Өз-өзіне қол жұмсау тығырықтан шығар жол емес
Өз-өзіне қол салу – өзін өмірден қасақана айыру (суицид). Өзін-өзі өлтірудің себептері әр түрлі. Көп жағдайда өз-өзіне қол салуға себеп болатын нәрсе өмір жағдайының шынайы қиындылығы және өмір оңалмайды деп есептеу. Депрессивті жағдайлар «жиналып» соның салдарынан өзін-өзі өлтіру болуы мүмкін. Өзін-өзі өлтіру қарттарға, нашақорларға, жазылмайтын аурумен ауыратындарға, қылмыскерлерге тән әрекет. Көп жағдайда адамдар дәріні көп мөлшерде, санадан тыс пайдалануды дұрыс шешім деп ойлайды, әрине бұл қате пікір.
Жасөспірімдер мен жастардың ғұмыры қыршыннан қиылып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жер шарында 40 секунд сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсайды. Өкініштісі, әлем бойынша Қазақстан суицид статистикасында үшінші орында. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, былтыр еліміздің 3 805 азаматы суицид құрбаны болды. Олардың басым бөлігі – Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарының тұрғындары. Өз-өзіне қол жұмсағандардың 3 мыңы – ер адам. Ең сорақысы, Қазақстан әлем елдері арасында 15-29 жас аралығындағы азаматтардың «өліммен ойнау» көрсеткішінде төртінші орында тұр. Карантин кезінде 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау 2 есе өскен. 114 бала суицид жасауға әрекеттеніп, 46 оқиғаның соңы қайғылы жағдаймен аяқталған. «Жасөспірімдер мен жастардың ғұмыры қыршын қиылуда. Былтыр 15-29 жас аралығындағы 887 азамат өздеріне қол жұмсады. Уланып, асылып, секіріп өліп жатқандарға тосқауыл қоя алмай отырмыз. Бұл қазірде адамзат қоғамында кең тараған сорақы құбылыс. Суицид, өз-өзіне қол жұмсау ислам дінінде ауыр күнәға жатады. Өйткені өзін-өзі өлтіру шариғатта Жаратқанның жазмышына қарсы шыққанмен тең. Алла Тағала былай дейді: «…Және де өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге Мейірбан ғой. Ал кімде-кім дұшпандықпен, зұлымдықпен солай істейтін болса, біз оны тозақта өртейміз. Олай ету Алла үшін оңай». Тіршілікте көрген тауқыметі үшін өмірден баз кешіп, өз-өзіне қол салу Құдай Тағаланың қаһарына ұшыратады. Ақыретте үлкен азапқа душар етеді. Дүниеден қалай кетсе, ақыретте сол кейпінде жазаланатын болады.
Адамның өмірі қандай болмасын, басына қандай қиындық түспесін, өзіне қол жұмсамақ түгілі, өлім тілеуіне де болмайды. Өйткені адамның жаны, тәні, өмірі – Жаратушы тарапынан берілген аманат. Адамның күні бар ма сыналмаған, Бақ тайса мал менен бас құралмаған. Күніне тоқсан түрлі көрсең пәле, сонда да күдер үзбе бір Алладан!
Өмірде қандай қиындық көрсек те, Тәңірден күдер үзбей, тәуекелшіл бола білу, жақсылықтан үміт ету нағыз мұсылмандық қасиет.
Алтынай Азаматова,
Зульфия Жагипбарова,
Мереке Әлібатыр,
емхана психологтары