Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдағы әйел мәртебесі

Қоғамдағы әйел мәртебесі

Әлем сарапшыларының пікірінше, дамушы елдердің негізі ұстаны­мында әйел мен ана тақырыбы басты орында тұруы керек. Бұл тұрғыда гендерлік саясат қана емес, жалпы әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселесінің оң шешімін табуы өте маңызды.



Елімізде ұрпақ әкелуге қабілетті 4 миллионнан астам әйел бар. 2022 жылдың соңындағы көрсеткіш бойынша олардың 650 мыңы диспансерлік тіркеуде тұр. Өткен жылы елімізде 412 мың бала өмірге келді, оның 32 мыңы Астана қаласында дүние есігін ашқан

Ал мұндай саясаттың одан әрі қарқын алуы үшін әйелдер қоғамдық ортада белсенді болуы қажет. Жалпы, мемлекетіміздің бұл тараптағы ұстанымы айқын. Оны бүгінде әйел қауымының саясатқа, мемлекеттік басқару­ға, бизнеске қатысу мүмкін­дігі­нің кеңейгенінен көруге болады. Дереке сүйенсек, әлем­дік деңгейдегі рейтингтерде еліміз­дің мәртебесі жоғарылап келеді. Мысалы, гендерлік теңдік бо­йын­ша Қазақстан Сингапур, Оңтүстік Корея, Жапония және Біріккен Араб Әмірліктері сияқты жетекші мемлекеттермен иық тірестіріп тұр.
Еліміздің әйел-ана мәртебесіне қа­тыс­ты ұстанымын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әрдайым ашық айтып келеді. Президент ел та­ри­хындағы әйел, аналардың алатын орнының маңызды екенін ерекше атап өтті. Алматы қаласындағы жұрт­шы­лық­пен кездесуінде Президент: «Ұлы дала­ның қыздары халқымыздың мәде­ни дәс­түрлері мен рухани-адам­гер­шілік құндылықтарының сенімді сақ­тау­шылары болды. Сондықтан прогресс пен жасампаздық жолында тұрақты түрде алға жылжып, біз әйелдердің құқық­та­рын шектейтін менталитетімізге жат тен­денцияларға берілмеуіміз керек», де­ген болатын.
«Прогрессивті елдің тағы бір ма­ңыз­ды белгісі – әйелдің қоғамдағы мәрте­­­бесі. Сондықтан біз әйелдердің құ­қық­­тарын қорғауға ерекше назар ауда­руы­­­мыз керек. Соңғы жылдары біз бұл мәсе­леде айтарлықтай же­тіс­тіктерге жет­­тік. Отбасылық-тұр­мыс­тық зорлық-зом­­былық үшін жауап­кер­ші­лікті күшей­ту және еңбек кемсіту­ші­лігін жою үшін ке­шенді іс-шаралар қабылданды», деп атап өткен болатын тағы Мемлекет басшысы.
Осы орайда біз заңгер, дәрігер ма­ман­дармен, көпбалалы ана мен ерек­ше бала өсіріп отырған отанасымен қоғамдағы әйел-ана орны туралы пікірлескен едік.
 
Көпбалалы ана көңіліндегі алаң
– Әрине, қазір көпбалалы ана­лар­ға Үкімет барынша қолдау көрсе­тіп келеді. Алайда бұл тұрақты әлеу­мет­тік қолдауды қажет ететін әулет­тердегі түрлі мәселелерді шешіп тастады деген сөз емес. Осындайда көпбалалы отбасыларға қа­тысты мемлекеттік қолдау ісінде на­зар­дан қандай мәселелер тыс қал­ды деген сауал туындайды. Бұған ана­лар­дың өзі не айтады?
Шолпан КӨШІМОВА,
көпбалалы ана, Шымкент қаласы:
– Отбасымызда жеті бала бар. Қазір бала­ларым өсіп қалды, тегін спорт үйір­ме­леріне, өнер мектептеріндегі курс­тарға барады. Халықаралық, респуб­ли­ка­лық жарыстарда жүлде алып жүр. Бұларға қоса математика, қазақ тілі пәні секілді қосымша білім беру курс­та­рына да қатыстырғым келеді. Алайда олардың барлығы ақылы. Мұны бір отбасының қалтасы көтерсе, екінші отбасы қаржыдан қиналады, бұл – ақиқат нәрсе. Әрине, мемлекет көпбалалы аналарға көптеген қолдау көрсетіп ке­леді, оның барлығы бізге үлкен кө­мек. Соның біріне біздің де отбасы ие болды. 2014 жылы «Жас отбасы» бағ­дар­ла­масымен Шымкент қаласында үш бөл­мелі пәтерге қол жеткіздік. Бала санына байланысты жәрдемақы аламыз, ол қаржы күн­делікті тіршілікке ғана жеткілікті, ба­ла­­лардың өз шығындары бар. Балалы оның ішінде, көпбалалы аналар ұл-қыздарына бола өз мақсаттарынан бас тартып, армандарын құрбан етіп ке­леді. Соның бірі – менмін.
Менің жоғары білімім бар, маман­ды­ғым – мұғалім. Отбасын құрып, ба­ла­­ла­рымның тәрбиесіне байланысты 18 жыл үйде отырдым. Қазір балаларым өсті, кішісі балабақшаға барады. Ең­бекке араласайын деген ниетпен жұ­мыс қарастыра бастадым. Сөйтіп, ма­ман­дығыма орай мектептердің есігін қақтым. Қай мектепте бос жұмыс орны бар, хабарландыру бойынша сол білім ошақтарына бардым. Барлығы да «Кешіріңіз, сіздің тәжіри­беңіз, кате­горияңыз жоқ», деп шығарып салды. Енді баламен үйде отырған әйел қалай біліктілік жинайды, қайдан қажетті категория алады? Яғни көпбалалы отбасындағы әйелдің жұ­мысқа орналаса алмай, қарайып қа­ла­тыны шындық. Біздің қоғамда осы мәселе назардан тыс қалып келеді. Бала күтімімен, демалыста отырған ана­лар ұмыт қалмауға тиіс. Қоғамның осын­дай талабынан біз қыздарымызды тұр­мыс­қа шығудан, ана болу бақытынан айырып, қор­қы­тып алмауымыз керек. Өзіміз үшін ғана емес, өсіп келе жатқан қыздарымыз үшін үн қатуымыз керек. Бұған бейжай қарап отырсақ демографиялық өсуімізге ке­сі­рін тигізері анық.
 
Ерекше балаға екі есе қамқорлық керек
– Дерекке сүйенсек, елімізде ерекше балалары бар отбасылардың саны күрт артқан. Бұл мәселені мемлекет наза­рға алды. Оның бір дәлелі ірі қала­лармен қатар аймақтарда да реа­билитациялық орталықтар салынып, жоғары оқу орындары де­фек­­толог, логопед секілді маман даяр­лауға ден қойып, қатарын арттыруды көздейді. Ал ерекше бала тәрбие­леп отырған аналар, оның денсау­лы­ғын қалыпқа келтіруде қандай мүм­кін­дік­терге ие болып жүр немесе қандай кедер­гіге тап болуда?
Юлия НАЗАРОВА,
Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Теректі ауылының ветеринар маманы:
– Біз отбасымызбен Теректі ауылында шаңырақ көтергелі тұрамыз. Осы ауданда туып-өстік. Балаларымыз өсіп келеді. Ерекше бала тәрбиелеп отыр­мыз. Осы баламыз туғалы қала мен ауылдың айырмашылығын айқын сезіндік. Оған дейін білінбейтін. Инфра­құ­рылымның жоқтығы, жалақының аздығы ғана емес кадрлық мәселеде де өте көп айырмашылық бар. Сондай-ақ балалардың дамуына да жағдай жасалмаған.
Менің жоғары білімім бар, мемле­кет­тік қызметте жұмыс істедім. Алайда ортаншы қызымыздың денсаулығына байланысты жұмысымды тастауға тура келді. Өкініштісі, онкология дерті жас талғамайды, жыл сайын 600-ге жуық жасөспірім осы қатерлі дертке шалдығады деген дерек бар. Біздің қызымыз да екі жасында осындай дертке тап болды, бүйрегінен айырылды. Төрт рет операция жасалып, химиялық, сәулелі терапия алды. Бес жылға мүгедектік санатын рәсімдедік. 2021 жылы бұл мерзім өтіп, мүгедек екендігін қайта дәлелдеуге тура келді. Осыған байланысты жасалған медициналық-әлеуметтік сараптама нәти­жесі бойынша мүгедектік жоқ деген қорытынды жасалды. Осыдан бас­тап барлық құзырлы органның есігін қақтық. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына жаздық, одан нәтиже болмаған соң министрлікке, Президент әкімшілігіне жаздық. БАҚ өкілдеріне жанайқайымызды жеткіздік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне де үн қаттық. Сөйтіп жүріп, Полинаның үшінші топтағы мүгедектігін растадық.
Осы бір ғана мүгедектік санатын растау үшін біз қаншама жағдайды бастан өткердік. Осы орайда мүгедек жандардың тағдырын шешіп, олардың онсыз да мардымсыз жәрдемақысын алу, алмауына байланысты шешім шығаратындар қоғамның, әлеуметтік ортаның жағдайын ескерсе дегім келеді. Мемлекет мұндай отбасына ерекше назар аударып, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-анаға да қолдау көрсетсе артық болмас еді. Қазір 5 адамнан тұратын отбасымызда күйеуім ғана жұмыс істейді, жалақысы 120 мың теңге. Мен өзім массажист курсын оқып, қосымша қаржы табамын. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы ретінде біз тұрғын үй алуға кезекке тұрдық. 2021 жылы статусты алып тас­таған кезде, бұл мүмкіндіктен де айы­рылып қалдық. Мүгедектікті осы жылдың басында ғана қайта рәсімдедік.
Ауылды тастап, қалаға көшіп жатқан ха­­лық­­ты күнде көріп жүрміз. Олар әрине, өз еріктерімен ауылдан кетіп жатқан жоқ. Тұрмыстық жағдайға байланысты, сондай-ақ балаларының өсіп-өркендеуіне қажетті жер іздеп бара жатқаны айдан анық. Мәселен, ауданда кәсіби денсаулық сақтау қызметкерлері жетіс­пей­ді, реабилитациялық шағын орта­лықтар жоқ, ерекше балаларға тегін дәрі-дәрмек берілмейді, оларды тасымалдауға «Инватакси» қызметі қарастырылмаған, судың сапасы да нашар. Балалар – біздің болашағымыз, ал олардың, әсіресе, ерекше балалардың жағдайы ауыл-аймақта мүлдем назардан тыс қалған.

смсм

Таразы басында – ана мен бала денсаулығы
– Біздің қоғам денсаулық сақтау саласындағы реформаның пайдасы мен зиянын қатар көріп отырғаны бел­гілі. Әсіресе ана мен бала денсау­лы­ғын сақтауға бағытталған іс-шараларды таразылағанда олқы тұсының бар екенін мойындауымыз. Бұл турасында маман пікірі қандай?
Зайтуна ХАМИДУЛЛИНА,
Астана медицина университеті, Акушерлік және гинекология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы:
– Әйел денсаулығы – елдің әлеу­мет­тік әл-қуатының көрсеткіші және де­мографиялық саясаттың тиімді инди­каторы. Сондай-ақ әйел денсаулығы сала­матты ұрпақтың, толық отбасының кепілі. Әрине, қазір елдің денсаулық сақтау саласына айтылатын сын өте көп. Алайда ел медицинасы қолжетімді әрі тегін екенін атап өту керек. Барлық елде олай емес. Қазірде елімізде ұрпақ әкелуге қабілетті 4 миллионнан астам әйел бар. 2022 жылдың соңындағы көрсеткіш бойынша олардың 650 мыңы диспансерлік тіркеуде тұр. Өткен жылы елімізде 412 мың бала өмірге келді, оның 32 мыңы Астана қаласында дүние есігін ашқан. Бұл – оң көрсеткіш. Алайда қазір ана мен бала өлімі өткір мәселе болып тұр. Дегенмен бүгінгі күні елде ана өлімінің көрсеткіші коронавирус пан­демиясы кезімен салыстырғанда төмендеді. 2021 жылы ана өлімі көп тіркелді, ал 2022 жылы 30 пайызға азайды. Әрине, проблема бар, бола береді де. Біз бұл мә­селеде жұмысты тоқтатпаймыз, ана ден­­саулығын сақтауда одан әрі тиімді іс-шаралар қарастырамыз.
Бала өліміне қатысты да осыны айту­ға болады. Өткен жылы бала өлімі алты пайызға қысқарды. Шала туған бала­лардың өмірін сақтап қалу 4 пайызға ұлғайды. Салмағы 1 килоға жетпейтін сәбилер соңғы жылдары көп туды. Осын­дай шақалақтарды аман алып қала­тын медицина мамандарының саны артты, арнайы құрал-жабдықтар сатылып алынды. Ананың ден­саулығын жүктілікке дейін де, кейін де қадағалап отыратын жоғары қызмет көрсетуді қолға алу қажет. Орталық Азия елдерінің арасында туған бойда нәрестеге кардиохирургиялық операция тек Қазақстанда ғана жасалады. Мә­селен, жүрек жетіспеушілігімен туған­­ нәрестелердің 86 пайызы өмір сүріп кетеді. Осындай диагнозбен туған 1 500 бала жыл сайын тегін ем алады.
Әрине, алға ілгерілеу бар, бірақ арқаны кеңге салуға болмайды. Жалпы, денсаулық сақтау саласы ана мен балаға медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, дені сау ұлттың қалыптасуына да жағдай жасап, сол саладағы іс-шара­ларды қамту өте маңызды.
 
Гендерлік теңдік тұжырымдамасы
– Елімізде 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді. Онда ерлер мен әйелдер қоғамның барлық саласында тең құқыққа ие болуы, жеңілдіктерге, міндеттер мен мүм­кіндіктерге бірдей қол жеткізуі, ген­дерлік кемсітушілікті болдырмау мәсе­ле­лері қамтылған. Ал осы айтыл­ған­дар іс жүзінде орындалып жатыр ма?
Халида ӘЖІҒҰЛОВА,
заңгер, құқық қорғаушы, Британ жоғары білім академиясының мүшесі:
– Өкінішке қарай, біздің қоғам, ортамыз агрессивті болып барады. Мен 2019 жылдан бастап қоғамдағы – отбасында, мектепте, әйелдер мен балаларға қатысты, түрмедегі, әскердегі зорлық-зомбылықтың себептерін зерттеп келемін. Елімізде зорлық-зомбылықтың артуына бірнеше себеп бар. Бірінші себеп – зорлық-зомбылық үшін әділ және нақты жазаның жоқтығы. Өкінішке қарай, 2017 жылдан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық Қылмыстық кодекстен алынып тасталды. Содан бері елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, әсіресе, ауыр қылмыстар көбейген. Екіншіден, барлық құқық қорғау органында көбінесе ер адамдар жұмыс істейді. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның 2022 жылдың желтоқсанындағы статис­тикасына сәйкес, әйелдер барлық әскери қызметкердің 13,8 пайызын ғана құрайды, оның ішінде басшы әйелдердің үлес салмағы 1 пайыздан да аз. Прокуратура органдарында әйелдер – 22, басшы әйелдер 7 пайыз ғана. Ал ішкі істер органдарында олар 14,6 па­йызды құрайды, 5,5 пайызы басшылық қызметте. Еліміз тәуелсіздік алған барлық жыл ішінде Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Қорғаныс министрлігі мен әскерде, аумақтық бөлімшелер деңгейіндегі барлық жоғары басшылық лауазымдарда тек қана ер адамдар отыр. Әйелдер тек орта басқарушы лауазымдарда жұмыс істейді, стратегиялық шешімдер қабылдауға қатыспайды. Осының салдарынан елімізде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі еленбей келеді.
Азаматтарды, әсіресе, әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауды арттыру мақсатында ІІМ, Бас прокуратура, Қорғаныс министрлігіне бірқатар реформа қажет деп санаймын. Біріншіден, Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігі вице-министрі және Бас прокурордың бірінші орынбасары ретінде әйел адамды тағайындау қажет. Екіншіден, әр министрлік пен 17 облыстағы әрбір аумақтық департамент деңгейіндегі басшылардың 30 пайызы әйелдер болуы керек. Үшінші, полицияда, прокуратурада, әскерде зорлық-зомбылықтың, сексуалды қорлаудың және қызметін асыра пайдаланудың алдын алу бойынша қатаң ішкі саясатты енгізу қажет. Төртінші, құқық қорғау органдарының барлық қызметкері жылына кемінде бір рет гендерлік теңдік және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша оқытудан өтуге тиіс. Бұл қызметкерлерге гендерлік стереотиптерден арылуға және жынысына қарай кемсітуге жол бермеуге мүмкіндік береді.
Ғылыми-зерттеулерге сүйенсек, мемлекеттік қызметтегі кем дегенде 30 пайызы басшы әйелдер болса, ол адами капиталдың дамуына және елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының артуына оң әсер етеді. Сонымен қатар қызметте әйелдердің көп болуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күресуге көмектеседі.

08 наурыз 2023 ж. 293 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930