ҒАСЫРЛЫҚ ТАРИХЫ БАР ҚАРА ШАҢЫРАҚ
«Толған ел тарихын таспен жазады» демекші, талайдың тағдыр жолын түзу таңдап, білім көкжиегін кеңейтуіне түрткі бола білген – №40 Алма Қыраубаева атындағы орта мектебі деп шүбәсіз айта аламын. 2022 жылдың қаңтар айынан бастап аудандағы алар орны мен басар салмағы бар айтулы білім ордасына басшылық қызметте жұмыс істеп келемін. Кәсіби біліктілігім мен пайым-парасатымды ұқыпты ұштастырып, бар күш-жігерімді оқу-білімге, бала тәрбиесіне бағыттап келемін.
Тұтастай бір ғасырды артқа тастаған оқу ошағының толайым тірлігі мен ілкімді істері ауыз толтырып айтарлықтай. Тарих беттеріне көз жүгіртсек, қасиетті қара шаңырақта ұлт көсемі М.Шоқайұлы бастаған танымал саясаткерелер, театр тарландары, дарынды драматургтер, айтыскер ақын, ғылым докторлары, халық ағарту ісінің озық қызметкерлері сауатын ашқан. Сондықтан бізге артылар жүк те жеңіл емес.
Тұтастай бір ғасырды артқа тастаған оқу ошағының толайым тірлігі мен ілкімді істері ауыз толтырып айтарлықтай. Тарих беттеріне көз жүгіртсек, қасиетті қара шаңырақта ұлт көсемі М.Шоқайұлы бастаған танымал саясаткерелер, театр тарландары, дарынды драматургтер, айтыскер ақын, ғылым докторлары, халық ағарту ісінің озық қызметкерлері сауатын ашқан. Сондықтан бізге артылар жүк те жеңіл емес.
Жас келсе, іске. Айта кету керек, ұжымда жастар үлесі жоғары. Педагог-кадрлардың басым бөлігі – педагог-зерттеуші. Сапалы білім беру мақсатында жаңа әдістемелік, инновациялық технологияларды қолданатын оқу ордасы үнемі ізденісте. Білім берудің күрделі міндеттерін шешуде рухани бай, педагогикалық дарыны бар, шығармашылық, кәсіби тәсілдерді жетік меңгерген және жаңалыққа құштар жан-жақты дамыған тұлғалар жетерлік. Біздің білікті кадрларымыз бала дарынын, қабілетін шыңдаудың тиімді тәсілдерін жалғастырып келеді.
Биылғы жыл – өз маңыздылығымен құнды. Ерекшелігі сол, ілімнің іргесі бекіп, білімнің керегесі кеңейген, бірлігі жарасып, ырыс-құты тасыған, ұлы есімді ұлықтаған бұл ордаға – 100 жыл толып отыр. Осынау айтулы күнде туған жерге ту тіккен түлектеріміз туған топырағына тәу етіп, татулықтың ерекше үлгісін көрсетуде. Мектеп және ел тарихы көрініс табатын естелік тақта мен білім ордасының тарихы, даму кезеңдері, шығармашылық жетістіктері, ондағы ардагерлер еңбегі жан-жақты көрініс табатын жинақ топтастырылуда. Сонымен қатар, мектеп ауласын көріктендіру мақсатында «Мұғалімдер бағы» ашылып, көгалдандыру жұмысы жанданып келеді. Аймақ абыройын асырып, татулықтың қазанын қайнату жолында әр түлектің сәтті қадамы менмұндалайды.
№40 орта мектеп – әр тірлікте тандемде жұмыс істейтін, педагогтардың, оқушылар мен ата-аналардың дарынды арсеналы бар монолитті оқу орны екені сөзсіз. Әркез уақытпен санаспай жұмыс істейтін жандардың еселі еңбегі – соның айғағы болса керек-ті. Бұл ұйыған ұжым бірлігінің бекемдігі, шығармашылық қабілетінің қарқынын одан әрі айшықтай түспек.
Ғылымның бастауы мектеп табылдырығынан басталады. Біздің басты қағидамыз – балаға тек білім беріп қана қоймай, алған білімін өмірде, ғылымда іске асыруға жағдай жасау, мүмкіндіктер жолын ашу. Ұстаз еңбегі – білім алушыларымыздың өмірде бір кірпіш болып қалануымен бағамдалады. Сапалы білім – болашаққа құйылған инвестиция десек, әрбір шәкіртіміздің жүрегіне білім дәнін егіп, жемісін молынан көруді көздеп отырмыз. Сондай-ақ біздің ұлағатты ұстаздарымыз танылмаған таланттарды танытып, талантын ұштап, талабына дем беруді жолға қойған.
Мағжан Жұмабаев: «Баланы мұғалімнің өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайықтап дайындау керек» деген екен. Сондықтан «білімге сенер заманда» ұстаздан озатын шәкірт тәрбиелеудің маңызы зор. Білігі мен білімі жарасқан, озық ойлы ұстаздардан білім алған жас буынның болашақта бәсекеге қабілетті, елім дейтін ұрпақ болып жетілетініне сенім мол.
Дауренбек Насибеков,
№40 А.Қыраубаева атындағы орта мектеп директоры
№40 А.Қыраубаева атындағы орта мектеп директоры