Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЗ ДЕ ҒАШЫҚ БОЛҒАНБЫЗ

БІЗ ДЕ ҒАШЫҚ БОЛҒАНБЫЗ

Өнер атауы сөз болғанда алдымен өнегелі жыр, содан соң театр тынысы ойға оралмай ма?! Небір өнер майталмандары еңбек еткен аудандық Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйі бүгінде өрісті өнер ұжымына айналды. Іргелі қара шаңырақта 27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай «Біз де ғашық болғанбыз» драмасы қойылды.
Театр өнерінің шоқтығы биік туындыларына 3 жылдан бері сусап қалған шиелілік көрермен үшін үлкен жаңалық болды. Сондықтан болар, бұл кеште театрға ағылған ағайынның қарасы қалың.
Қос ғашықтың тағдырын желі етіп, ­махаббат пен ғадауат қатар өрілген шығармада – отбасы, бала тағдыры нысанаға алынған. Қыз бен жігіт кезінде бірін-бірі ұнатып қосылған көп жұбайлардың отбасын құруы, кейін сынаққа төтеп бере алмай, о бастағы тұтанған пәк сезімдерін қорғай алмай, ажырасып кететінін, бірақ екеуі де тап сондай кайталанбас ғажайып шынайы сезімді өмір бойы аңсап өтетінін, ажырасқандарына өкінетіндерін автор С.Балғабаев пьеса кейіпкерлері Дәукен мен Зияда тағдырлары арқылы дәлелдеген. Оқиға күтпеген кездесуден басталып, Дәукен, Зияда, Сарман, Айжан арасында өрбиді. Басты кейіпкер Дәукеннің алғашқы жары Зияда мен жеті жыл хабар-ошарсыз кеткен қызы Күнсұлумен көрші боламын деген ой үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Құдіреті күшті Құдай оларды қабырғалас көрші етті. Түсініспеушіліктен бір отбасы құрдымға кетті. Қолда бар алтынның қадіріне жете алмаған Зияда бейнесі арқылы қазіргі қазақ қыздарының, Сарман сияқты жағымсыз кейіпкер арқылы қайырымсыз әкелер тағдыры бейнеленеді. Бір қарағанда төрт құбыласы түгел жандар секілді басында – үйі, бауырында – қазаны, алдында – малы, аясында – отбасы, жұмыр басты пенде осыдан өзге не тілейді деп ойлайсың?... Дегенмен, сырт көзге ғана осылай көрінгенмен өз басына жетерлік отбасы жағдайы, өткен өміріндегі келеңсіз жайттардың елесі немесе қазіргі тағдырындағы тап болған мәселелері оны адам төзгісіз күйге түсіреді. Қоғамда қанша жастар драматург кейіпкерлеріндегідей күйге түсіп, жас өміріне балта шапты. Зияда секілді қаншама қаракөздер өмірден опық жеді. Бір сөзбен айтқанда, «Біз де ғашық болғанбыз» драмасы қоғамда болып жатқан күрт өзгерістерге ілесе алмай, заманның сан қилы қысымына түсіп, өмірі өксікке толып, көз жастары көл болған жастардың тағдырын боямасыз көрсетеді.
Асқан шыдамдылықпен қайта-қайта оқып барып, түсінуді қажет ететін драманың сахнада сәтті қойылуына өнер ұжымының ғана емес, режиссердің де еңбегі орасан. Сұлтанәлі Балғабаевтың қос тағдырдың өмірінен өрбіген шығармасы көпке ой салғаны анық. Қазіргі қоғамда болып жатқан мәселелерді арқау еткен шығарманы шиеліліктерге тарту еткен мәдени ошаққа тағылымды туындыларыңыз толастамасын деген тілек айтамыз.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
03 сәуір 2023 ж. 307 0