Жаңа мамандықтар атласы жұмыссыздар санын азайта ма?
Биыл мектеп бітіргелі отырған Ақниет Ғалымжанқызы есімді жас түлек мамандық таңдауда әлі екіойлы екенін айтады. Өзі физика-математика бағытын таңдап отыр. Алайда таңдау пәндері сәйкес келетін қандай мамандық түрлері барын толық зерттемеген.
– Дәл қазіргі кезде біз ұлттық бірыңғай тестілеуге үлкен дайындық үстіндеміз. Әр апта сайын бізден сынама тест алынуда. Алғашқы қаңтар ҰБТ-да жақсы көрсеткішке ие болдым. Бірақ мамандықты әлі таңдамадым. Ата-анам мұғалім болғанымды қалайды. Өзім басқа саланы ұнатып отырмын. Қай мамандыққа грант көп бөлінеді, соған қарай құжаттарымды тапсырамын, – дейді ол.
Иә, аты-жөні өзгертіліп алынған біздің кейіпкеріміз секілді мамандық таңдай алмай жүрген қаншама түлек бар. Сарапшылардың айтуынша, адамдардың 60 пайызы мамандық таңдауда қателесіп, екінші рет қайтадан жоғары оқу орнына түсуге мәжбүр болады екен.
Қоғамға кез келген саланың білікті мамандары қажет. Экономиканың дамуы, технологиялық процестердің енуіне байланысты бір мамандық жойылып, жаңасы ашылып отыратынын ескеру қажет. Цифрландыру дәуірінде электрондық құжаттарға көшуге байланысты IT жүйелерінің мамандары қазір де, болашақта да керек. Сонымен қатар дәрігерлер мен мұғалімдер сұраныстан түспек емес. Білім сапасын көтеруге көп көңіл бөлініп жатыр.
Пандемия кезінде медицина мамандарының тапшылығына куә болдық. Медицинаның белгілі бір саласына маманданған білікті дәрігерлер қажет екені де көрініп қалды. Әсіресе, вирусолог мамандардың маңызын вирустық аурулар тараған кезде жете түсінгендей болдық.
Өмірде екі нәрсені таңдауда жаңылыспау керек болса, соның бірі – мамандық таңдау. Өмірлік жолыңды қалыптастыратын мамандықты дұрыс таңдау, білікті маман болуда шешім жасау маңызды рөл атқарады. Дәл осы шешімнің соңғы нүктесін қоюда әр түлек қателеспеуге тиіс. Өйткені, оның соңы экономикамыздың дамуына кері әсер ететінін ұғынуы керек. Мынадай деректі келтіре кетейік. Жоғары оқу орнын бітірген түлектердің 60%-ы өз мамандығы бойынша жұмысқа тұрмайды. Оған бірнеше себеп бар. Кейбірі грант үшін өзі қаламаған мамандықта білім алуға мәжбүр болады. Кейін оқу бітірген соң ол бағытта жұмыс істемейді. Міндетті түрде кәсіби бағдарды саналы түрде, дұрыс жасау керек. Жастар мамандықты беделі мен жалақысы үшін таңдаса, кейбіреулер тек диплом алу үшін ғана оқиды. Сондықтан да кәсіби білім сапасының деңгейі жеткіліксіз болады. Егер материалдық құндылықтар үшін ғана емес, жүрек қалауымен таңдаса кәсіби шеберлердің көбеюіне алып келеді. Сол үшін мамандықты мектеп бітірер сәтте ғана емес, бірнеше жыл бойы саралап, ойланып таңдау керек. Айталық дамыған елдерде мамандыққа баулуды балабақшадан бастайды. Ал бізде мектеп бітіретін кезде «Кім болам?» деп басы қатып жүргені.
Бұл ретте Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Рекрутинг және мансап» басқармасының басшысы Жандос Оразмахановтың пайдалы ақпараттары жас түлектерімізге өте қажет деп есептейміз. Біз кәсіби бағдар берушімен арнайы барып сөйлесіп, пікірін білген едік. Жас түлектерге мамандықты дұрыс таңдап, кәсіби бағдар беру үшін құрылған орталықтың жұмысы бүгінде жанданып келеді. Тек оқуға студенттерді тартып, бағыт беріп қоймай, биылдан бастап олардың жұмысқа орналасуына да ықпал етпек.
– Жыл бойы облыстағы 9-11 сынып оқушыларымен кездесіп, қалай дұрыс мамандық таңдауға болады, қандай жағдайда грантты иеленудің мүмкіндігі артады деген сұрақтарға жауап береміз. Айталық, былтыр облыста 7600 оқушы мектеп бітірсе, биыл 8200 оқушы түлеп ұшқалы тұр. Алдыңғы жылы 6800 оқушы алтын ұясымен қоштасты. Қарап отырсаңыз, демографиялық өсім жыл сайын артуда. Дегенмен бұл мемлекеттік конкурста бәсекелестікті жоғарылатады. Біздің мамандар өткен жылы қабылдау комиссиясында тегін кеңес беру арқылы облыс түлектерінің 75 пайызының грантқа түсуіне себепші болды. Жасыратыны жоқ, қазіргі жастар Алматы, Астана секілді мегаполистерде оқығанды қалайды. Еліміздің үлкен қалаларында білім алуына да қарсы емеспіз. Бұл ретте кеңесімізді айтып та жүрміз. Алайда жыл сайын 300 түлек бірінші семестрден соң облысқа қайтадан ауысуға өтініш жазады. Бұл бірнеше фактормен байланысты. Біріншіден, жатақхана мәселесі болса, екіншіден ауа райына үйренісе алмаудың әсері бар. Қазақта «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деп те жатады. Сұранысқа ие оқу орындарының ішінде үздік ондықтың қатарындағы университет болғандықтан, туған жерде білім алуға намыстанбау керек. Екі жыл ішінде контингентті екі есеге көтерген біздің басқарма жұмысының нәтижесі де жоқ емес. Бұл біздің материалдық-техникалық базамызды жаңартуға, шәкіртақы мен мұғалімдер жалақысының көбеюіне септігін тигізді, – дейді Жандос Шынжырбайұлы.
Әр бітіруші түлек өзіне «мамандық таңдауда қателеспеу үшін қай салаға барсам білікті маман болып шығамын?» деген сұрақты қоюы керек. Тек техникалық мамандар керек, гуманитарлық мамандар қажет емес деу дұрыс емес. Заңгер көп, бірақ білікті заңгер аз, экономист көп, бірақ білгірі жетіспейді. Сондықтан ең алдымен білікті маман керек. Мына салада маман жетіспейді екен деп бара беруге болмайды. Сол үшін басты нәрсе қай салаға барсаң да, үздік маман болуды ойлау керек. Мұғалім болсаң үздік мұғалім, дәрігер болсаң үздік дәрігер болған абзал.
Жоғарыдағы сауалды тағы Жандос Оразмахановқа да жолдаған едік.
– Кезінде Білім және ғылым министрлігі шығарған статистикаға назар аударғым келеді. Қазір адамдардың 60 пайызы өз мамандығымен жұмыс жасамайды екен. Өйткені жыл сайын 1000-1500 адам екінші диплом алуға құжат тапсыратынына куә болып жүрміз. Демек, бірінші алған дипломы қажет болмаған немесе өзінің жұмыс жасап жатқан саласы бойынша дипломның қажет болуы да мүмкін. Бұның екі жағы бар. Қарап отырсаңыз, 4 жыл уақыт зая кетті. Жоғарыда келтірген статистикалық деректің туындауына не себеп дегенге келетін болсақ, 87 пайыз ата-ана мен оқушы қай мамандықтың актуалды екенін білмейді. Ал 70 пайыз бала ата-ананың ықпалында кетеді. Бұл ауыл жастарында көп. Әрине, ата-ана баласының жаман болғанын қаламайды. Ол өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйенеді. Бірақ қазіргі заманның сұранысымен санасу да керек. Бір қателік – осы. Екіншісі, достарымен бірге бір мамандыққа түсіп, бір жерде оқу деген ұғым бар. Өкінішке қарай, достармен өмір бойы жүрмейсіз. Уақыты келгенде әркім өз жолымен кететіні анық. Сондықтан қай салаға қабілетіңіз мол, нені жақсы көресіз жүрегіңізден сұрау керек. Тағы бір айта кетерлігі, ата-ананың мамандығы баланың болашағына да әсер етуі мүмкін. Мәселен, әкесі дәрігер болса, онда баласының бұл салаға таңдауы түссе онда ұтылмайды. Қайта керісінше, ұтары көп, себебі алда бағыт-бағдар беріп отыратын нағыз жанашыры бар. Біз оқушыларға мамандықтың жаманы жоқ деп айтамыз. Кез келген адам өз саласының шыңын бағындыруы керек, – дейді ол.
Дәл қазіргі уақытта «Мамандығым – болашағым» атты өңірге қажетті жаңа мамандықтар атласы жасалуда екенінен хабардар болдық. Бұл атлас арқылы өңірге қажетті мамандықтарға грант бөлудің тиімді тәсілі ұсынылады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарында «жаңа мамандықтар» бағдарламасы бар.
«BTS Education» компаниясының жасаған жобасы «еңбек кз» сайтында орналасқан. Онда тоғыз сала бойынша қандай жаңа мамандықтар ашылады, қай мамандықтар ескіреді немесе сұранысқа шығатын мамандықтар тізбесі қамтылған. Олар – ауылшаруашылық, тау-кен, мұнай-газ, құрылыс, қаржы, коммуникация және ақпараттық бағдарламалар, мемлекеттік басқару, білім, машина жасау. Осы басты құжат бойынша әр өңірге қажетті мамандықтар тізімі сараланады. Университеттің «Рекрутинг және мансап» басқармасының мамандары өңірге қажетті 5 негізгі саланы іріктеп алуда. Олардың қатарында өндіріс, білім, логистика, құрылыс, ауыл шаруашылығы бар. Басқарманың алдында тұрған ендігі міндет – осы саланың ішінен негізгі үшеуін таңдап алу. «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, облыстағы компаниялармен байланыс орнату арқылы болашақта қандай мамандар қажет екені туралы кеңес алу да жоспарда.
«Негізі қандай мамандықтар сұранысқа ие?» деген сұрақтың жауабын табу үшін кәсіби бағдаршылар мемлекеттік тапсырыс негізіндегі грантқа зер салса жеткілікті дейді. Мәселен, мемлекеттік грантты Үкімет 4 жылға береді. Демек, төрт жылдан соң қандай мамандықтар қажет екенін осыдан көруге болады. Айталық, былтыр мектепке дейінгі тәрбие беру саласына 170 грант болса, биыл 250 грантқа артып отыр. Бастауыш сынып мұғаліміне 395 грант бөлінсе, қазір 563 грант қарастырылуда. Қарапайым мысал, грант артқан сайын сол салаға сұраныс артады дегенді білдіреді. Қазір мұғалім мамандықтарына грант саны өсуде. Ал керісінше экономика, құқық саласына мемлекеттік гранттар аз. Енді қай мамандықтарға грант көп дегенге келетін болсақ, бұл инженерлік мамандықтар екеніне көз жеткіземіз. Құрылыс саласына 2600 грант, тау-кен ісіне 1600, механикаға 1500, энергетикаға 1800 грант бар. Ең көп бөлінген сала IT мамандарына бағытталған. Мәселен, 2021 жылы 2500 грант бөлінсе, былтыр 4000 грант берілген. Демек жыл сайын сұраныстың артып келетінін көруге болады.
Осы тұста кей мамандар «бірінші – сан, кейін – сапа» десе, сарапшылар грант санының өсуі дипломы бар жұмыссыз жастардың артуына әкеледі деген пікір айтады. Өткен жылдың аяғына жақын өңірге іссапармен келген Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин еліміздегі оқу орындарында дайындалып жатқан IT мамандарының саны көп те сапасы сын көтермейтінін тілге тиек еткен болатын. Сондықтан жыл сайын бұл мамандарды даярлап шығаратын оқу орындарының материалдық базалық жағдайын да жақсарту керек шығар деген ой қосқымыз келеді. Мемлекет жыл сайын гранттар санын көбейтіп қана қоймай, университет пен колледждердегі білім сапасына қатысты талаптарын да күшейтуі керек секілді.
Жалпы, еңбек нарығы үнемі өзгеріп отыратыны белгілі. Бүгін сұранысқа ие мамандықтар ертең қажетсіз және ақысыз болып қалуы әбден мүмкін. Ондай өзгерістерді болжау оңай емес. 2020 жылға қарай технологиялардың дамуына байланысты әлемде 5 миллион жұмыс орны қысқаратыны да белгілі болған. 2030 жылға қарай роботтар 800 миллион жұмыс орнын ауыстыра алады дегенге сенесіз бе?
Бұрын жаңа мамандық 20-30 жылда пайда болса, қазір әр 3-5 жылда пайда болады. Бірақ оған қарамастан мамандық ескі болғанмен, маңызды күшін жоймайтын салалардың бар екені белгілі. Мәселен, Канаданың «Canadian Business Magazine» журналының деректері бойынша осы елде әлі күнге дейін мұнай және газ өндіру саласындағы менеджерлерге сұраныс өсе түскен. Оның бірден-бір себебі, мұнай өндірісінде тәжірибе маңызды болып есептеледі. Сондай-ақ геологтар мен океанографтар Канаданың пайдалы қазбаларын қоршаған ортаға елеулі зиян келтірместен пайдалану жолдарын табуда маңызды рөл атқаратын мамандықтар ретінде құнды. Олардың бүгінгі таңда көмір өнеркәсібінде де сұранысының өсуі жалғасуда.
Ал енді жаңа мамандықтар жайына келер болсақ, сарапшылардың айтуынша, 2030 жылға қарай елімізде 57 мамандық түбегейлі жойылып, оның орнын 180 мамандық басады. Қазіргі уақытта өзгеретін мамандықтардың басым бөлігі сұранысқа ие, дегенмен олардың өзектілігін сақтау үшін мамандарға жаңа техника мен дағдыларды игеру қажет. Мамандықтардың атауы өзгермеуі мүмкін. Алайда мамандық ішіндегі біліктілік талаптарының деңгейінде біршама жаңарулар болады. Мамандар жоғалып бара жатқан мамандықтарға назар аударуды сұрайды. Оның негізгі екі себебін де атап көрсетеді. Біріншісі, цифрландырудың дамуы қол және ақыл-ой еңбегі мамандарының азаюына әкеледі. Екіншісі, кей мамандықтар біртіндеп жоғалады. Олардың қатарында бухгалтер, аудармашы, кітапханашы, турагент, даяшы бар көрінеді.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»