Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЗА ТҰТУ КҮНІ – АЛАШ ЕЛІНІҢ ҚАЙҒЫСЫ

АЗА ТҰТУ КҮНІ – АЛАШ ЕЛІНІҢ ҚАЙҒЫСЫ

Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып, тұғыры биік, тынысы кең мемлекетке енді айнала бергенде, қазақ елінің басына қара бұлт үйірілді. Небір сынақты бастан кешкен халқымыз тағы да қайғы жұтты. Жан жүректі ­ауыртып, жұмсақ қана жұмыр етке қатты батқан қасіретті бұл күн еліміз үшін ауыр даталардың біріне айналды. Орны толмас өкініш он төрт облысты да оңдырмады. Арналар мен басылымдар, әлеуметтік желілерде тараған тынымсыз жаңалықтар қалың қазақтың жүрегін ауыртты. Қалың жұртшылықтың зәре құтын қашырған бұл оқиғаның салдары әлі қалпына келе қойған жоқ. Опат болғандар мен залал келген мен мемлекеттік нысандар көп-ақ. Оны қойшы, «елім үшін» деп басын қатерге тіккен әскерилер, қарапайым тұрғындар, полиция қызметкерлерінің лаңкестердің қолынан қаза табуы қабырғамызды қайыстырды. Көк байрағымыз төмен түсті. елдегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде көптеген адамның қайтыс болуына байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Аза тұту күні. ­Неткен қайғылы сөз еді... Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері Қазақстанда аза тұту күні осымен 11-ші рет жарияланып отыр. Ал, бұл қазақстандықтар үшін соңғы екі жылдағы төртінші қаралы күн. Әуелі, соның хронология­­сын еске түсіріп, зер салайық.
2006 жыл 20 қыркүйек. Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада жарылыс болды. Бұрғылау жұмыстары кезінде газ бен көмір қосындысы атылды. Оқыс оқиға болған кезде жер астында 3-ші ауысымның 137 қызметкері болған. Жарылыс салдарынан 41 кенші қайтыс болды, жеті жұмысшы жараланды.
2008 жыл 14 қаңтар. «Абай» шахтасында қайғылы оқиға орын алды. 400 метр тереңдікте метан жарылды. Ресмиоргандар осы уақытта шахтада 191 адам болғанын жария етті. Жарылыс салдарынан 30 адам қаза тапты.
2010 жыл 16 наурыз. Қызылағаштағы табиғи техногендік апат. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең жойқын су тасқындарының бірі. Алматы облысының Қызылағаш ауылында наурыздың 11-нен 12-не қараған түні орын алды. Қайғылы жағдайдан 43 адам көз жұмды, олардың арасында сегіз бала болған.
2012 жыл 5 маусым. Арқанкергендегі қанды оқиға. 28 мамырда «Арқанкерген» шекара қызметінде 14 шекарашы мен қорықшы қаза тапты. Қылмыстың жасалуына тірі қалған сарбаз – Владислав Челах кінәлі деп танылды.
Ол қазіргі уақытта темірторда жазасын өтеп жатыр. Аза тұту күні 5 маусымға белгіленді.
2012 жыл 27 желтоқсан. Шымкентте ұшақ құлады. 25 желтоқсанда қала маңында Ан-72 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Әуе көлігінің бортындағы 27 адамның барлығы қаза тапты.
2013 жыл 31 қаңтар. SCAT авиакомпаниясының лайнері Көкшетау – Алматы бағытында ішкі рейсті орындау кезінде оңтүстік астананың әуежайы маңында құлады. Әуе апаты салдарынан борттағы 21 адам қаза тапты. Олардың қатарында 16 жолаушы және экипаждың 5 мүшесі болды.
2016 жыл 9 маусым. Ақтөбедегі лаңкестік. Террорлық акт салдарынан 8 адам қаза тапты. Антитеррорлық операция кезінде 18 қылмыскердің көзі жойылды.
2019 жыл 28 желтоқсан. Bekair компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Ол Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыталған еді. Ресми деректер бойынша 13 адам қайтыс болды.
2020 жыл 13 шілде. Бұл коронавирус салдарынан қайтыс болғандарды еске алу күні. Жалпыұлттық аза тұту күні.
2021 жыл 29 тамыз. 26 тамыз күні кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды. 13 адам қаза тауып, 98 азамат жарақат алды.
2022 жыл 10 қаңтар. Лаңкестердің қолынан қарапайым қазақстандықтар да, құқық қорғау қызметкерлері де қаза тапқан қаралы күн. Қаңтар айының басынан басталған бұл оқиғадан көптеген адамдар содырлардың қолынан қаза болуына ­байланыс­ты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күнді еліміздегі 11-ші қаралы күн деп жариялады.
Тас түскен жеріне ауыр. 11-ші рет аза тұту күнін жариялап отырған мемлекетіміздің жайы бүгінде барша қазақ еліне ортақ қасіретке айналып отыр. Азық-түлік пен газ бағасының қымбаттауынан басталған Жаңаөзендегі жағдайдан кейін, жергілікті тұрғындар жаппай бейбіт шеруге шығып, соңы үлкен көтеріліске ұласты. Еліміздегі үлкен қалаларда орын алған шерудің соңы лаңкестік әрекетке дейін барып, соның салдарынан талай адам жарақат алды. Содырлардың кесірінен береке қашып, елге іріткі салушылар арандатып, қаншама адам оққа ұшып, қаза тапты. Жаппай тәртіпсіздік кезінде қазақ жастарының дені қыршыннан қиылды.
ҚР Ішкі істер министрлігі бүлікшілермен қақтығыста қаза тапқан полицейлердің тізімін жариялады. Олардың ішінде Ақтау қаласындағы 20 жастағы жас курсант, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекарашы студенті Мейірхан Бітім де бар. Көпбалалы отбасынынан шыққан курстанттың денесі күні кеше Ақтау қаласына ұшақ борты арқылы жеткізілді. Батыс халқы батыл сарбаздардың денесін әуежайдан күтіп алып, оның отбасына қайғырып көңіл айтты. Одан бөлек, елімізде өз міндетін адал атқарғандардың қатарында: Тараздық полиция қызметкері капитан Сланбеков Рахат Нұрбайұлы, Алматы қаласының полиция старшинасы Қамбетов Ринат Талғатұлы, Алматы полиция бөлімінің аға сержанты Асылханов Әлен Мұхитұлы, Прапорщик Ержанов Ербол Тілеубекұлы; Жамбыл облыстық полициясының кіші сержанты Алмасов Нұрболсын Ғаниұлы бар. Ал, қаза тапқан қызметкерлердің қатарында: ҚР ҰҚК Шекара академиясының кафедра бастығы Андрей Кабдинов, Жамбыл облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті Терроризмге қарсы орталық бөлімінің бастығы Дастан Әділбай, ҚР ҰҚК Шекара академиясының аға офицері Жандос Жағалбаев, ӘҚББ кіші жедел уәкілі Әділ Нүркенов, ҚР ҰҚК Шекара академиясының курсанты Жайық Әділқан, ҚР ҰҚК Шекара академиясының курсанты Мейірхан Бітім, ҚР ҰҚК Шекара академиясының курсанты Дәулет Жұпарбеков бар. ҚР Ішкі істер министрлігінің соңғы дерегі бойынша Алматыдағы оқиғаларға байланысты 125 сотқа дейінгі тергеу басталған. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болғандардың отбасына қайғыра көңіл айтып, олардың отбасына қаржылай көмек беру ісін қолға алды. Және де мемлекет басшысы осындай қиын-қыстау күндері ел үшін жан беруге дайын қызметкерлерді мемлекеттік наградалармен арнайы марапаттады.

Сымбат Сұлтан

10 қаңтар 2022 ж. 369 0