Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «ҚАРА ЖҰМА» қайдан шықты?

«ҚАРА ЖҰМА» қайдан шықты?

Жыл сайынғы Жаңа жылдық жеңілдіктер дәл осы «Қара жұмадан» басталады. Яғни сауда орталықтары мен интернет-дүкендерінде 10-90 процентке дейін жеңілдіктер ұсынылады. Жұма күні сауда үйлеріжаппай жеңілдіктер жариялайды. АҚШ-тан бастау алған бұл «Black Friday» акциясы бүгінде әлем елдерінде кең қанат жайған. Ал қазақстандықтар бұл акцияға қаншалықты қатысады? Жеңілдіктерге сене ме? Тауары мен қызметін бірер күнге арзандатқан компаниялардың пайда көруі мүмкін бе?
«Қара жұма» тіркесі құлаққа түрпідей тиетіні рас. Сондықтан акция атауын «Жомарт жұма» немесе «Берекелі жұма» деп атау жөн секілді. Бұл үрдіс ең алдымен АҚШ-та пайда болған. АҚШ-та қараша айының соңғы бейсенбісінде «Алғыс айту» күні атап өтіледі. Міне, осы мерекеден кейін рождестволық сату маусымын өткізу дәстүрі бар. Бұл дәстүрдің негізін қалаған Фрэнк Вулворт 1873 жылы Пенсильваниядағы Ланкастер қаласында алғашқы жаппай сатылымды ұйымдастырған. Ол кезде «Қара жұма» деген атау болды ма, жоқ па, белгісіз. Бірақ«New York Times» басылымы 1996 жылы Американың есепші (бухгалтерлік) кітаптарында шығындар қызыл сиямен, ал таза табыс қара түспен белгіленген екен. Екінші дәл осы күні сауда орындарындағы жеңілдіктерге байланысты халықтың қарасы көбейген. Қысқасы, ол елде «Қара жұма» табысты, кірісі мол жұма деген мағынаны береді.
Қай елдің сауда айналымын алсаңыз, қараша кірісті ай саналады. Бұл «Қара жұмаға» байланыс­ты дейді сарапшылар. «Black-Friday.Global» компаниясы 2018 жылғы акцияға жасаған сараптамасында Қазақстандағы сатылымның қалыпты күнмен салыстырғанда 1604 процентке өскенін анықтаған. Мұндай көрсеткіш Канада (1886%), Ұлыбритания (1708%), Ресей (527%), Бразилия (819%), Австрия (3000%) елдерінде байқалыпты. «Форбс» журналының жазуынша, Қазақстандағы «Қара жұмада» орташа жеңілдік төмендеп барады. Нақтыласақ, 2017 жылы орташа жеңілдік көлемі 56 процент болса, 2018 жылы 51 процент болған. Статистика қазақстандықтардың дәл осы акция кезінде орта есеппен 2,5 зат сатып алатынын көрсетіп отыр. Көп жағдайда киім, тұрмыстық техника, аяқкиім, тұрмыстық заттар, косметика және парфюмерияға таңдау жасайды. Ал әлемдік тенденцияда «Қара жұмада» ең көп сатып алынатын тауарлардың көшін киім мен аяқкиім бастап тұр. Бразилия, Швейцария, Үндістан, Малайзия мен Румынияда электроникаға сұраныс басым екен. Нигерия тұрғындары болса, бірінші кезекте тұрмыстық техниканы сатып алады.
Әлемдік деңгейде алып қарағанда, «Қара жұмада» сату көрсеткіші жыл сайын көбейе түскен. Мысалы, талдау жүргізілген 55 елдің әрқайсында онлайн-транзакция әдеттегі күнмен салыстырғанда едәуір өскен. Грекияда қолданушылар әдеттегіден 2600 процент артық сауда жасаған, ал оңтүстік африкалық пайдаланушылар басқа күндерге қарағанда 2571%-ке көп сауда жасаған. «Қара жұма» күндері сатылымға Пәкістан сияқты қызығушылық танытқан бірде-бір ел болмапты. Бұл елдің тұрғындары онлайн сатып алуда белсенді болғаны сондай жылдың әдеттегі күнінен 11,525 процент жоғары сауда жасаған.Міне, осындай көрсеткіштер қараша айының жылдық айналымдағы үлесін 20 процентке жоғары етіп отыр. Ұлыбритания, Грекия мен Оңтүстік Африка республикасындағы интернет арқылы жасалған әр үшінші транзакция қарашаға тиесілі екен.
Керекті, керексізді сатып алуға асығатын қазақстандықтарда сауда жасауға сәтті деп «Қара жұманы» белгілеп қойған. Тұтынушылардың есін шығаратын сол баяғы 90 процентке дейінгі жеңілдік. Қалай десек те, халық үшін тиімді баға, сапалы тауар маңызды. Тек дүниеге қызығамын деп қалтаңыз қағылып, қарызға батпасаңыз болғаны. Себебі ертең де күн бар.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
12 желтоқсан 2022 ж. 281 0