Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Су тасқынының қаупі сейілген жоқ

Су тасқынының қаупі сейілген жоқ



Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері көктемгі су тасқынына дайындық мәселелерін талқыға салды. Жиынға мемлекеттік органдар және өңірлер әкімдіктерінің орынбасарлары қатысты.

Комитет төрағасы Асқар Шәкіров Пар­ламент Сенаты көктемгі су тасқы­нына байланысты проблемалық мәсе­лелерді жыл сайын көтеріп келе жат­қанын атап өтті. Ол соңғы жылдары көк­тем келген сайын су тасқыны болатынын және ол мыңдаған ауыл тұрғындары қиын жағдайда қалатынын еске түсірді.
– Атқарушы билік төтенше жағдай­ларға дайындық туралы жыл сайын есеп береді, алайда су тасқыны кезінде күш-қуат пен құрал-жабдық ұдайы жетіспей қалады. Кейіннен соның зардаптарын жоюға әжептәуір бюджет қаржысы жұмсалады, – деді Асқар Шәкіров.
Сенатор бұл кездесудің мақсаты – иесіз гидротехникалық құрылыстарды ком­муналдық меншікке беру, гид­ро­метеорологиялық қызметтердің жай-күйі және басқа да бірқатар маңызды мәселелерді талқылау екенін айтты.
Жиында Төтенше жағдайлар ми­нистрінің орынбасары Мереке Пішем­баев су тасқынының алдын алуға қатыс­ты баяндама жасады. Ол жыл басынан бері жауын-шашынның жиілеуі мен температураның күрт көтерілуінің кесірінен 1 үй мен 46 елді мекендегі 317 аула аумағы зардап шеккенін және 24 жол учаскесін су шайып кеткенін тілге тиек етті. Апат салдарын жою үшін ТЖМ күшімен су сору, құм толы қапшықпен ағын жолын бөгеу және су кететін арналарды тазарту жұмыстары жүргізілді. Бүгінде синоптиктердің алдын ала болжамы бойынша су тасқыны қаупі төнетін аймақтар анықталды. Зерделеуден соң Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау, Қостанай облыстарында, сондай-ақ Абай және Жетісу облыстарында да қатер қаупі жоғары екені анықталды.
Сондай-ақ сенаторларға су тасқыны жағдайына дайындық аясындағы шаралар туралы экология және геология министрінің орынбасары Галидулла Азидуллин айтып берді. Оның ай­туынша жедел штаб құрылып, кезекшілік кестесі бекітілді, сондай-ақ тасқын суды жіберіп жинақтайтын қауіпсіз орын бекітілген.
Жиында Алматы, Түркістан, Жам­был және Қызылорда облыстары әкім­дері­нің орынбасарлары да сенаторлар­ды жергілікті жерлердегі жағдай тура­лы хабардар етті. Асқар Шәкіров кез­десуді қорытындылай келіп, апатты жағ­дай­лардың алдын алу үшін су нысан­дарына тұрақты мониторинг ұйым­дасты­рудың, бақылау пункттері мен гидробио­логия­лық көрсеткіштер стансаларын күшейту маңыздылығына тоқталды.
– Төтенше жағдайлардың туындау қаупін бағалау кезінде трансшекаралық су объектілерінің болуын ескеру қажет. Осыған байланысты трансшекаралық су объектілерін басқару саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту және кеңейту, қолданыстағы шарттар мен келісімдерді ескере отырып, шаралар кешенін жүзеге асыру маңызды бағыттардың бірі болып табылады, – деді комитет төрағасы.
Кездесуде еліміздегі су тасқыны жағдайына қарсы іс-қимыл туралы айтылған ұсыныстар салалық министрліктердің жұмыс барысында, сондай-ақ депутаттардың заң шығару қызметінде ескеріледі.
02 наурыз 2023 ж. 340 0