта, Інжілде, Забурде, Құранда лағынеттелген. Кімде-кім біреудің арақ ішуіне жәрдемдессе, оның теріс жолға түсуіне себепкер болғаны. Шариғат бойынша бұл – адам өлтіргенге тең келетін күнәлар қатарына жататын құбылыс. Кімде-кім арақ ішуші топпен бірге жүрсе, қияметте екі көзі көр соқыр болады» дейді.
Шариғат мұсылманға арақ ішетін жерге баруға, арақ ішетіндермен бірге отыруға, оны сатуға тыйым салған. Басқаша айтқанда, өзін мұсылман деп санайтын кісі арақ тұрған дастарқанға отырған жағдайда, Аллаға және ақырет күніне деген иманынан айрылып қалу қаупі бар. Алла өзі сақтасын!
– Бүгінгі таңда ішімдіктен айықты­ра­тын орталықтар көп. Ал сол орталықтар жайлы ел арасында «Арақ­қа құмартқандарды дұрыс емде­мейді» деген сыбыс бар. Осындай ­орталықтарға дін өкілдерінің көз­қарасы қандай?
– Иә, мұндай сыбыстардың, әңгімелердің ел арасында болып жатқаны жасырын емес. Бірақ емдеу-түзету мекемелерінің еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Мемлекет жыл сайын маскүнемдікке салынған адамдардың емделуі үшін қазынадан қаражат бөледі. Бұның барлығы – сондай адамдардың игілігі үшін жасалып жатқан қайырлы іс. Ал орталыққа барып емделіп-емделмеу әр адамның өз ниетіне ­байланысты. Өкінішке қарай, арамызда емханаға барып емделіп, мекемеден шыққан соң қайта ішімдікке әуестеніп кететіндер көп. Міне, осындай адамдар ғана емдеу орталықтарының нәтижесін жоққа шығарады.
– Ішімдік ішкен адамның істейтін қателіктері мен қылмыстары көп болатыны белгілі. Ал мұндай жандарға асыл дінімізде кешірім бар ма?
– Шын мәнінде, Алланың шексіз рақымшылығы болмаса жер бетінде тіршілік атаулы болмас еді. Алла Тағаланың рақымдығы жайлы бір хадисте: «Алла жаратылысты жаратпастан бұрын рақымдылықты өзіне жазды және расында, менің рақымдылығым азабымнан жоғары» деген. Демек, Алла Тағала тәубесіне келген әрбір құлын кешіреді.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сымбат СҰЛТАН
03 сәуір 2023 ж. 268 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930