Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыстағы ахуал оңалып келеді

Облыстағы ахуал оңалып келеді

Еліміздің барлық аймағында, соның ішінде Қызылорда облысында қалыптасқан жағдайға байланысты 5-19 қаңтар аралығында Төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Бұл – елдегі тыныштықты сақтап, ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалған аса маңызды қадам. Осы орайда, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова террорлық акті салдарынан зақымданған әкімшілік ғимараттарды аралап, нысандарды қапына келтіру жұмыстарын саралаған болатын. 
Елде орын алған лаңкестік топтың бүлігінен көптеген өңірлерде бейбіт тұрғындар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бизнес нысандары, мемлекеттік мекемелер зардап шекті. Осы орайда облыс әкімі Г.Наушақызы ең алдымен «Nur Otan» партиясының Қызылорда қалалық филиалы ғимаратында болды. Онда «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында террорлық әрекет салдарын жою бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Нысанның 70 проценті өртке оранып, мүлкіне залал келген. Қазірде шығын көлемі есептелуде.
Мұнан соң өңір басшысы Қызылорда қаласы әкімдігіне барды. Айта кетейік, теріс пиғылдағы террорлардың шабуылы облыс әкімдігінің ғимаратында да орын алды. Әкімдіктің ғимаратында есік-терезелерді сындыру, офистік техникаларды ұрлап кету, қызметтік автокөліктерді өртеу әрекеттеріне дейін барған. Жалпы 1-3 қабаттағы кабинеттерге зақым келген. Бірақ, 7 қаңтардан бері әкімдік қалыпты жұмыс режиміне көшкен. Ал, террористік әрекет салдарынан облыстық сот ғимаратының 460-қа жуық құрал-жабдығы мен 300-ден астам офистік техникасы жарамсыз күйге түскен. Қазір ғимаратты тазалау мен қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Өңір басшысы жөндеу жұмыстарын жүргізу және шығын көлемі нақты дәлелді есептемелермен, құжаттармен расталуы керектігін тілге тиек етті.
– Төтенше жағдай режиміне байланысты залал келтірілген ғимараттарға Үкімет резервінен қажетті қаражат бөлінеді. Ол алдағы уақытта белгілі болады. Ал, оған дейін біз дайындық жұмыстарын жүргізіп, келтірілген шығын көлемін нақтылап жатырмыз. Қажетті сома бөлінген соң, қайта қалпына келтіру жұмыстарын бастаймыз. Жалпы, 8 әкімшілік ғимараттың шығын көлемі 6 млрд теңге көлемінде есептелді. Аймақтағы бизнес өкілдерінің шығындарын өтеу жөнінде мемлекет міндеттеме алды. Террорлық акті салдарынан облыста 15 кәсіпкер субъектісіне зиян келіп, оның көлемі шамамен 395 миллион теңгеден асты. Бірақ, басты принцип – шынайылық болу керек. Шығын көлемі нақты құжаттармен рәсімделуі тиіс, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Мұнан соң, аймақ басшысы қала нысандарын аралау барысында облыстық медициналық орталыққа барып, онда ем алып жатқан террористік шабуылдан жарақат алған сарбаздардың жағдайын біліп, ауруханадағы 5 полиция және әскери қызметшінің жағдайын сұрады. Айта кетейік, 5 қаңтардан осы кезге дейін облыстық көпбейінді ауруханада 204 тұрғын медициналық көмекке жүгінсе 48 науқас ем алуда, 9 науқас жансақтау бөліміне жатқызылған.
Аймақ басшысы осы күрделі әрі қиын кезеңде сабырлық танытып, ел болашағына жауапкершілікпен қараған өңір тұрғындарына алғысын жеткізді. Қазіргі таңда басты мәселе ел тыныштығы екенін айтты. Жалпы, Қызылорда облысында жағдай тұрақты. Ел азаматтары, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары мен белсенді жастары ел тыныштығын сақтау бағытында бірлесе жұмыс атқарып жатыр. Осындай жауапты кезеңде елдің тыныштығы мен тұрақтылығы аса маңызды.

Ш.Тілеубаев
15 қаңтар 2022 ж. 574 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930