Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕКТЕПТЕГІ ҚАУІПСІЗДІК: БАЛАЛАРДЫ КІМ ҚОРҒАЙДЫ?

МЕКТЕПТЕГІ ҚАУІПСІЗДІК: БАЛАЛАРДЫ КІМ ҚОРҒАЙДЫ?

Әр ата-ана бауыр еті баласының жақсы адам болғанын, сапалы білім алғанын қалайды. Бұл – заңдылық. Осы мақсатпен де сіз бен біз күн сайын ұрпағымызды мектепке әкелеміз. Ал жуырда ғана Петропавлда болған оқиға елді елең еткізгені рас.
13 ақпан күні Петропавлда таңертең сабаққа барған 4-ші мектептің шәкірттері үшін әдеттегідей қоңырау емес, дабыл соғылды. Білім ошағына балта ала барған бала дәретханада маска киіп алып, жоғары сынып оқушыларына шабуыл жасамақ болған. Үш оқушыны жарақаттаған. Екеуі ауруханаға жеткізілген. Кейін күдіктінің психикалық ауытқушылығы бары анықталды. Ал мамандар қазір дені сау балалардың бойында да агрессия байқалатынын айтады. Оған себеп көп. Негізгілері – буллинг немесе отбасындағы жағдай.
Осыдан соң Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі бойынша кеңес өткізді. Оған министрлердің және барлық өңір әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Жиында оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жағдай, 2022 жылы білім беру нысандарын терроризмге қарсы қорғау нұсқаулығы туралы, білім беру ұйымдарында пайдалану үшін шектелген тыйым салынған заттардың тізімін бекіту жөнінде баяндады. Барлық оқу орындары қауіпсіздіктің кешенді жүйесімен қамтамасыз етілуі тексеріледі.
Сондай-ақ қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және балалар құқығын қамтамасыз ету, оның ішінде қауіпсіздік жүйесін ұйымдастыру жөніндегі кешенді жоспардың жобасын әзірлеуде. Оған 20-ға жуық мемлекеттік орган мен өңірлер жұмылдырылған.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға келесі оқу жылы басталғанға дейін білім беру ұйымдарын дабыл түймелерімен, турникеттермен, лицензияланған күзетпен жарақтандыру және ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылған бейнебақылау жүйелерін орнату жұмыстарын аяқтау тапсырылды.
Шиеліде қырық мектеп бар. Олардың барлығында бейнекамера болғанымен қаншалықты жұмыс істеп тұрғаны беймәлім. Дабыл түймесі мен күзет қызметінің сапасы да күмәнді. Көбіне балаларды мектептің кіре берісінен вахтер апайлар қарсы алады. Көбісі зейнет жасына жақындаған егде адамдар. Құдай бетін әрі қылсын, алда-жалда оқыс оқиға орын ала қалса, қауіпсіздікті дер кезінде қамтамасыз етуге білім ордаларының қауқары жетеді деу қиын. Бұл тек Шиелідегі емес, бүкіл Қазақстан бойынша түйткілге айналып отырған мәселе.
Проблемаға қайғылы жағдай болғанда ғана назар аударылатыны – шындық. Әрине, мектептегі қауіпсіздік – Үкімет деңгейінде шешілетін мәселе. Бірақ мемлекеттен бөлек, ата-ана да баласы үшін жауапкершілікті алуы тиіс. Бұл – жазылмаған заң.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
23 ақпан 2023 ж. 298 0