Қасіретті қаңтар қайталанбасын
Алтайдан Атырауға дейінгі Ұлы даланы дүрліктіріп, барыс жылының басында болған «Қаңтар қасіреті» қазақ елінің тұтастығына, бірлігіне сын болғанын бәріміз көрдік. Отыз жылдан аса «Тәуелсіздік алдық, өзгелермен тереземіз тең ел болдық» деп бөркімізді аспанға ата шаттанып жүрсек те, өз елімізде, өз жерімізде үмітіміздің ақталмай, қиялдағы арман-мақсатымыздың тасқа соғылғандай күй кешкенін жасырып-жауып, берекет таппаспыз. Осы ащы шындықтың бетпердесін сыпырып алған қанды оқиғаның астары қандай еді? Өткенді бір сәт ой таразысына салып, зерделеп көрсек деген ниетпен қаламға салмақ салдық…
Өткен жылдың басында болған «Қасіретті қаңтар» оқиғасы баршамыз үшін сынақ қана емес, үлкен сабақ болды. Өйткені қаңтар қырғыны бізге тыныштық пен тұрақтылықтың, бейбіт өмірдің қадірін түсіндіріп берді. Бұл күндері Қазақ елінің бірлігі ауыр сынға түссе, ауыртпалығын әрқайсымыз жүрекпен сезіндік. Шын мәнінде, жыл басында біз Тәуелсіздік алғалы бұрын-соңды болмаған ауыр сынақпен бетпе-бет келдік. Ең басты қазынамыз – тәуелсіздігіміз таласқа түсті. Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы басталған бейбіт шеру өзге өңірлерде жалғасып, халықтық дүмпуге алып келді, соңы қанды қаңтар оқиғаларына ұласты.
Өткен жылдың басында болған «Қасіретті қаңтар» оқиғасы баршамыз үшін сынақ қана емес, үлкен сабақ болды. Өйткені қаңтар қырғыны бізге тыныштық пен тұрақтылықтың, бейбіт өмірдің қадірін түсіндіріп берді. Бұл күндері Қазақ елінің бірлігі ауыр сынға түссе, ауыртпалығын әрқайсымыз жүрекпен сезіндік. Шын мәнінде, жыл басында біз Тәуелсіздік алғалы бұрын-соңды болмаған ауыр сынақпен бетпе-бет келдік. Ең басты қазынамыз – тәуелсіздігіміз таласқа түсті. Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы басталған бейбіт шеру өзге өңірлерде жалғасып, халықтық дүмпуге алып келді, соңы қанды қаңтар оқиғаларына ұласты.
Иә, қаңтар айының басында қымбатшылыққа байланысты Жаңаөзен, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Астана, Шымкент, Көкшетау, Орал, Қызылорда және т.б. қалаларда наразылық шаралары өтті. Халық көшеге шығып, бейбіт басталған митинг қарулы қақтығысқа жалғасты. 4 қаңтарда бүкіл Қазақстан бойынша интернет бұғатталып, Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында төтенше жағдай жарияланды. 5 қаңтар күні Үкімет отставкаға кетіп, еліміздің барлық аумағында төтенше жағдай енгізілді. Қаралы қаңтар оқиғасы 238 азаматтың өмірін жалмады.
Қазақтың басына үйірілген қара бұлтты сейілту үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы Үндеу жариялап «Тәуелсіздік тарихында алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет», – деп баса айтты. Сын сағатта халқын осылайша қолдаған Мемлекет басшысы 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп атап, қаза тапқандардың рухына құрмет көрсетті.
Рас. Қаңтардағы қасіретті оқиға баршаға сабақ болды. Осы кезге дейін жаба-жасырып келген қараша халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен мұң-мұқтажы ашық айтылды. Қағаз бетінде көрсетіліп келген әдемі көрсеткіштердің астарында жатқан мәселелер су бетіне қалқып шыққандай болды. Қаңырап қалған ауылдар. Үдере көшкен ел. Далада да, қалада да жұмыссыздық. Шарықтап өскен инфляция! Ойсыраған бюджеттің бүйірін толтыру үшін қарапайым жұрттың иығына неге салмақ түсуі керек? Қосымша салық, айыппұлдардың көлемін өсіру, авиа-теміржол билеттері мен азық-түліктің бағасын қымбаттатудан басқа жол жоқ па?
Міне, осындай өткір мәселелер мінберлерде айтылып, Президент «Жаңа Қазақстанды» құру жолында нық қадамдарға көшті. Атап айтар болсақ, 2022 жылғы 5 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өтті. Онда суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу, бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу, парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту, азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру сынды толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.
2022 жылы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына екі бірдей Жолдау жасады. Мақсат бір – Жаңа Қазақстанды құру. 16 наурыздағы Жолдауда Тоқаев сөзін Қаңтар оқиғасының қасіретін, есебін айтумен бастады. Сонымен қатар бұл Жолдаудың ерекшелігі – «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы еді. Онда елдегі ахуалды сараптай отырып, Президенттің өкілеттігін шектеу, өкілді билік тармағын қайта құру, сайлау жүйесін жетілдіру, партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту, сайлау үдерісін жаңғырту, құқық қорғау институттарын күшейту, бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру, дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар ұсыну керектігін айтты. Ал 1 қыркүйектегі Жолдау «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталды. Мемлекет басшысы «халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады» дей келе, реформалардың нақты бағдарларына тоқталды.
Мәселен, жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, заң және тәртіп сынды 5 бағдарға Қазақстанның бүгіні мен ертеңін сыйғыза отырып, жаңа бағыт-бағдар ұсынды.
Өткен жылдың 20 қарашасында кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Осылайша суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға көшудің алғашқы қадамы жасалды. Сайлау нәтижесі бойынша ел басқару ісіне Қасым-Жомарт Тоқаев лайық деп танылды. Оған қоса барыс жылы соңына таяған тұста «Қасіретті қаңтар» құрбандарын еске алуға арналған «Тағзым» мемориалдық кешеннің ашылуы – халық құптаған іс болды. «Тағзым» мемориалы – көп сатылы сәулет кешені. Бұл ескерткіш әртүрлі түстен тұратын төрт эмоционалды-архитектуралық бөлікке бөлінеді. Атап айтқанда, ақшыл сұр бөлігі еңсеруді, қара түс қаңтар оқиғасы кезіндегі дүрбелең мен үрейді бейнелейді, ал сұр бөлігі – құрбан болғандар мен төгілген қанның, адам шығынының символы, ақ түс тұрақтылық пен дамуға ұмтылуды, қоғамның әл-ауқатын, ұлттың өзін-өзі тануын, күш пен әділетті мемлекетке деген сенімді білдіреді. Әр бөлікте халқымыздың ұлы тұлғаларының қанатты сөздері жазылған тастар мен стеллалар орнатылған.
Демократиясы әбден қалыптасқан елдерде бейбіт шерудің өтуі – заңды нәрсе. Оғаш ешнәрсесі жоқ. Былтыр қараша айында Алматы жұртшылығымен кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт шерулердің себебі – бір бөлек, ал мемлекеттік төңкеріс жасағысы келгендердің мақсаты – мүлде басқа болғанын, сол себепті мәселенің басын ашып алу қажет екенін жеткізген еді. Жөн сөз. Елімізде бейбіт шеруге рұқсат берілген. Алайда, өткен жылғы олқылықтардан сабақ алып, азық-түлік бағасына, қарапайым халықтың қалтасына үңіліп қарамасақ қоян жылының құтын қашырып аламыз ба деген алаң көңіл де жоқ емес. Бастысы, қаһарлы қаңтардың аязы қайтып жанды жараламаса екен...
Г.Әбдіхани