Меккеге баруға әншілер неге құмар?
Алланың әміріне бас иіп, шариғат заңдарын бұлжытпай орындайтын әрбір мұсылман баласы үшін қажылық сапарының маңызы зор. Жұмақтан үмітті, Құдайға құлшылық арқылы жақындаған жұмыр басты пенде үшін бұл амалды орындау парыз етілген. Шама-шарқы жеткен мұсылманға Меккеге барып, қағбаны айналып арман-тілегіңді айтып, Жаратқаннан кешірім сұраудың өзі бақыт. Алайда қазіргі таңда қасиетті мекенге бару сәнге айналып кеткен сыңайлы.
Өткенде әлеуметтік желіде бір қазақ қызының қасиетті мекенде жүріп, «Tik-tok» түсіріп жүргенін көзіміз шалды. Бейнежазбаға мұқият қарап көріп едік, Меккеде жүрген әлгі ару бар маңайды айнала билеп, құдды мерекелік кеште жүргендей бақыттан басы айналып жүрді. Желіге жүктелген оның бейнежазбасына жұрт даурыға қарады. Бірі бұл қыздың Құдайға құлшылық жасау үшін келгеніне күмәнмен қараса, кейбірі оның іс-әрекеттеріне теріс пікірлерін білдіріп жатты. Иә, бүгінде қасиетті мекенге барудың өзін үлкен жауапкершілік деп қарайтындар аз секілді көрінеді. Олай деуімізге себеп көп... Мәселен, биылдың өзінде Меккеде «маған тұрмысқа шығасың ба?» дегендерді де, туған күнін сол жақта атап өткендерді де, жігітінен жүз бір роза алғандарды да, ақылға қонымсыз түрлі видео түсіріп, желіге жүктегендерді де көрдік. Көпке топырақ шашпаймыз, әрине. Дегенмен осыдан кейін көпшілік қасиетті мекенге Құдайға құлшылық қылып, бес парызының бірін өтеу үшін баратынына күмәнмен қарайтын болған. Тіпті, қазір ешкім ешкімнің қажылық сапарға барып келгеніне таң қалмайды. Өйткені бүгінде екінің бірі парызын өтеп, қарызынан құтылуға асық.

Инстаграмды аша қалсақ, қазір эстрада жұлдыздарының жарысып «Умра» сапарына барып жатқанын байқаймыз. Умра – деп отырғанымыз кіші қажылық. Міне, осы кіші қажылыққа бүгінде өнер адамдары мен эстрада жұлдыздары жарыса барып жүр. Бірі қажылықтан келіп жатса, енді бірі кетіп жатыр.
Өнерпаздардың дені қажылыққа өз қаражатымен барып жатыр деп ойласаңыз, қатты қателесесіз. Олардың қасиетті мекенге баруына бүгінде әртүрлі компаниялар жағдай жасайды. Яғни, аталған компаниялар әншілермен «бартер» бойынша жұмыс істейді. Бартер деп отырғанымыз – айырбас. Анықтап айтар болсақ, сапарға аттандыратын жауапты компаниялар түрлі өнер иелеріне Умраға жолдама ұсынады. Яғни тегін барып-қайтуға ұсыныс тастайды. Жолдаманы қабыл алғандар оларға жарнама жасап, елді дәл осы компаниямен қажылыққа баруға шақырады. Міне, бүгінде әншілердің құмырсқадай қаптап, қажылыққа жарыса барып жүргендері содан. Ал олар жарнамалаған компаниялардың дені бүгінде халықты сан соқтырып жүргенін сіз білесіз бе? Дәл қазірдің өзінде елді Меккеге апаратын жеке бизнес орталықтары көбейген. Әрине, олардың барлығын алаяқ деп айта алмаймыз. Бірақ арасында халықтың ақшасын алып, артынша жоқ болып кететіндер көбейген. Мәселен, көптеген әншілер жарнамасын жасаған «kausar travel» деген атпен танымал компания қаншама халықтың ақшасын қалтасына басып кеткен. Аталған компания бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарына сұқбат беруден де бас тартқан. Ал қажылыққа апару үшін халықтан алынған қаражат сол бойы өз иелеріне кері қайтарылмаған.
– Өкінішке қарай, бүгінгі күні қажылық жайлы түсінігіміз туристік саяхат, бос мақтан мен атақ-абырой жинаудан әріге аса алмай қалды ма деп ойлаймын.
Біздің елде сенімді компанияларды жоқ деп айта алмаймыз. Мәселен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Тауаф» деп аталатын қажылық компаниясымен сапарға шығатын болсаңыздар, басқарма қызметкерлері өздері жетекшілік жасап, барлық жағдаймен қамтамасыз ететін болады, – дейді аудандық мешіттің бас имамы Бақыт Ұлжаев.
Хош. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қажылық – парыз. Оған кім қалай барса да, ең бірінші құлшылығын өтеу үшін барған мұсылманға әуелі ниет керек. Біз бай болсақ та, кедей болсақ та, әнші, тіпті ақын болсақ та, бәріміз бір аспанның астындамыз. Жер бетінде жүрген жұмыр басты пенде болған соң, бәрімізге қателік тән. Барлығымыз бір Құдайдың құлымыз. Мұсылман болып жаратылғаннан кейін бес парызымызды өтеп, тура жолда жүргеніміз жақсы. Қолымыздан келсе, қажылыққа барып, Алладан жәрдем тілеуіміз қажет. Алайда қажылыққа барып, қағбаны айналғанымызды елге көрсетудің не қажеті бар? Қасиетті мекеннің қадір-қасиетін түсінген болсақ, неліктен мақтан үшін, жұрт көру үшін оны әлеуметтік желіге жария етеміз? Құлшылығымыз қабыл болсын десек, мақтанға салынбайық.
Сымбат СҰЛТАН