7 ҚАЛАДА 7000 ЛИФТ ЖӨНДЕЛУІ КЕРЕК
Қазақстанда соңғы кездері лифт (жеделсаты) мәселесі жиі айтылып жүр. Көпқабатты үй тұрғындарының қауіпсіздігі мәселесі шұғыл шешуді қажет етеді. Лифтінің аңғарына түсіп кетіп ажал құшқандардың оқиғасы жыл сайын тіркелсе де, сең қозғалған жоқ. Күні кеше бірқауым депутат Үкіметке лифт мәселесіне қатысты сауал жолдады.
Лифтінің «жыры» бұған дейін де Алматы, Шымкент, Қызылордада болған оқиғаларға айтылып келсе де, мән бермей, салғырт қараған. Ақтөбедегі қайғылы жағдайдан соң ғана лифтіні жедел тексеруді қолға алды. Оқиға 4 сәуірде 12-ықшамаудандағы №19 үйде болған еді. Әйел 3 жасар баласымен лифтіге кірген. Дәрігерлердің айтуынша, ол лифт кабинасына толықтай кіріп үлгермеген. Әйел кірер кезде лифт есігі жабылып, бірден жүріп кеткен. Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі «Қылмыстық кодекстің 278-бабы 2-бөлігі бойынша («Сапасыз салынған құрылыс») сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптамалар тағайындалды» деп мәлімдеме жасады. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев шұғыл тапсырма берді. «Бұл оқиға бәрімізді есеңгіретіп тастады. Енді қайталанбас үшін тиісті шаралар қолдануымыз қажет. Қала әкімдігі прокуратура және басқа құзыретті органдармен бірігіп, қысқа уақыт аралығында барлық лифттердің жағдайын, сапасын және техникалық қызметін тексеріп шығады. Сонымен бірге, басқарушы компаниялардың мамандарын, азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттіліктерін қаншалықты орындайтынын қадағалау керек» деген соң жауаптылар жеделсаты мәселесін майшаммен қарайтын болған. Нәтижесін уақыт көрсетеді.
Ақтөбедегі жағдайдан соң іле-шала бас қаланың басшылығы лифт мәселесін көтерді. Астананың әкімі Әсет Исекешев елордадағы лифт мәселесін шұғыл талқылады. Ол «Қызмет көрсетуші ұйымдар мен иелері тарапынан өнеркәсіптік қауіпсіздік заңнамасы саласындағы талаптар толық орындалып отырған жоқ. Әкімшілік шаралар тиісті нәтиже бермеуде. Сондықтан олардың жауапкершілігін қылмыстық деңгейге дейін қатаңдатуды ұсыну қажет», – деді. Бас қаланың Орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Төлеген Құлышевтің мәліметінше, ПИК тарапынан бақылаудың жоқтығы мен лифт компанияларының тиісті жұмыстарды атқармауы салдарынан лифтілердің апаттық жағдайда тоқтау оқиғалары жиілеп кеткен. Сондықтан көкпен таласқан көпқабатты ғимараты көп қалада лифт мәселесіне бей-жай қарауға болмайды. Оның айтуынша, елордада 69 арнайы ұйым қызмет көрсететін 6 653 лифт тіркелген. Олардың ішінде: тұрғын үйлерде – 4 910 лифт, әкімшілік ғимараттарда – 1 743. Лифтте жүрудің орташа бағасы: карточкалық жүйеде бір жолғыға 9 теңге, ал БТЖ арқылы – айына 1 200 теңге. 2017 жылы қала әкімінің тапсырмасына сәйкес 96 лифт, соның ішінде қызмет мерзімі біткен (25 жылдан астам) 63, апаттық 23 және «Өркен қала» ЖШС қайтарымды қаражаты есебінен 10 лифт алмастырылған. 2017-2018 жылдары жұмыс істемейтін лифттер бойынша 547 өтінім келіп түскен. Қазіргі уақытта 9 үйде жұмыс істемейтін 12 лифт бар. Сондай-ақ, осы кезеңде, «Эдем Палас 1, 2», «Айя», «Успех» тұрғын үй кешендерінде лифтінің апатты тоқтауы, көтеру құрылғысының үзілуі салдарынан соңғы факт Тәуелсіздік даңғылы, 38/2 мекенжайы бойынша тіркелген. Астана қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес, Тұрғын үй инспекциясы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Астана қаласы бойынша департаментімен бірлесе отырып, қаладағы 117 нысанда 727 лифт қондырғысын пайдаланып отырған 64 ПИК қызметі тексерілген. Мониторинг нәтижесінде 239 көтеру механизмінде кемшіліктер анықталып, 30 басқару органдарының басшыларына қателікті түзеу тапсырылған.
Көпқабатты ғимарттары мен тұрғын үйлері көп үлкен қалалардағы лифт мәселесі әлі де өзекті. Қайғылы жағдайдан соң тұрғындардың қауіпсіздігіне алаңдаған депутат Марат Тағымовтың бастамасымен Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады. (Хаттың мазмұнын толық жариялап отырмыз – ред.)
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Депутаттық сауал жолдауға ақаулы лифт салдарынан Ақтөбе қаласында жас әйелдің қайғылы қазаға ұшырауы себеп болып отыр. Қазаның мән-жайы жұртшылықты қатты толғандырды.
«Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес лифтілер қауіпті техникалық құрылғыларға жатады және оларды пайдалану қауіпсіздігі өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сай болуға тиіс. Инвестициялар және даму министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган болып табылады.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 25 тамыздағы №898 Жарлығына сәйкес тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінде бекітілген лифтілерді бақылау жергілікті атқарушы органдардың құзырына қалалық тұрғын үй инспекцияларына берілді.
Бірақ іс жүзінде жергілікті атқарушы органдарға, атап айтқанда
қалалық тұрғын үй инспекцияларына лифтілерді жаңғыртуды, реконструкциялауды және жөндеуді қоса алғанда, оларды техникалық
күтіп ұстау бойынша бақылау функцияларын іске асыру жөніндегі өкілеттіктер берілмеген.
Жергілікті атқарушы органдарға уәкілетті орган берген штат бірліктері өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік инспектор мәртебесін иеленбеген.
Кеден одағының «Лифтілер қауіпсіздігі» деген техникалық регламентінде лифтіні пайдалануға беру алдында объектіде бекітілген лифтінің техникалық регламент талаптарына сәйкестігін бағалау жүргізілуге тиіс екені белгіленген.
Өз кезегінде, Инвестициялар және даму министрлігі қауіпті өндірістік объект болып табылатын лифтілердің өнеркәсіптік қауіпсіздігіне сараптама жүргізуге міндетті.
Сонымен бірге, қалалық тұрғын үй инспекциялары мен Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің аумақтық бөлімшелері арасында функциялардың қайталануы өкілеттіктердің нақты аражігін ажыратудың және тұтастай алғанда лифт шаруашылығында бақылау функцияларын іске асыру бойынша жауапкершіліктің жоқтығына алып келді.
Нәтижесінде жергілікті жерлерде лифтілерді техникалық күтіп ұстауды жүзеге асыратын компаниялардың қызметіне бақылау жасалмайды, олардың қызметінеқойылатын талаптар айқындалмаған, лифт ұйымдарын сертификаттау тетігі әзірленбеген. Сондай-ақ, біздің ойымызша, лифтілерді монтаждау және оларға техникалық қызмет көрсету құқығына лицензия берудің күшін жою жағдайды ушықтырып отыр. Бақылау тетігі жолға қойылмайынша, лифтілердің адам өміріне қауіпті болып қала беретіні анық.
Қазақстан Лифтшілерінің ұлттық қауымдастығының деректері бойынша республикамыздың аса ірі жеті қаласында 7000-ға жуық лифт күрделі жаңғыртуды немесе ауыстыруды қажет етеді.
Астана қаласының өзінде шамамен 60 сервистік компания жұмыс істейді, олардың болмашы бөлігінің ғана шын мәнінде құзыреттері, мамандары және қажетті өндірістік-технологиялық базасы бар.
2016 жылдан бастап 2018 жылдың бүгінгі күні аралығында Төтенше жағдайлар департаментіне «112» нөміріне Астана лифтілеріндегі апаттық жағдайларға байланысты 934 қоңырау шалынған. Жаңадан салынған тұрғын үй кешендеріндегі лифтілердің де ұдайы істен шығып жататыны таңғалдырмайтын болды.
Лифтілердің апаттылығы мәселесі әртүрлі әкімшілік деңгейлерде талқыланғанымен, жағдайдың өзгермегенін атап көрсету керек.
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы! Жоғарыда баяндалғандарға байланысты Сізден:
Бақылау-рұқсат беру функцияларын ырықтандыру бойынша жүргізіліп жатқан реформа жағдайларында өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдар арасында
лифт жабдықтарын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі функциялардың қайталануын болғызбау және тұрғын үй инспекциясы қызметкерлеріне
тиісті өкілеттіктері бар мемлекеттік инспекторлар мәртебесін беру жөнінде шаралар қабылдауды;
Лифтінің және лифт қауіпсіздігі құрылғысының сәйкестігін растауды сертификаттауды жүргізудің бірыңғай тетігін әзірлеуді;
Лифт қызметін көрсетуге арналған бірыңғай салалық стандартты, оның ішінде лифтілердің бірыңғай электрондық тізілімін құру туралы мәселені қарастыруды;
Кеден одағының «Лифтілер қауіпсіздігі» деген техникалық регламенті талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді;
Монтаждау ұйымдарын, сервистік компанияларды және жабдықтарды импорттаушыларды таңдауға қойылатын талаптарды ретке келтіруді сұраймыз.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз.
Құрметпен, депутаттар: Г. КИМ, Д. ҚҰСДӘУЛЕТОВ, Р. ӘБДІКЕРОВ, С. АЙТПАЕВА, В. ВОЛКОВ, М. ЖҰМАҒАЗИЕВ, М. ТАҒЫМОВ, Р. ТҮСІПБЕКОВ.
Иә, қауіпсіздік туралы жиі айтылады. Бірақ іске келгенде немқұрайды қарайды. Кемерде өрт болмаса, Қазақстандағы сауда, ойын-сауық орталықтарының өрт қауіпсіздігі тексерілмейтін еді. Еліміздің ең үлкен мегаполисі Алматыдағы лифтінің қауіпсіздігін білмек болып, «Алматылифт» мекемесіне хабарласқан едік. Күнде ертең десе де, лифті мәселесіне қатысты нақты жауабын әлі де күтеміз. Лифтіде адам ажал құшпаса, жеделсатының жайы қадағаланбайды. Қауіпсіздік мәселесін қадағалау үшін міндетті түрде құрбандық қажет пе?
Майра БАҚЫТ