КЕҢЕСТЕ КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Шиелі аудандық ардагерлер үйінде «Қоғамдық кеңес мүшелерінің қоғамдағы рөлі мен қызметінің тиімділігін арттыру» бойынша қоғамдық кеңес мүшелеріне арналған көшпелі оқыту семинары өтті.
Келелі жиынға қоғамдық кеңес төрағасы мен мүшелері қатысты. Күн тәртібіне қойылған мәселелер бойынша аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаровтың, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Д.Жакеевтің, Бәйгеқұм ауылдық округінің әкімі Д.Абжапбаровтың хабарламалары тыңдалды.
Отырыс барысында аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаров аудандық мәслихаттың 2018 жылғы 20 наурыздағы «Шиелі ауданының мәслихат аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемлекеттік тіркеуіне жатпауына байланысты күші жойылғандығын айтты.
Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Д.Жакеев өз сөзінде ҚР Бюджет кодексінің 109-бабының 1-тармағына сәйкес аудандық бюджетке өзгерістер енгізіліп жатқандығын хабарлады. Ағымдағы жылдың соңына дейін игерілмейтін 102 млн 765 мың теңге шегерілу үстінде. Бұл көрсетілген сома құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінен, күрделі жөндеу мен ауыз су құбырларын жүргізуден, көпір мен жол салудан, абаттандырудан, көше жарығын орнатудан үнемделіп, мақсатты түрде тиісті жерлерге жұмсалмақ. Атап айтар болсақ, атаулы әлеуметтік төлемге 2 млн 889 мың теңге бөлінетін болса, 2 млн 40 мың теңге дене шынықтыру және спорт бөліміне, 28 млн 960 мың теңге құрылыс және сәулет бөліміне, ал мәдениет және тілдерді дамытуға 4 млн 328 мың теңге және басқа да қаржы тиісті бағытта жұмсалмақ.
Ал Бәйгеқұм ауылдық округінің әкімі Д.Абжапаров облыстың бас ақыны М.Тұрсановтың 85 жылдығы ауылда атап өтілетіндігін тілге тиек етті. Соған сәйкес ақынды ауыл жастарына үлгі ретінде танытушы үшін суретін бильбордқа қоюға ұсынысын білдірді. Тиісінше бұл ой кезекті қоғамдық кеңес отырысында толығымен мақұлданды.