Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұқтаж жандарға қолдау көп

Мұқтаж жандарға қолдау көп

Қазір әлеуметтің әл-ауқатын көтеретін көмектің түрлері көп. Кез келген адам мұқтаждығына қарай түрлі салада әлеуметтік көмек ала алады. Оның ішіндегі өзектісі аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмек. Осы бір топтың тыныс-тіршілігі басты назарда десе де болады. Еліміздің өсіп өркендеуі, демографиялық жағдайына елеулі үлес қосып отырған көпбалалы аналар, тағдыр тауқыметін тартқан қариялар, мүгедектер, жалғызбасты аналар қашан да қолдауға зәру.
Айлығы жоғары жұмыстың жоқтығы да бұл топтың еркін қанат жаюына кедергі келтіріп отырғаны жасырын емес. Алайда үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қаржылай қолдау көңілге медеу болғанымен, жыртыққа жамау болып отыр ма? Бүгінде мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмек дертке қуат. Егер заңға сәйкес құжаттары өтіп жатса, тиісінше әлеуметтік көмегін қажетіне жаратады. Шиелі ауданында өткен жылы 1444 аз қамтылған отбасының 7770 мүшесіне 567 млн 777 мың теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек төленген, оның ішінде 1-6 жас аралығындағы 4380 балаға 98 млн 459 мың теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік топтама, яғни азық-түлік пакеттері таратылған. Жәрдемақы алып отырған отбасылар үшін бұл қаражат та тұрақты емес. Егер бірді-екілі малы болса, отбасы мүшелеріне шаққандағы күнкөріс табысы асып кетті деген желеумен бұл қаражат қысқарып, қиылып та қалып жатады. Яғни заңда көрсетілген талаптарға сай төленеді. «Жоққа сабыр, барға қанағат» етіп отырған отбасылар үшін ауданның кәсіпкер азаматтары қайырымдылық көрсетуден тыйылған емес.
– Өткен жылы 1444 отбасына 21 млн теңгеден аса қаржыға азық-түлік себеттері таратылып берілді. Сонымен қатар демеушілер есебінен 77 отбасына 2 млн 659 мың 800 теңгеге көмір, 211 азаматқа 4 млн 131 мың теңге қаржылай көмек және бөлімнен қызмет алатын 135 мүмкіндігі шектеулі балаларға 602,0 мың теңге мөлшерінде Түркістан қаласына саяхат пен сыйлықтар берілді. Отбасылық дүкеннің ашылуына орай 10 отбасына 250 мың теңгеге балаларға киім-кешек берілді. Демеушілер есебінен 1 отбасыға үйінің шатырын жабуға 60 мың теңгеге шифер алып берілді. 1 маусым Халықаралық балалар күніне орай 1150 балаға 4 млн 275 мың теңгеге сыйлықтар жасалынды. Бұдан бөлек «Мектепке жол» ауқымды акцияның аясында атқарылған шаруалар жетерлік. Жалпы былтырғы жылы демеушілер есебінен барлығы 5263 отбасына 55 млн 323 мың 500 теңгеге қайырымдылық көмектер жасалынды, – дейді аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ағыбай Төлегенов.
Осылайша қайырымды жандар ұйымдастыратын ізгі шаралардан да осал топтар өз несібелерін алып жатады. Десе де, қазіргідей қымбатшылықта дәл осы қаражаттың әр отбасындағы тұрмыстық қажеттілігін, тұтынатын айлық тамағын толығымен өтейді деуге келмейді. Сөйте тұра жұмысқа қабілетті болса да еңбектенуге құлықсыз кейбір ер-азаматтардың күнкөрісі де отбасына берілетін азын-аулақ ақшаны талғажау етіп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай әлеуметтік көмек түрлері жыл сайын жетілдіріліп келеді. Төленетін жәрдемақыдан бөлек осал топтарға көрсетілетін көмек түрлері бар. Мәселен, жалғызбасты, күнкөрісі төмен адамдарға тұрғын үй жәрдемақысы, әлеуметтік қызметкер тағайындау секілді көмек түрлері көрсетіледі. Әрі денсаулығына байланысты қолдау жұмыстары да тұрақты. Ағымдағы жылы туберкулез ауруына шалдыққан 120 адамға 22 млн теңге бірреттік әлеуметтік көмек көрсетілген. Сондай-ақ облыстық бюджет есебінен гемобластоздар мен апластикалық анемия ­диагнозымен есепте тұратын 3 балаға 846,3 мың теңге төленді.
37 адамға жергілікті бюджет есебінен 43 мың 755 теңгеден бірреттік көмек көрсетілген. – Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген тыл ардагерлеріне, Ауған, Чернобль, тәжік-ауған ардагерлеріне, І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектерге, 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға, көпбалалы аналарға және жекелеген азаматтардың өтініштері бойынша күнкөріс табысы шекті мөлшерден асып кетпесе әлеуметтік көмек көрсетеміз. Бұл топтағы адамдарға көмек тек жылына бір рет қана көрсетіледі. Аталған көмек түрлері жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен жүргізілетіндіктен нақты жоспарлаймыз. Биылғы жылы 236 адамға 14 млн 995 мың теңгеге төлем жүргізілді, – дейді А.Төлегенов.
Бүгінде ауданда 2356 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның 188-і I топтағы, 731-і ІІ топтағы, 926-сы III топтағы мүгедектер, ал 16 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар саны 511-ді құрап отыр. Былтыр олардың 1012-сіне жалпы құны 72 млн 618 мың теңге көлеміндегі гигиеналық құралдар табысталған. Сонымен қатар жүріп-тұруы қиын жандарға мемлекет тарапынан жеке көмекші, ал ымдау тілі мамандарын қажет ететін 22 жанға арнайы мамандар бекітіліп отыр. Одан бөлек кресло-арбамен жүретін мүгедектігі бар адамдарды отырғызуға және түсіруге арналған арнайы гидравликалық құрылғымен жарақтандырылған инватакси қызметі үздіксіз ұсынылып келеді.
Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту бағытында «Тең қоғам» орталығы жұмыс жасап тұр. Өткен жылы орталықтың ашылуына байланысты «Байқоңыр-солар» ЖШС-нің демеушілігімен 3 млн 992 мың 700 теңгеге ғимарат ішіне қажетті құрал жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Халықтың тұрмыс-тіршілігінің түзелуіне, әлеуметтік жағдайының жақсаруына Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында, түрлі мемлекеттік бағдарламаларда мән беріліп келеді. Мұқтаж азаматтарды қолдауға мемлекет тарапынан бөлініп отырған көңіл де, көмек те көп.
Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын көтеру мемлекеттің басты назарындағы мәселе екенінің айғағы іспетті.

Гүлхан ЯХИЯ

15 ақпан 2023 ж. 256 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930