Суицид кеселі өршіп тұр
Бір жарым жыл бұрын Мәжіліс депутаттары балалардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Сол кезде мәжілісмендер жаға ұстататын деректерді жайып салған еді. 2021 жылдың тек алты айында 105 бала суицидке барса, 193 бала өз-өзіне қол жұмсамақ болған.
Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау дерегі еліміздің әр өңірінде байқалып қалып жатады. Әйтсе де, бұл мәселе Жамбыл облысында тіпті ушыға түскен тәрізді. Деректерге көз жүгіртсек, 2021 жылы өңірде мұндай жағдайдың төрт дерегі тіркелсе, өткен жылы 13 жеткіншек өзіне-өзі қол жұмсауға дейін барған.
«Тәрбие отбасынан басталады» десек, шаңырақтағы кез келген кикілжің жеткіншектің тәрбиесіне әсер етпей қоймайды. Өкініштісі, балалар мен жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау фактілері 2021 жылмен салыстырғанда 9-ға көбейіп отыр. 2021 жылы мұндай жағдайдың төрт дерегі тіркелсе, 2022 жылы он үш дерек анықталған. Әр оқиғаға жеке-жеке талдау жасайтын болсақ, осы жасөспірімдердің 6-уы әлеуметтік жағдайы жақсы, 1-уі төмен, 5-уі орташа отбасында тәрбиеленгенін байқауға болады.
Ажалға асыққан баланың 9-ы толық отбасында, 1-уі толық емес отбасында тәрбиеленсе, 1-уі қамқоршылыққа алынған жасөспірім. Оның ішінде, 6 жасөспірім көпбалалы отбасының баласы екен. Барлық жағдай жасөспірімдердің тұрып жатқан мекенжайында тіркелген. Сондай-ақ балалардың барлығы тәртібі немесе денсаулығына байланысты есепте тұрмағандығы анықталды.
«Жеткіншектер арасындағы бүл кеселдің алдын алу үшін оқушыларды құндылықтар негізінде тәрбиелеп, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін, «мектеп – ата-ана – бала» үштік бірлігінің жұмысын күшейтуіміз қажет», дейді облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек.
Әрине, салаға жауапты басқарма басшысын жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау дерегінің күрт артқаны толғандыратыны ақиқат. Әйтсе де, бұл мәселені шешудің жолы қандай? Жасөспірімдер неліктен кез келген мәселенің шешімі ретінде суицидті таңдауға бейім болып алды?
Әлбетте, мәселеге біржақты қарауға болмайды. Балалардың суицидке баруының себебі көп. Отбасындағы кикілжің, әлеуметтік жағдайдың да әсері бар. Мамандардың айтуынша, гаджет арқылы құмар ойынға аңсары ауған балалардың ойланбай өз-өзіне қол жұмсау деректері де тіркелген көрінеді. Бұл мәселеге қатысты ойымен бөліскен психолог Махаббат Оспанбаева баланың гаджеттерге байланып қалуының қаупі зор екенін айтады.
– Балалар шынында да смартфонға тәуелділіктен арыла алар емес. Өкініштісі сол, қазіргі кезде смартфон көп нәрсенің орнын басты. Тіршілік қамымен жүрген ата-ананың перзентімен жақын араласуға мұршасы бола бермейді. Бұл – әрине, ойландырарлық жағдай. Жасөспірімнің айналасында шынайы сенім ахуалына құрылған орта бар ма? Адамды алмастырған телефонның ар жағындағы ақпараттың астарында не жатыр? Оң ниет пе, әлде теріс пиғыл ма?
Әлі жеткілікті деңгейде тұрақтанбаған нәзік психикаға қитұрқы контенттердің кері әсері болатыны анық. Оған ешкімнің таласы жоқ. Ақпаратты сүзгіден өткізе алмау және жанында жанашырлық танытар жақынының болмауы баланы күйзеліске ұшырататыны айтпаса да түсінікті. Осылайша, жасөспірім жалғыздықтан жадап кетеді. Бұл – мәселенің бергі жағы ғана. Көзге көрінбейтін, мұхиттың астында жатқан алып мұзтау сынды айтылмайтын мәселелер де жетіп артылады. Мұндай ақиқатты қазіргі қазақ қоғамы көтере ала ма? – дейді Махаббат Оспанбаева.
Тағы бір сот сарапшысы, психолог маманға хабарласқанымызда, ол жасөспірімдердің смартфон арқылы құмар ойындарға кіріп кету салдарынан суицидке бару деректері жиі ұшырасатынын алға тартты.
«Сот процестеріне жиі қатысып жүргендіктен мәліметтер әзірге құпия сақталады. Оны жариялайтын кез келеді. Балалардың түбіне жетіп жатқан құмар ойындар екеніне көзім жетті. Бұл мәселе кез келгенімізді толғандыруы керек. Өйткені бала – біздің болашағымыз», деді әзірге аты-жөнін атамауды өтінген маман.
«Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?». Балалардың өз-өзіне қол салуынан бөлек Жамбылда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың да саны арта түскен.
– Жасөспірімдер арасында қылмысты болдырмау мақсатында тиісті жұмыс жүргізілгенімен әлі де кемшілік бар. Облыстық полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, өткен жылы өңірде кәмелетке толмағандар 128 қылмыс жасаған. Осылайша, аймақта қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 54,2%-ға өсіп отыр.
Қылмыс жасаған мектеп оқушыларының саны 16-дан 41-ге, ал колледж студенттерінің саны 25-тен 38-ге өскен. Жасөспірімдер арасында қылмысты болдырмау мақсатында алдағы жылы отбасы қолайсыздығын ерте анықтап, қолдауға бағытталған отбасы акцияларын маусымдық емес, жүйелі түрде ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Әлеуметтік жағдайы нашар, тұрмысы қолайсыз отбасыларды жұмыспен қамту шараларын күшейту, алкогольдік ішімдікке салынған азаматтарды оңалту, баспанасы жоқ отбасыларға қолдау көрсету жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ ата-ана жауапкершілігін қатаңдатуға бағытталған «Ата-ананың құқықтық жауапкершілігі» ұстанымын нығайтудың жаңа тетіктерін пробациялау жүргізіледі, – дейді басқарма басшысы М.Өмірбек.
Әрине, өңірде жастар арасында өз-өзіне қол жұмсау дерегі мен жасөпірімдер қылмысының күрт артқаны кімді де болсын ойландырмай қоймайды. Жауаптылар түрлі жобаны алға тартып ақталғанымен, өңірдегі көрсеткіш білім басқармасындағы мамандардың жұмысын кері тартып тұрғаны анық. Қалай алып қарасақ та, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың артуы мен балалардың өз-өзіне қол салу оқиғаларының салдарымен ғана күреспей, алдымен түп-тамыры мен себебіне үңілген жөн-ау...