Бейбіт өмірдің бағасын білейік

Елімізде орын алған қасіретті қаңтардың ызғары қайта соқпасын. Батыс өңірден басталған бейбіт шерудің соңы басқа облыстарда вандализмге ұласып, ең ақырында содырлардың арандатушылық, лаңкестік әрекетіне жалғасқан еді. Соның бірі Қызылорда облысында да орын алды. Әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасалып, көшелерде заңсыз оқ атылды. Көліктерге от қойылып, кәсіптік нысандарға ірі көлемде зақым келтірілді. Бұл дегеніңіз 30 жылды енді еңсерген қазаққа оңай тимеді. Осындайда полицейлер мен әскери қызметкерлер үлгілі тәртіп көрсетіп, батылдық пен ұйымшылдық танытты. Олар қоғамдық тәртіпті сақтау жолында күресті. Тіпті, ел ішіне қауіп төндірген бүлікшілерді дер кезінде ауыздықтай білді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Еліміздің әр аймағында болған оқиға біздің халқымыз үшін соққы болды және бүкіл әлемнің назарын аударды. Бұл жанжал біздің мемлекетіміз бен халқымызға үлкен зиян келтірді. Енді біз бір ұлт ретінде осы қайғылы оқиғадан сабақ алуымыз керек. Ең алдымен, болашақта осындай қайғылы оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін барлығын жасауға тиіспіз» деді. Мемлекет басшысының үндеуі халықты бір серпілтіп тастағаны рас. Абай хакім «Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі мол, жақсы жаз келмеуші ме еді?» дегеніндей Алла қаласа, бәрі өз орнына келетініне, бәрі жақсы болатынына кәміл сенемін. Бастысы халықтың талап-тілегі орындалсын. Мемлекет басшысы назарға алған азық-түлік бағасы, көлік қалдықтарын өңдеу салығы, білім саласына өзгеріс енгізу, жастарды жұмыспен қамту сынды өзекті мәселелер шешім табады деп үміттенемін.
Әбдімомын Алдияров,
Қазақстан Халық партиясы Шиелі аудандық филиалының өкілеттілігінің төрағасы
Қазақстан Халық партиясы Шиелі аудандық филиалының өкілеттілігінің төрағасы