Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КИНОТЕАТРЛАРДЫ ТӨМЕНГІ ҚАБАТҚА АУЫСТЫРУ КЕРЕК ПЕ?

КИНОТЕАТРЛАРДЫ ТӨМЕНГІ ҚАБАТҚА АУЫСТЫРУ КЕРЕК ПЕ?


Кемердегі 60-тан астам қаза тапқан оқиғадан соң Қазақстанда кинотеатр мен ойын-сауық орындарын төменгі қабатқа ауыстыру туралы мәселе көтерілген болатын.
Осыған орай Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин «Оны іске асыру үшін құрылыс саласындағы ережелер мен нормаларға өзгеріс енгізу керек. Президенттің нақты тапсырмасы бар. Енді соның бәрін жасау қажет. Аталған мәселе құрылыс істері жөніндегі комитеттің (Инвестициялық және министрлігінің құрылыс және тұрғын үй шаруашылық істері жөніндегі комитеті – ред.) құзыретіне жатады. Нақты міндет бар. Соны орындайтын боламыз. Дегенмен, дәл қазір барлық сауда орталықтарының үстіңгі қабатындағы кинотетар мен ойын-сауық алаңдарын төменге түсіруге міндеттейміз деген сөз емес. Бұл талап жаңадан салынатын нысандарға қойылады» деген еді. Министрліктің мәліметінше, 500-ге жуық тексерілген нысанның тек 6-уы ғана өрт қауіпсіздігіне толығымен сай екен. Кемшілікке қатысты «Әрине, бұл – өкінішті жағдай. Жаратушы бізді үлкен трагедиядан аман алып қалды деуге болады. Әйтпесе, ол сауда орталықтарында адам шығыны болатын еді» деді Юрий Ильин.
Алматыда 20-дан астам кинотеатр бар. Күн сайын қаншама адам кинотеатрға барады. Одан бөлек балалардың ойын-сауық орталықтарында мыңдаған бала ойнайды. Осы мәселеге орай Алматы тұрғындары ең жиі баратын сауда, ойын-сауық орталықтарына келушілер арасында сауалнама жүргіздік.
Әйгерім Сихымбаева, кинотеатр қызметкері:
– Менің ойымша, егер ғимаратта лифт, эскалатор дұрыс, жылдам жұмыс істейтін болса, кинотеатрлардың жоғарғы қабатта орналасқаны дұрыс. Себебі, аумағы өте үлкен залдарды ғимараттардың бірінші қабатында орналастыру өте көп орын алады. Көбіне келушілер желдеткіштен соққан жел суық дегені болмаса, басқа арыз-шағым айтқан емес. Қауіпсіздік талаптары сақталса, аяқасты өрт шыққан жағдайда адамдарды құтқаруға болады деп ойлаймын.
Марат Орынғали, көрермен:
– Кемердегі жағдай қайталанбасын деп Қазақстанда да сауда, ойын-сауық орталықтарын тексеруде. Өрт, су – тілсіз жау. Меніңше, тосыннан қауіпті жағдай орын алса, ең бірінші адамдар үрей, қорқынышқа бой алдырмай қорғаныс, сыртқа шығу ережелерін біліп жүрсе екен деймін. Өрт сөндіру қызметі, жедел жәрдем келгенше аман-есен сол ғимараттан шыға алатын ба еді. Сондай-ақ соңғы кезде сауда орталықтары тез жанатын құрылыс материалдарынан салынып жатыр. Шыны, пластик, пластмасса тез тұтанады. Түтініне адам тез тұншығады. Мәселен, темір бетондармен, металл конструкциялардан құрастырылған үлкен ғимаратта өрт болса, шынысы сынып қалады. Ыстыққа шыдамайтын пластикпен жабылған ғимарат лезде отқа оранады. Адамдар темір бағандардың үстімен жүре алмайды. Жүгіріп сыртқа шыға алмайды. Құрылыстың сапасынан бұрын, ғимаратты қандай материалдан салу керек деген мәселені шешкені жөн дер едім.
Жұмагүл Асанова, зейнеткер:
– Демалыс күндері немерелерімді ойнайтын орталықтарға жиі әкелемін. Ресейдегі Кемер қаласында болған қайғылы оқиғадан соң, бәрімізде бір қорқыныш пайда болды. Өрт қауіпсіздігіне сай келмейтін ғимараттарды күнде жаңалықтан естиміз. Тексерушілердің сөзіне сенсек, Алматыда қауіпсіз сауда орталығы жоқ сияқты. Енді қайда барамыз? Белгісіз. Өрт қауіпсіздігіне сай келмесе, неге жұмыс істейді. Түсініксіз.
Айым Меделхан, бала күтуші:
– Қазіргі уақытта бір қайғылы оқиға болса ғана бәрін тексеруді бастайды. Бірақ соңындағы нәтижесін көрмейміз ғой. Соңғы 5-6 жылдан бері бала күтуші болып жұмыс істеймін. Күнде балалардың батуттан, ауладағы әткеншектен, терезеден құлаған оқиғаларды жаңалықтардан жиі көреміз. Қыста сауда, ойын-сауық орталықтарына барып баланы ойнататынмын. Кемерде кинотеатрда болған оқиғадан соң, баланың ата-анасы тек саябақтар мен аулада ойнатуға ғана рұқсат етеді. Қалған уақытта үйде қараймын. Әрбір ата-анаға баласының аман-есен жүргені қажет. Күні бойы үздіксіз қоңырау соғып, қадағалап отырады. Тіпті баланың ата-анасына 12-қабатқа лифтімен жоғары қабатқа көтеріліп, түскеніме дейін есеп беріп отырамын.
Үкімет басшысы тапсырма берген соң, шұғыл сауда, ойын-сауық орталықтары тексеріле бастады. Алматыда бұған дейін қауіпсіздік шаралары туралы ашық ақпаратты тек қана «Достық плаза» ойын-сауық орталығы берді. Орталыққа айына миллионнан аса адам келіп, кетеді. Өрт қауіпсіздігі бойынша қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің сарапшы ұйымдарының жан-жақты тексеруінен өткен. Соңғы үлгідегі ең озық технологияның жетістігі саналатын құрал-жабдықтар мен автоматты қондырғылармен жабдықталған. «Достық плазаның» директоры Нұрлан Жүнісовтің айтуынша, ең бірінші кезекте орталыққа келушілердің қауіпсіздігіне назар аударылады.  «Біздің нысан – аумағы үлкен ғимарат. Сондықтан қауіпсіздік шаралары басты назарда. Сол себепті, қонақтардың қауіпсіздігін сақтау үшін күн сайын құрылғыларды жиі тексереміз. Барлық жерге бейнебақылау камералары орнатылған. Бүгінге дейін олардан ақау білініп, жұмысы бұзылған жағдайды байқамадық. Кинотеатрдағы он залда 1600 орын бар. Олардың барлығында апаттық есіктер жұмыс істеп тұр» деді.
Тексеруден соң әр қала өрт қауіпсіздігіне сай келмейтін, орталықтардың тізімін жарыса жариялап жатыр. Бірақ одан қандай нәтиже бар? Орталықтардың басшылары айыппұл төлеп құтыла ма? Әлде кеткен қателікті түзей ме? Оның да нәтижесінен хабардар етеміз. Сауалнама жүргізгенде сауда орталықтарына келушілердің айтары көп екеніне көз жеткіздік. Ең өкініштісі, сауда орталықтарының басшылары ат-тондарын ала қашты. Бәлкім, ғимараттары өрт қауіпсіздігі талабына 100 пайыз сай болғанда жауап берер. Бүгінде Алматыда «Байқоңыр», «Алатау» секілді тарихи кинотеатрлардың ғимараттары қоғамдық тамақтану орнына айналды. Жер қозғалса, құламайтын сапалы ғимараттарды бұзып, орнына жел шайқайтын шағын ғимараттар салғаннан жоғалтарымыз көп. Осы күнде кинотеатрлардағы қауіпсіздік мәселесін қолдан жасап жүрген жоқпыз ба?  
Майра ЖАНЫСБАЙ
23 сәуір 2018 ж. 897 0