Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Күйзеліс соңы – күрсініс

Күйзеліс соңы – күрсініс

Бүгінде адамдардың бәрі де әбігер, мұрнымен шаншылып жүрген біреу. Уайым-қайғы бір бастарына жетіп, артылады. Бай мен кедей, күшті мен әлсіз, адал мен арам, қуаныш пен қасірет, ақ пен қара жанталасқан мына заманда адамның алаңсыз тіршілік етуінің өзі күрделі мәселеге айналды.
Осының салдарынан адамдарда психологиялық ауытқушылықтар пайда болады. Қараңыз, бүгінгі жастар арасында күйгелектік, бойкүйездік, ашушаңдық, менмендік, уайымшылдық және қатыгездік айқын байқалады. Неге? Өйткені өмір барлығына бірдей ыстық құшағын ашып отырған жоқ. Осыдан келіп психологиялық дерт пайда болады.
Бүгінде өзіне-өзі қол жұмсайтын адамдар неге көбейіп кетті? Суицид сұмдығы неге тоқтамайды? Дәрігерлер, психологтар тұрғындардың он проценті күйзелістен зардап шегетінін жасырмайды. Олардың жан азабы асқына келе басқа да ауруларын қоздырады. Жүрек жұмысы бұзылып, қан қысымы көтеріліп, ағзаның қорғаныс жүйесі төмендеп, демікпе, бүйрек ауруларына соқтырады.

Күйзелістегі адамды қалай қолдауға болады?
Күйзеліс – ең жиі тараған психикалық ауытқу: ДДҰ статистикасы бойынша қазір әлемде 250 миллионнан астам адам күйзеліске шалдыққан немесе бастапқы белгілері байқалады. Күйзеліс сөзі көбіне нашар көңіл-күйдің синонимі ретінде қолданылады. Дегенмен ол бірнеше жағымсыз эмоция мен сезімдердің жиынтығы. Мазасыздық, әлсіздік, ұйқышылдық, ешнәрсеге қызығушылық болмауы және салғырттық. Осының бәрі күйзеліс белгілері. Егер мұндай белгілерді жақын жандарыңыздан байқасаңыз, оған күйзелістен шығуға көмектесіңіз. Күйзеліс туралы көбірек зерттеңіз, қандай көмек керегін ашық сұраңыз, Қолыңыздан келгенше жанынан табылыңыз, жақыныңызды ортаға қосуға тырысыңыз, байқалған өзгерістердің бәрін ескеріңіз.
Әр адамда күйзеліске ұшырамауға көмектесетін өзінің жеке әдісі болады. Ал сіз әлі таппасаңыз, жан тыныштандыруға көмектесетін ең тиімді әрі қарапайым әдістерді ұсынамыз.
Алғашқысы, күйзелістік жағдайда тұрғаныңызды сезсеңіз немесе қатты шаршасаңыз, күнделікті істерді аз уақытқа тоқтата тұрып, күннің ортасы болса да, өзіңізге ұнайтын нәрсемен айналысыңыз. Сол кезде шаршағаныңыз басылып, күш жинайсыз. Сондай-ақ өзіңіздің жеке қалауыңызға мән бере отырып, сүйікті иісіңізді іздеңіз. Сүйікті иісіңізді иіскеу арқылы бірден босаңсып, тынышталасыз. Сүйікті иістер жақсы нәрселерді еске түсіреді. Бұл сізге күш сыйлайды. Массаж арқылы да босаңсуға болады. Сізге қандай түрі ұнайтынын шешу үшін алдымен маманмен ақылдасып алған жөн. Ал музыка — күйзелістік жағдайдан арылудың ең жақсы әдісі. Сондай-ақ ол жылдам әсер береді. Тіпті тәжірибе жүргізіп көре аласыз: жағымсыз сезімдер бой ала бастағанда сүйікті шығармаңызды қосыңыз. Бірнеше минуттан соң күйзеліс деңгейінің түскенін байқайсыз. Жануарларды ұстау да мазасыздық пен күйзеліс деңгейін азайтуға көмектеседі, жаңа сезімдер мен энергия сыйлайды. Мысалы, мысықпен немесе итпен 15 минут ойнағанның өзі сізді сергек етеді. Психологтар үй жануарларымен емделудің басқа да түрлеріне мән беруді ұсынады. Мысалы, ат спорты физикалық та, эмоциялық та жағдайыңызды жақсартады. Терапияның ерекше түрлері де бар. Мысалы, орнитология – құстарды бақылау.

Неге күйзелісте жүрген адамдар көбейіп кетті?
Соңғы жылдары күйзеліс тақырыбы жиі көтеріледі. Өйткені осы диагноз арқылы дәрігер көмегіне сүйенетіндер көбейді. Олардың арасында кішкентай бала да, жасы келген қарт адамдар да бар.
Ақпараттар ағынында өмір сүріп жатқан соң, адамның күніне алатын ақпарат саны өсті. Телефондар маңызды нәрсені жіберіп алмау үшін хабарландырулар жібереді, түрлі жарнамалар, жаңалықтар, түрлі ақпараттық арналар, тіпті әлеуметтік желідегі қызықты видеолардың өзі ақпарат көзі. Адам қатарластарынан артта қалмау үшін болып жатқан барлық жағдайдан хабардар болуы керек, одан бөлек өз саласы бойынша білім алуы тиіс. Нәтижесінде ми дем алмайды.
Қазіргі қоғам адамды еркін болуға шақырады. Яғни қаламаса отбасын құрмайды, қаласа шетелде өмір сүреді, өзгенің айтқанымен емес, өз қалауымен жүруге үйретеді. Оның өзі адамды күйзеліске түсіреді.
Күйзеліске себеп болатын біраз нәрсе болуы мүмкін. Дұрыс тамақтанбаудың өзі ағза үшін айтарлықтай стресс. Соған қарамастан, осының бәрін қабылдап, жеңе білетін адам ғана бәріне қол жеткізетінін естен шығармаған жөн.
Қоғам қауіпті қоқыстардан тазармай, тұрмыс түзелмейді. Әрине, пайым да, болжам да көп. Психологтар дерттен айығу үшін адам ең алдымен ішкі жан дүниесінің мәнін ашу керек дейді. Яки кез келген адам өз-өзімен тілдесіп, сұраққа жауап іздеуі тиіс. Күйзелістік күйге түскен адам тек өзіне ғана емес, қоршаған ортаға да кері әсер етеді, мұндай адамдар қоғамнан алшақтанып, алдамшы ғұмыр кешеді деген пайымды да алға тартып отыр. Қалай десек те, күйзеліс – дерт. Бірақ оны емдеудің сан түрлі әдіс-тәсілі бар. Дамыған елдерде әрбір адам алты ай сайын психологпен кеңеседі екен. Әйтсе де шым-шытырық оқиғаға толы бүгінгі жаһандық қоғамда психолог маманның ақыл-кеңесі әрбір адамға қажет сияқты. Ішке енген «қара төбетпен» күресу заманауи адам үшін маңызды-ақ. Әйтпесе ­жауапсыз махаббаттың ащы запыранын тартқан жастар да, ҰБТ-ны тапсыра алмай сан соғып қалған жасөспірімдер де, күнделікті күнкөріс көзінен айырылып, өмірінің мәнін жоғалтып, араққа салынған ерлер де намыстан қорланып, ақыр аяғында тәнін саудаға салған бойжеткен де, бір балаға зәру боп, Алладан ұрпақ тілеген ана да, баспанасыз далада қалған тұтас жанұя да күйзелісті жағдайды бастан кешіріп, күйзеліс атты әбжыланның аузына ілігуде. Бір қарағанда мұның барлығы өмірдің елеуге тұрмайтын сәті сияқты.Бірақ зардабы мен салдары тым ауыр.
Айта кетейік, күйзелісте жүргендерге жергілікті ауруханада тәулік бойы сенім телефоны анонимно жұмыс істейді.

З.Жағыпбарова,
Шиелі ауданаралық ауруханасының психологы

31 қаңтар 2023 ж. 277 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930