АУҒАННЫҢ ЖЕРІН КӨРГЕНДЕР
Сәрсенбі күні мәжіліс залында Қазақстан Республикасының «Қазбат» жеке құрамы атқыштар батальонының Тәжікстан-Ауғанстан шекарасынан шығарылғанына 22 жыл толуына орай «Ардагер ерлігі – ұрпаққа аманат» атты соғыста болған ардагерлермен кездесу өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Өркен Исмаил, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова мен тәжік-ауған соғысына қатысқан жауынгерлер қатысты.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Өркен Исмаил, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова мен тәжік-ауған соғысына қатысқан жауынгерлер қатысты.
Алғаш болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов маңызды күн туралы айтып, кеудесін оққа керген, ерлігімен танылған жауынгерлерді құттықтады.
– 1992-2001 жыл аралығында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінен жасақталған «Қазбат» бітімгершілік батальонына Шиелі ауданынан 60-қа жуық жауынгер аттанды. «Тәжік-ауған» учаскесі аумағындағы әскери ұрыс қимылдарына қатысқан жауынгерлердің ерлігі еш уақытта ұмытылмайды. Біз оларды әрқашан мақтан етеміз, құрмет тұтамыз. Олардың ерлігіне тағзым етеміз. Ел үшін кеудені оққа тосқан қазақстандық ішкі әскердің жауынгерлері тәжік-ауған шекарасында айбынды ерліктің не екенін нақты дәлелдеді. Қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсетті. Амал қанша, мұздай қаруланған лаңкестермен кескілескен сол шайқаста бірнеше бауырымыз қаза болып, қаншама азаматтарымыз жарақат алды. Оларды ұмытпау, ерліктерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – біздің мақсатымыз. Өздерін бейбіт күннің құрбаны қылған жауынгерлердің ерен ерліктері қанша уақыт өткеніне қарамастан, ел есінде, ұрпақ жадында сақталуы тиіс, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, отты кезеңді бастан өткерген, тәжік-ауған ұрыс қимылдары аудандық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байжанов және аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Руслан Шарипаев сөз алып, өз ойларын ортаға салып, айтулы мерекемен құттықтады.
Кездесу соңында ауданның қоғамдық-саяси өмірінің өркендеуіне және өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге үлес қосып келе жатқан жауынгер азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.
Сұлушаш МАДИЯРОВА