Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ГҮЛ – СЫЙЛАСТЫҚТЫҢ БАСТАУЫ

ГҮЛ – СЫЙЛАСТЫҚТЫҢ БАСТАУЫ

Құшақ-құшақ әдемі гүлді сыйға алуды қыз-келіншектердің барлығы бірдей жақсы көреді. Әсіресе, туған күн мен мерекелік кештерде кез келген нәзік жан жақынынан көздің жауын алатын гүлдерді күтеді. Олар мұны айтып, сыртқа білдірмесе де, іштегі қалауы сол. Сондықтан әжеңізге, анаңызға, сүйікті жарыңыз бен әпке-қарындасыңызға гүл сыйласаңыз, көңілі көтеріліп, ерекше күйге бөленетінін естен шығармаңыз.
Статистикалық мәліметтерге сенсек, жыл сайын еліміздегі гүл дүкендеріне шамамен 40 млн АҚШ доллары болатын гүлдер шоғы әлемнің әр түрлі елдерінен жеткізіледі. Қазақстанды гүлмен қамтушы негізгі мемлекеттер – Нидерланды, Эквадор, Колумбия, Кения және Италия.
Енді гүлдердің бағасына қарай ойыссақ. Наурыз айында көпшіліктің қызғалдыққа қызығушылығы артады. Ақпан айынан-ақ әлеуметтік желілерде қызғалдақтар сатылымына қатысты жарнамалар жарыса жарияланады. «1 наурызға дейін тапсырыс беріп үлгер», «5 наурызға дейін бір қызғалдақтың бағасы – 400 теңге, 5 наурыздан кейін 500 теңге болады» деген сипаттағы хабарландырулардан көз сүрінеді. Жыл сайын мереке қарсаңында гүл бағасының қымбаттауы – қалыптасып қалған дәстүр.
Мамандардың айтуына қарағанда, гүлдің бағасы оны өндірушелерден сатып алу, жеткізу, міндетті төлемдер, курьерлік қызмет, гүл шоғын сәндеу шығындарын есепке ала отырып қалыптасады. Мәселен, жылыжайда бір қызғалдақ 100-150 теңге тұрады. Гүлдер тез солып қалатындықтан әдетте оларды ұшақпен жеткізеді. Ол – қымбат әуекөлік. Гүл шоғын әсемдейтін қағаздар, жазулар және тағы басқалары да арзан емес. Жеткізу қызметіне жұмсалатын шығындар, сатушының еңбекақысы, коммуналдық төлемдер тағы бар. Осыларды қосқан кезде бір қызғалдақтың бағасы 400-500 теңге болып шыға келеді. Бірақ жақындарын қуантуды қалайтын тұрғындарға бұл түк емес. Мереке күні гүл сату орындарындағы ұзын-сонар кезекті ескерсек, ер азаматтар қыз-келіншектер қауымына көтеріңкі көңіл күй сыйлау үшін ақшасын аямайды.
Қазір көпшілік, әсіресе жастар, гүлдерді интернет арқылы сатып алады. Пандемия кезінде бұл онлайн-қызметке сұраныс тіпті артты. Жаныңа жақын адамды қуанту үшін үйден шығудың керегі жоқ. Бірнеше батырманы басып, қоңырау шалып, тапсырыс берсе болғаны. Бірақ көше бойындағы дүңгіршіктер мен сауда орындарына барып, гүлді таңдап алатындардың қатары да аса сирей қойған жоқ. Гүлді барып алған дұрыс па, әлде технология тетіктерін пайдаланып, тапсырыс берген жөн бе? Бұл сауалды «Аққу гүлдер әлемінің» иесі Жаухар Үрімоваға қойдық.
– Оффлайн сатылымда тәуекел көп. Егер гүлді бүгін сатып алмаса, оны тағы бірнеше күн сақтаудың, тезірек сатудың жолдарын қарастыру қажет. Яғни, табыстан айырылып қалуың мүмкін. Ал онлайн сатылым кезінде тапсырысты алдын ала бергендіктен, қай күні қандай гүлдердің сатылатынын жақсы білесің. Интернет арқылы тапсырыс берудің тағы бір тиімді тұсы – уақытты үнемдеп, ауданның кез келген жеріне жеткізу қызметін пайдалануға болады. Сатылымның мұндай түрі жұмыс күндері зор сұранысқа ие. Ал демалыс күндері адамдар отбасыларымен, құрбыларымен келіп, мерейтой иесіне гүлді таңдап алуды құп көреді. Оффлайн сатылымның ұтымды тұсы да осы. Онлайн тапсырыс берушілерде гүлдің балғындығына, иісіне, түсіне қарай таңдау жасау мүмкіндігі бола бермейді, – дейді кәсіп иесі.
Соңғы уақытта ауданда гүл сататын арнайы дүкендер көбейді. Ең алғаш гүл сатып жеке кәсіпкер Наталья бастаған. Кейіннен«Аққу гүлдер әлемі», «Shieli.gulder», «Сенің сыйлығың», «Romantic» сынды түрлі дүкендер ашыла бастады. Кәсіп иелерінің айтуынша, гүлдердің басым бөлігі арнайы Шымкент пен Сарыағаштан келеді екен.
Флористика саласы мамандарының сөзіне қарағанда, әр гүлдің түсі мен түріне қарай сыйлайтын орны бар. Мәселен, әже мен анаңызға бақытгүл, қалампыр, түймедақ, сүйікті жарыңызға қызғалдақ пен раушан, лалагүл, әпке-қарындасыңызға ақ раушан, түймедақ, наркәс, әріптесіңізге, құрбыңызға қызғалдақ, мимоза сыйлаған дұрыс. Ал жапырақтары қарайған, үзілуге шақ тұрған, түрлі «әшекейлермен» сәнделген, жасанды гүл шоқтарын және кактусты сыйлауға болмайды.

С.МАДИЯРОВА

06 ақпан 2023 ж. 474 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930